Жеріміздің 5 пайызға жуық аумағында орман бар. Оның ауқымы 31 млн гектарға таяу. Ал бізде жылда орман өрті болады. Естеріңізде болса, былтыр 500-дей өрт найзағай салдарынан тұтанды. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өткен жылы жалпы ауданы 116,8 мың гектарға жететін 810 орман өрті тіркелген. Көңілді күпті қылған осы мәселені «Қалай шешеміз?» деген сұрақ жиі мазалайды. Дегенмен дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, бұл жерде ешқандай «қытай қорғаны» жоқ. Министрлік қызыл жалынды дәл уақытында анықтап, құрықтау үшін жасанды интеллект көмегіне жүгінуге бел байлады. Енді орман өртін жасанды интеллект анықтайды.
Былтыр 8 маусымда ең ауқымды «Семей орманы» өртенді. Бұл алапат өрт бір айға жуық сөндіріліп, 15 адамның өмірін қиды. 60 мың га орманның күлі ғана қалды. Тергеу амалдары барысында Семейдегі ірі өртке найзағайдың себеп болғандығы айтылды. Ал оны анықтайтын камералардың бірі сөндірулі тұрған. Құрылғының аккумуляторын ауыстыру жұмыстары жүргізілгенде жұмысшылар оны қосуды ұмытып кеткен. Мәселенің ұшы қайда жатыр...
Мәселе бар жерде, шешім де болмақ. Бұл түйткіл шешілу үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2023-2027 жылдарға арналған азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспарын әзірледі. Құжатта көрсетілгенді жүзеге асыру үшін 68,6 млрд теңге қаражат бөлінуі керек. Бұл сомаға 1 мың 82 бірлік арнайы көлік құралдары, өртке қарсы және орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған 948 техника, өртті ерте анықтау жүйесін орнату және өрт бақылау мұнарасын салу кіреді. Оның сыртында жасыл алқаптарды сақтау мақсатында жасанды интеллектіні де пайдалану күн тәртібіндегі мәселеге еніп отыр.
2024 жылғы 12 ақпанда Мәжілістегі Үкімет сағатында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізу туралы айтқан еді. Орман шаруашылығында цифрландыруды енгізу арқылы орман өрттерін ерте анықтау жобасы іске қосылмақ. Оны Президент жанындағы цифрландыру жөніндегі комиссия мақұлдады.
Министрдің сөзіне сенсек, арнайы бейнебақылау камералары өрттер радиусын 30 км-ге дейінгі аралықта анықтайды. Өткен жылы бұл жүйе «Ертіс орманы» қорығы мен «Көкшетау», «Бурабай» ұлттық, «Медеу» табиғи паркіне енгізілген. Осылардың ішінде «Бурабай» ұлттық паркіне енгізілген жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Мысалы, бұрын орман өрттерінің орташа ауданы 80 га болса, жүйе енгізілгеннен кейін ол 1,5 га дейін қысқарған. ЭЫДҰ басшысының ақпараты бойынша, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының орман мекемелерінде әзірге пысықтауды қажет ететін бейнебақылау жүйесі ғана орнатылған.
– Жасанды интеллектіні пайдалана отырып, бағдарламалық қамтамасыз етуге тиісті техникалық тапсырма әзірленді. Жоба шеңберінде өрттерді ерте анықтау және тез шешім қабылдау, әртүрлі көзден деректерді топтастыру арқылы елдің орман алқаптарының аумағында мониторинг жүргізудің бірыңғай ахуалдық орталығын құру жоспарланып отыр, – деген еді Ерлан Нысанбаев.
Орнатылып жатқан жүйе қалай жұмыс істейді? «Thomson Reuters» медиасының зерттеуінше, өртті азайтудың тиімді технологияларының бірі – жасанды интеллект. Яғни өртті болдырмаудың бірден-бір амалы – оның алдын алу. Жасанды интеллект болмаса, бақылаушылар барлық орманды күндіз-түні кірпік қақпай аңдып отыруы керек. Бұл – салыстырмалы түрде мүмкін емес дүние. Қателік кетіп қалу, маңызды белгілерді жіберіп алу ықтималдылығы жоғары. Ал жасанды интеллектіге негізделген камералар күн-түн демей бәрін бақылай алады. Егер орманда шоқ, ұшқын пайда болып, түтін шықса, дереу дабыл қағады. Бұл технологияны кез келген жерге орнатуға болады. Тіпті қылмыстың алдын алу үшін де пайдалану тиімді.
– 5-6 жыл бұрын от тұтанған жерді анықтау үшін ол жаққа тұтас бөлімді жіберу қажет болатын. Бұған авиацияны жұмылдыру керек. Енді мұны камераны басқару арқылы бақылап отыруға болады. Жасанды интеллектінің мүмкіндігі мол. Бұдан былай оған қиял-ғажайып ретінде ғана қарауға болмайды. Кейінгі жылдары климат қатты өзгеріп, табиғи апаттар жиілеп кетті. Жасанды интеллектінің игілігін пайдалана білгеніміз абзал, – дейді геология және геофизика профессоры Нил Дрисколи.
Цифрлық технологияларды қолданып, өрттің алдын алу мақсатында дамыған мемлекеттер біршама зерттеу жүргізіп, жобалар жасаған. Өзінің тиімділігін көрсеткен біршама тәсіл мен тәжірибемен бөлісуді жөн көрдік. АҚШ-тың білікті мамандары «Atlas of Potential Control Locations» жүйесін жасап шыққан. Ол – машиналық оқыту негізінде жұмыс істейтін әлеуеттік бақылау картасы. Өрт болуы мүмкін аумақтан жолға дейінгі қашықтық, жер бедерінің ерекшелігі, жердегі жанғыш материалдардың болуы, сол аймақтағы басқа да өрт шығаратын себептер сияқты деректерді талдайды. Содан кейін өрт шыға қалған жағдайда қай жағынан, қалай өшіру тиімді екенін және қанша құрылғы, күш қажет екенін анықтайды. Ескере кететін дүние, мамандар бұл технологияны өрт сөндіру бөлімдері мен жергілікті тұрғындарға қолжетімді түрде өрт маусымы басталар алдында сақадай-сай қылып дайындап қояды.
Өрттің алдын алу амалдары туралы айтылды. Ал алда-жалда өрт шығып, қызыл жалын дес бермеген жағдайда не істеу қажет? Бұл тұрғыда мамандар «FireNet» шешімін ұсынады. Оны жасанды интеллект көмегімен орман өрттерін анықтайтын «Сrowdai» америкалық компаниясы жасады. Алғаш 2019 жылы таныстырылған. Жүйе ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жүзеге асады. Өрт болып жатқан аумақтан алынған орман өрттерінің бейнежазбаларының кадрларында оқытылды. Дрондар дала өрттерінің үстінен ұшып, жоғары кадр жиілігінде (секундына 20-ға дейін) бейне жазады. Алгоритмдер жазбаларды нақты уақыт режімінде өңдейді және дронның орналасқан жері бойынша жану орындарын анықтайды. Өртті анықтау дәлдігі 92 пайызды құрайды. Өртті тез өшіріп, өршітіп алмауға көмектесетін құралдар басқа елдерде де әзірленген. Мысалы, 2019 жылы Оңтүстік Кореядағы Хонгик университетінің қызметкері Джэ Сын Ли студенттерімен бірге өрт ошақтарының пайда болуын және сөндірудің ерекшеліктерін 90 пайыз дәлдікпен болжай алатын алгоритм жасады. Технология спутниктік кескіндер және «Azure Machine Learning» машиналық оқыту алгоритмінің негізінде жасалған. Оның көмегімен қызыл жалын кезінде өрт сөндірушілер ұтымды жоспар құра алады. Яғни бригадаларды қайта топтастырып, оларды қажетті жерге бағыттайды. Бұл қызмет қоңырауларға тезірек жауап беру мен өрттің ықтимал зақымдануын азайтуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектінің жалыннан қызғыштай қорғайтыны жақсы-ақ. Дегенмен компьютерлік жүйелер мінсіз жұмыс істемейтінін де ескеру керек. Сол үшін маман мен жасанды сана бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бұл жүйелердің барлығы дерлік өрт сөндірушілерге көмектесу мақсатында құрылған.
Алдымызда цифрлық технологияларды еліміздің дамуы мен қауіпсіздігі үшін мейлінше пайдалану міндеті тұр. Оны Мемлекет басшысы да айтты. Тіпті жасанды интеллект жүйесін құруға өзі жетекшілік ететінін де жеткізді. Бұл туралы «Елімізде жасанды интеллект жүйесін құру – өз алдына бөлек әрі өте маңызды мәселе. Қазақстанның болашағы және оның халықаралық қоғамдастықтағы орны осы жұмыстың сәтті іске асуына байланысты. Сондықтан бұл бағытқа өзім жетекшілік етемін және шетелдік, отандық мамандармен кездесемін, сондай-ақ жүктелген міндеттердің орындалуын бақылауда ұстаймын», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Орман өрттерін дәл уақытында анықтап, құрықтау үшін жасанды интеллект көмегіне жүгіну жұмыстары біздің елде бір жүйеге түскені қуантарлық жайт. Мұндай тәжірибе жоғарыда айтқанымыздай, бұрын да болған. Жеріміздің 5 пайызға жуық аумағында ғана орман барын ескерсек, жасанды интеллект жүйесін барлық алқапқа енгізуге болады. Мұның қаржылық жағы мен өзге де әлеуеті – өз алдына бөлек әңгіме.