«Ашық НҚА» порталында жарияланған Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының жобасы Президент қойған мақсатқа сәйкес келмейді». «Парасат» кәсіпкерлер альянсы, «Байтақ» және «Қазақстан халық партиясы» өкілдері осылай дейді. Құрамына Сенат пен Мәжілістің 15 депутаты кіретін альянс үйлестіру кеңесі өкілдері жоспардың баламалы нұсқасының тұжырымдамасын ұсынды.
«Ұлт жоспарында мемлекет көтерген мәселелердің шешімі жоқ. Мәселен, қуатты индустриялық база құру және экономиканы еселеу. Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнда жаңа экономикалық бағытты айтып отыр. Өкінішке қарай, біз оны жоспардан көре алмадық. Бизнес пен Үкіметтің өзара әрекеттесуі сияқты мәселелер де нақты көрсетілмеген. Жоспардың өзі осы айдың 5-і күні ғана талқылауға шықты. Ол 19 ақпанға дейін жалғасты. Бұл – тым қысқа уақыт. Тағы бір уәж, құжат қоғам мен бизнестің қатысуынсыз әзірленді. Сөйтіп, маңызды құжатты дайындау ісінде әлі де ескі тәсілдер жалғасып жатыр», дейді «Парасат» кәсіпкерлер альянсы басқарма төрағасы және «Қазхимөнеркәсіп» АҚ төрағасы Олег Пак.
Айтуынша, елдегі ресурстарға негізделген экономика мәселесін шешу де жоспарда қарастырылмаған. Шикізат экспортын екі есе ұлғайту арқылы экономиканы еселеп көтеру мүмкін емес. Сондықтан мұны «экспортқа бағытталған, қосылған құны жоғары өнім өндіру» арқылы жүзеге асыру керек дейді. Жиында Үйлестіру кеңесінің мүшелері даму жоспарының өздері дайындаған нұсқасын қабылдап, Үкіметке ұсынуға уәде берді.
«Транспарент тариф» қауымдастығының төрағасы Петр Своик биыл елімізде нақты ұлттық және инфрақұрылымдық жоспардың жоқтығын, ал бұрынғы Үкімет әзірлеген жобалар пакеті күшін жойғанын айтты. Ол жаңа ұлттық жоспарды «студенттік эссе» деп атады. Сарапшы Мемлекет басшысының ел жағдайын жақсартуда «көптеген дұрыс ойлар айтқанын» тәптіштеді. Мәселен, кедейлік тұзағы, әлеуметтік-экономикалық реформалар және экономиканың олигополияға емес, халыққа бағытталғаны туралы ұсыныс-ойларын жеткізді.
Баламалы жоспар жобасын «Байтақ» жасылдар партиясы да қолдады. Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев ұлттық жоспарда осыдан бір жыл бұрын қабылданған еліміздің 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына басымдық беруді ұсынды.