БАӘ-нің Дубай қаласында теннисшілердің тағы бір ірі додасы басталды. Жүлде қоры 3 211 715 долларды құраған турнирде Елена Рыбакина бақ сынап жатыр.
Алғашқы айналымда бос болған отандасымыз екінші кезеңде Виктория Азаренкомен шеберлік байқасты. 34 жастағы Беларусьтің беткеұстары кезінде Аустралияның ашық біріншілігінде екі мәрте бас жүлдені олжалап, US open додасында үш рет финалға шықты. Уимблдон мен Ролан Гарростың жартылай финалында ойнады. Токио Олимпиадасының жекелеген сайысында қола алса, миксте алтыннан алқа тақты. Дәуірі жүріп тұрған шағында Азаренко әлемдік рейтингте көш бастады. Қазіргі кезде ол – WTA тізімінде 27-орында. Бұл бәсеке соңына дейін жетпеді. Екінші сеттен кейін таразы басы теңселіп тұрды – 4:6, 6:2. Бірақ ескі жарақатының сыр бергенін желеу еткен Виктория үзілістен кейін жарысты одан әрі жалғастырудан бас тартты.
Келесі кезеңде Елена Рыбакина WTA рейтингінде 53-орында тұрған Польша теннисшісі Магдалена Френхпен күш сынасады.