26 ақпан мен 3 наурыз аралығында Тайпейде мәнерлеп сырғанаудан жастар арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейді. Бұл жарыстың жекелеген сайысында Қазақстанның екі өрені өнер көрсетеді. Олар – Олег Мельников пен Екатерина Балюба.
1976 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан жарыста Қазақстан құрамасы командасының мүшелері тек бір рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ондай бақ Михаил Шадоровқа бұйырды. Алматының тумасы 2022 жылы Эстонияның астанасы Таллинде өткен байрақты бәсекеде күміс медальды олжалады.
Өзгелерді айтпағанда, Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаеваға да жастардың әлем біріншілігінде жүлде алу бақыты бұйырған жоқ. Мәселен, Тен жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы бәсекелерге бес мәрте қатысты. Ең үздік көрсеткіші – 4-орын. 2015 жылы Элизабет Тұрсынбаева 4-орыннан аса алмады.
Есесіне ересектер дуына еркін қосылған қос жерлесіміз өздерінің асқан шеберлігімен жаһан жанкүйерлерін тәнті етті. Денис Тен 2014 жылы Сочи Олимпиадасында күміс алса, 2013 жылы Лондон және 2015 жылы Шанхайдағы әлем чемпионаттарында екінші және үшінші орындарды иеленді. Дүниежүзілік Универсиада, Азия ойындары және Төрт құрлық біріншіліктерін ұтты. Кім білсін, егер 2018 жылдың шіліңгір шілдесінде жол торыған жауыздар Денисті өлтіріп кетпегенде, атағы алысқа жайылған спортшының тұғыры бүгінгіден де биік болар ма еді?!
Элизабет 2019 жылы Сайтамадағы әлем чемпионатында, Красноярскідегі Дүниежүзілік Универсиадада және Анахаймдағы Төрт құрлық біріншілігінде күміс медальды мойнында жарқыратты. Жоғарыда аталған жарыстарда Элизабеттің мұз айдындағы мың бұралған биі мен өрелі өнеріне сүйсінген төрткүл дүние жанкүйерлері құлшына қол соқты. Ең өкініштісі, ескі жарақаты жиі-жиі мазалағаннан соң, 2021 жылы нағыз кемелденген 21 жасында сұлу да сымбатты қыз үлкен спортпен түбегейлі қош айтысты.
Жастар арасындағы соңғы әлем біріншілігі 2023 жылы Канаданың Калгари қаласында өтті. Ұлдардың бәсекесінде Жапонияның жас жұлдыздары Као Миура алтын алса, Надзому Есиока қолаға қол созды. Швейцарияның туы астында өнер көрсететін тағы бір жапон жігіті Наоки Росси күміспен күптелді. Қыздардың сайысында Күншығыс елінен келген Мао Симада бас жүлдені олжаласа, Ами Накай үздік үштікті түйіндеді. Оңтүстік Кореяның өкілі Син Джиа күміс медальды мойнына ілді. Жұптық жарыста америкалық София Барам мен Дэниел Тюменцев топ жарса, спорттық биде чехиялық Катержина Мразкова мен Даниэль Мразектің мерейі үстем болды.
Үйеңкі жапырақтар елінде Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушылары арасынан Диас Жиренбаев пен Рахат Бралин қысқа бағдарламада тәуір сырғанап, финалдық кезеңге өтті. Бірақ шешуші тұста олар кеңінен көсіле алмай, қалың топтың арасында қалып қойды. Қос жаттығудың қорытындысы бойынша Диас 16-орынға тұрақтаса, Рахат 20-сатыға жайғасты. Ал Олег Мельников пен Анна Левковец 35-орынды қанағат тұтты.
Тайпейдегі біріншілікте екі отандасымыздың бақ сынайтынын жоғарыда айттық. 18 жастағы Олег Мельников 2022 жылы Түркияда өткен Босфор кубогінде үшінші орынды иеленді. Бұл – оның халықаралық жарыстардағы оның ең үздік нәтижесі. Сонымен қатар Мельников былтыр Калагаридегі бәсекеде бақ сынап, сол сапардан біраз тәжірибе жинап қайтқан. 14 жастағы Екатерина Балюба үшін бұл – алғашқы дүбірлі дода. Ол елішілік жарыстарда жүлде алып, Мажарстандағы «Jegvirag Cup» турнирінде үздік үштіктің қатарынан көрінді.