Әйел мен балалардың құқығын қорғау – қоғамдық мәні зор мәселе. Сол себепті бұл сұрақты Президент ерекше бақылауына алып, әр Жолдауында тұрақты көтеріп келеді.
Қоғамды балаларға қарсы ауыр қылмыстар мен зорлау мәселесі ерекше алаңдатып отырғанын білеміз. Сондықтан Президент мұндай қылмыстар үшін жазаны қатаңдатып, зорлықшыны барынша оқшау ұстауды тапсырды. Енді жаңа заң бойынша педофильдер түрмеден ешқашан шыға алмайды. Сондай-ақ өтелмеген жаза мерзімі қысқартылмайды немесе жазаның жұмсақтау түрімен ауыстырылмайды. Педофильдер рақымшылық ала алмайды. Оған қоса, енді балаларға қарсы жасалған аяусыз, ауыр қылмыстар бойынша бітімгершілік қарастырылмайды.
Келесі аса өзекті мәселенің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Статистикаға жүгінсек, көбіне әйелдер мен балалар зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды. Елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жүздеген азамат көз жұмады. Бұл мәселе де Президенттің бақылауында тұр.
Ұрып-соғу мен денсаулығына жеңіл түрде зиян келтіру қылмыс түрі Әкімшіліктен Қылмыстық кодекске ауыстырылды. Ұрып-соғу фактілері бойынша, тіпті жеңіл түрі болса да қылмыскер Қылмыстық кодекспен жазаланады. Сондай-ақ азаптау бойынша жаңа бап қолданысқа еніп, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Amanat» партиясы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігіне кепілдікті күшейте түсетін түзетуді қысқа мерзімде енгізу қажеттігін әркез қолдады. Фракция депутаттары сессияның алғашқы күнінен бастап осы мәселені Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен жүйелі пысықтап, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Мәжіліс фракциясының отырыстарында жан-жақты қарастырды.
Әлемнің осы тектес заңнамаларын салыстырып қарайтын болсақ, Қазақстан қабылдап отырған бұл заң – халықаралық тәжірибеде, ТМД елдері ішіндегі ең қатаңдарының бірі. Заң жобасын кешенді, жүйелі, тиімді әрі толыққанды пысықталған заң деп айтуға толық негіз бар. Заң жобасын қабылдау арқылы біз әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнаманы қатаңдатуды көздейтін түзетулер енгізу циклін аяқтаймыз.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,
Мәжіліс депутаты