Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалдық сайыстарының кезекті ойындары Италияның Милан және Нидерландтың Эйндховен қалаларында өтті.
Апеннин түбегінде Миланның «Интері» мен Мадридтің «Атлетикосы» ұзақ уақыт бойы бір-бірінің қақпа кілтін таба алмай, әбден әбігерге түсті. Басымдық алаң иелері жағында болды. Олар допқа көбірек иелік етіп, қарсыластарының мысын баспақшы болды. Бірақ Диего Симионенің командасы әдеттегідей қорғанысқа көп көңіл бөліп, италиялық клубтың ойыншыларын өз айып алаңдарына жолатпауға тырысты. Әр қауіптің бетін қайтарған кезде қарымта шабуылға да жүгінді. Десек те «Аңдыған жау алмай қоймайды» демекші, уақыт оза «Интер» көздеген мақсатына қол жеткізді. 79-минутта Лаутаро Мартинестің бағыттаған добын қақпашы Ян Облак кері қайтарғанымен, лезде сол жерден табыла қойған Марко Арнаутович нысананы дәл көздеді – 1:0. Бұл есеп матчтың соңына дейін сақталды.
Нидерландта өткен кездесуде қонақтар алғашқы болып есеп ашты. 24-минутта «Боруссияның» шабуылшысы Дониелл Мален мергендік танытты. Үзілістен кейін «Эйндховеннің» капитаны Люк де Йонг 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ – 1:1.