Кеше бірінші оқылымда «Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң жобасы қабылданды. Бұл маңызды құжат бойынша біз Мемлекет басшысының тапсырмасымен біраз уақыт мемлекеттік органдар, депутаттар және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен тыңғылықты жұмыс жүргіздік.
Жыл басында Мемлекет басшысы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің ең маңызды қағидатын – қоғамда осы зұлымдыққа мүлдем төзбеушілікті дамытуды атап көрсеткен болатын. Бұл постулаттың іске асуының түп негізі зорлық-зомбылық үшін жазаның бұлтартпастығы қағидасын қамтамасыз ететін осы заң жобасы болуға тиіс.
Осы орайда жаңа заңда кешенді ұстаным қарастырылғанын атап өткен жөн. Заң жобасы ең алдымен зорлық-зомбылықтың алдын алуға, әрбір ауданда Отбасын қолдау орталықтарын, Балаларға психологиялық қолдау көрсету орталықтарын ашуға, қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға көмек көрсетуді ұйымдастыру құзыреттілігін бекітуге, агрессормен психологиялық жұмыс жүргізуге (Қылмыстық кодекске арнайы талаптар институтын енгізу аясында), зорлық-зомбылыққа, буллингке тап болған балаларға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу құзыреттілігін бекітуге бағытталған.
Екіншіден, жобада зорлық-зомбылықты криминализациялау, балаларға қарсы қылмыстар: азаптау (баптың жаңа редакциясы), денсаулыққа ауыр, орташа ауырлықтағы зиян келтіру, кәмелетке толмаған адамды ұрлау және заңсыз қамау үшін жазаны қатаңдату, бала зорлағаны үшін тек өмір бойына бас бостандығынан айыру, «Балаға сексуалдық сипаттағы тиісу» бабын енгізу, балаға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстарды тергеу кезінде күдіктіні қамауда ұстау, балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды (жергілікті өзін өзі басқару, лагерьлер) лицензиялауды енгізу, баланы автобустан күштеп түсіргені үшін, буллинг үшін жауапкершілік және т.с.с. проблемалар көзделген.
Қазіргі таңда елімізде үш миллионға жуық отбасы әлеуметтік көмекке мұқтаж. Ал балалардың болашағы отбасының әл-ауқатымен тікелей байланысты. Сол себепті бұл функцияны әлеуметтік қорғау саласына бекіту және аудандарда Отбасын қолдау орталықтарын құрудың маңызы ерекше. Мұндай орталықтар өз кезегінде әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейтуге септігін тигізеді.
Елімізде ерекше қажеттіліктері бар 104 мың бала бар. Жалпы, балалардың 47 пайызы ауылда тұрады. Сондықтан ерекше және ауылда тұратын балаларға арналған инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Мысалы, интернаттардың жартысы жөндеуді қажет етеді. Мемлекеттік 120 лагерь бар, олардың да жағдайы мәз емес. Жаңа заң жобасы осындай қадау-қадау мәселелерді шешуге септігін тигізеді деп сенеміз.
Динара ЗӘКИЕВА,
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл