Аңқау петропавлдық өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырып, сөзіне сендірген алаяқтың «ақшаңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз, әйтпесе қапыда қаласыз» дегеніне көніп, 5 миллион теңгесін аударып жіберген. Өкініштісі, мұндай алаяқтарды анықтау оңай емес. Ұзақ уақыт маңдай термен жинаған дүниесінен бір-ақ сәтте айырылған жәбірленушінің де жағдайы мәз емес.
Петропавл полицейлері интернет алаяқтықтың көбеюіне жол бермес үшін түрлі шара жасап жүр. Қалалық полиция басқармасының бірінші бөлімінің қызметкерлері сауда үйлерінде жадынамалар таратып, адамдарды алдап-арбаудың негізгі схемаларын көрсетіп, олардан қалай сақтануды түсіндіріп келеді.
Алаяқтар да кейінгі кездері белсенді «жұмыс істеп» жатыр. Тек жыл басынан бері бірінші полиция бөлімінің аумағында ғана желілік алаяқтықтың 30 фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Қылмыскерлер «банктен қоңырау шалу», өзін «полиция қызметкерімін» деп таныстыру сияқты схемаларды жиі қолданады. Кейінгі кездері «ұялы байланыс операторы» болып қоңырау соғу «сценарийі» пайда болды. Олардың барлығы адамдарды үрейлендіріп, үлкен несие алуға көндіруге және ақшаны белгілі бір «қауіпсіз шотқа» аударуға – іс жүзінде алаяқтардың қолына түсіруге бағытталған. Жоғарыда айтқан петропавлдық дәл осы схемадан зардап шеккен.
«Егер біреу сіздің шотыңызға қауіп төніп тұр, ұялы байланыс нөмірі өшірілуі мүмкін немесе мүлікке тыйым салынады деп қорқытатын болса, асығыс шешім қабылдамаңыз. Хабарланған ақпаратты ресми арналар арқылы қайта тексеріңіз. Қоңырау шалушыдан оның қалалық нөмірін сұрап, ақпаратты ұйымның ресми телефоны арқылы хабарласып тексеруге болады. Алаяқтар қалалық нөмір бермейді. Күдіктінің қоңырауын алған соң, сөйлесуді дереу тоқтатып, «102» арнасына қоңырау шалыңыз», дейді бірінші полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Тілеген Әлжанов.
«Сонымен қатар қандай жағдай болмасын нөмірлерді, PIN-кодтарды және банк карталардың CVV-кодтарын, SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге бермеңіз. Үшінші тұлғалардың қысымымен телефондарға қашықтан қатынауға мүмкіндік беретін «AnyDesk», «TeamViewer» және басқа осы сияқты бағдарламаларды орнатпаңыз, – дейді маман. – Себебі бұл бағдарламалар алаяқтарға азаматтардың құрылғысын басқаруға және оның атынан операция- лар жасауға мүмкіндік береді».
Алаяқтар байланысқа шыққанда қырағылық танытып жүрген адамдар да бар. Облыстың бір тұрғыны полицияға келіп, қайын атасын алаяқтардың арбауынан қалай құтқарғанын айтып берген. «Қайын атаммен бір шаруалар бойынша кездесуге келіскен едік. Уәделескен жерге келсем ол телефон арқылы әлдебіреумен емен-жарқын сөйлесіп отыр екен. Тұтқаның ар жағындағы ер адам күдік туғызатын ұсыныстар айтып жатты. Қайын атам: «Міне шықтым, сәлден соң келемін. Терминал «Dostyq mall» сауда-саттық орталығында ма? Қазір жетемін», деген сөздерді жедел айтып, маған сол орталыққа жеткізуді өтінді. Менің «Ол кім?» деген сұрағыма: «Мен полицияға алаяқты ұстауға көмектесіп жатырмын. Қазір ақша аударамын, кейін оны бірден Астанада қолға түсіреді», деп мәз болып тұр. Сөйтсем, оның телефонына әлдебіреулер хабарласып, «Астана қаласының полиция департаментіненбіз» деген екен. Банктегі есепшотына алаяқтар қол жеткізгенін, егер қайын атам несие алса, алаяқты ұстауға болатынын айтқан. Мен: «Бұл – алаяқтар! Сақ болыңыз. Әңгімені доғарып, тұтқаны қоя салыңыз», десем, қайын атам тыңдайтын емес. Егер менімен кездеспегенде, несие алып, алаяқтардың қармағына түсейін деп тұр», дейді ол.
«Қайын атамның қолынан телефонын зорға алып, әлгімен сыпайы сөйлесе бастадым. «Есіміңіз, шеніңіз және қалалық жұмыс телефоныңызды айтыңызшы», деген едім, ар жақтағы жас жігіт бастырмалатып: «Ол не үшін керек? Оны қайтесіз?» деген сұрақтарын жаудырды. Мен де қалысатын емеспін. «Сендерді тексеру үшін», деп едім, жарқын шыққан дауыс бірден өшіп, тұтқаны қоя салды. Қайын атама алаяқтардың іс-әрекеттерінің қандай болатынын айтып беріп, оған хабарласқан нөмірді қайта теруді ұсындым. «Нөмір біздің жүйемізде тіркелмеген» деген дауысты естігеннен кейін ғана ол кісі өзін алаяқтардың алдап соқпақ болғанына көзі жетті», дейді жігіт.
Өкінішке қарай, мұндай мысалдар көп. Сондықтан «банктің қауіпсіздік қызметіненбіз», «байланыс операторымын», «полициядан қылмыстық іске қатысты хабарласып тұрмын» деген қоңырауларға сенбеген жөн. Облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі Игорь Мерцалов: «Естеріңізде болсын, полиция қызметкерлері телефон арқылы жедел әрекеттер жүргізбейді. Адамдардан тек арнайы шақырту қағазын жіберген соң жауап алуға құқылы. Қаржылық операциялармен байланысты кез келген ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексеріп алған жөн», дейді.
ПЕТРОПАВЛ