• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Ақпан, 2024

Масылдық синдромы

287 рет
көрсетілді

«Еңбектің наны тәтті» дейді дана қазақ. Егер адам маңдай терін төгіп, еңбектеніп, адал дүние тапса, оның өзіне де, өзгеге де берекесі болады. Ал тегін келген дүниенің қадірі бола бермейтіні – өмірдің өзі дәлелдеген шындық. Гиппократ: «Тегін емдеме. Өйткені тегін емделген адам денсаулығының қадірін білмейді, тегін емдеген дәрігер жұмысының қадірін білмейді», деген екен.

Бұл мақаламызда біз жалқаулықтың, жатыпішерліктің, сондай-ақ тегін келген дүниенің соңы адамды қандай жағдайға апарып соқтыруы мүмкін екенін көрсететін бір оқиғамен бөліспекпіз. Бұл – өткен ғасырдың орта шамасында мұхиттың арғы бетіндегі Америкада бол­ған жағдай.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ билігінің алдында тұрған кезек күттірмес мәселенің бірі – халықты бас­панамен қамту. Соғыстан елдің бір қылы қисаймай шыққанымен, халқының бір бөлігі, әсіресе оңтүстік штаттардағы қара нәсілді тұрғындар арасында үйсіз-күйсіз жүргендер көп еді. Әлемнің маңдайалды мемлекетінде мұндай проблеманың бо­луын ұят санаған кейбір штаттардың билігі халықты баспанамен қамтудың «радикалды» әдісіне көшеді. Қарапайым тілмен айтқанда, тұрғындарға тегін үй беруді ойластыра бастаған еді. Осылайша, «Пруитт-Айгоу» деп аталатын әйгілі жоба өмірге келген.

Бұл жоба Миссури штатында қолға алынды. Соғыстан кейін елдің оңтүс­ті­гі­нен индустриалды солтүстікке ағылған қарақұрым халық штат орталығы – Сент-Лиус қаласының маңына көп­теп шоғырланып, құмырсқадай құжы­на­ған геттоларда тұрып жатты. Бұл гет­то­лардың ішін бұзақылық, қылмыс, на­шақорлық, маскүнемдік жайлайтыны белгілі. Санитарлық талаптар сақталмаған, тәртіптен жұрдай аудан­дар­дың криминогендік ахуалы да сын кө­тер­мейтін. Тез арада шешім қабыл­да­ма­са болмайтын еді.

Соны ескерген штат билігі 1949 жылы «Әрбір тұрғынға лайықты баспана» деген бағдарлама жариялайды. Бұл қазіргі біздің «қолжетімді баспанамызға» ұқсас құжат болатын. Бір айырмашылығы – толық тегін. Олар «Егер үйсіз-күйсіз жүрген адамдардың бәріне тегін үй үлестіріп, баспана мәселесін шешіп берсек, әрі қарай өздері-ақ адам болып кетеді. Сөйтіп, кедейліктен де біржолата құтылып, әлем алдында беделіміз артады», деп ойлады.

Содан 50-жылдардың басында өрісті ой іске асып, жапондық сәулетші Ямасакидің жобасымен Сент-Луис қаласының ортасынан қаңғыбастарға арналған тұрғын үй алабын салу қолға алынды. Тұрғындар сарыла да сарғая күткен алап 1954 жылы салынып бітті. Көпқабатты 33 үйден тұратын заманауи ауданға Екінші дүниежүзілік соғыста батырлығымен көзге түскен қара нәсілді О.Пруитт пен Миссури штатының сенаторы У.Айгоудың фамилияларынан құралған «Пруитт-Айгоу» атауы берілді.

Обалы не керек, Ямасакидің жобасымен тұрғызылған кешен шынымен-ақ тартымды да жанға жайлы жер болатын. Көпқабатты үйлердің айналасына демалуға арналған кішігірім саябақтар салынды. Үйлердің бірінші қабаттарынан дүкен, қойма, велосипед сақтайтын бөлме секілді тұрғындарға қажетті қосал­қы орындар ашылды. Бір сөзбен айтқан­да, заманауи қажеттіліктердің бәрі де ойлас­ты­рылған еді.

Бұл жерден баспана алу үшін бір ғана талап қойылды: сен үйің де, күйің де жоқ көше кезген қаңғыбас немесе тақыр кедей екеніңді дәлелдеуің керек. Мұны естіген тұрғылықты жері жоқ адамдардың бәрі Пруитт-Айгоуға қарай ағылды. Көше кезгендердің арасында жібі түзу адам бар ма? Бұлардың едәуір бөлігін нашақорлар, маскүнемдер, бұзақы, қарақшылар құрайтыны белгілі. Бірақ штат билігінің идеясы да негізінен бейкүнә ниеттен туындағаны рас қой. Ең құрығанда үймен қамтамасыз етсек, түзеліп кетер деген ниет. Осылайша, геттоны жайлаған жұрттың бәрі бір-бір пәтер кілтін қолдарына алып шыға келді.

Алғашқыда мұны естіген мұғалім, шахтер, дәрігер секілді табысы аз тұрғындар реніштерін де білдіріпті. Олар: «Біз маңдай терімізді төгіп, күні-түні азғантай ғана айлыққа еңбектеніп жүрміз. Ол ақша бір бөлмелі пәтерді жалдауға әрең жетеді. Осы жағдайымызды көре тұрып, қоғамға түк пайдасы жоқ қаңғыбастар мен кезбелерге осынша жағдай жасағандарыңыз қай сасқандарыңыз?», деп өкпе-наздарын жасырмайды. Дегенмен «кедейлікті жоюдың жолы – тегін үлестіру» деген ұстанымға мықтап бекінген штат билігі де дегенінен қайтпайды.

Қаланың шетіндегі қараңғы қапас, кір-қожалақ геттодан айнадай жал­ты­раған, тап-таза, су жаңа пәтерлерге топ ете қалған жандар үшін өмір бір ер­те­гіге айналып кеткендей көрінген. Бірақ… иә, бірақ кедейлікпен күресте же­ңіске жеттік деп үміттенген билік өкіл­дерінің қуанышы ұзаққа созыла қоймады. Өйткені «Маңдай термен келмеген дүниенің қадірі жоқ» деген ақиқат осы кезде өзін бар болмысымен анық көрсеткен еді. Бұрынғы қаңғыбастар баспанаға қол жеткізген соң, түзеліп, адам болудың орнына өздерімен пікірлес, ниеттес, пиғылдас адамдармен бас қосқан соң одан әрі құтырып, ойларына келгенін істей бастады. Олар бұрынғы қаңғыбастық өмір салтын жаңа қоныстарына да сол қалпында алып келген еді…

Миссури билігі үміттенгендей, пруитт-айгоулықтар баспанаға қол жет­кіз­геннен кейін де жұмыс табуға асық­қан жоқ. Олар ескі әдеттеріне басып, нәпақасын ұрлық, зорлық, қарақшылық жолмен табатын «ата кәсіптерін» тас­тамады. Бірнеше күн өтпей жатып, дүкен, қоймалардың, кіреберістердің терезелері сынды. Кішігірім кикілжіңнің соңы төбелеспен аяқталып, ықпалды топтар арасындағы «атыс-шабыстар» құдайдың құтты күні тіркеліп жататын. Көпқабатты үйлердің жеделсатылары қарақшылық жолмен ақша тартып алу, қорлау мен зорлау орындарына айналып шыға келді. Бір жыл өткеннен кейін Пруитт-Айгоу тұрғындарының 5 пайызы ғана коммуналдық төлемдерді төлеп тұрыпты. Қалған 95 пайызы тегін келген баспанаға жарық пен су да тегін беріледі деп ойласа керек.

Деректерге қарағанда, бұл жерден тек бірнеше отбасы ғана жұмысқа тұрып, адам қатарына қосылған екен. Бірақ олар жағдайы күннен-күнге шиеленісіп бара жатқан Пруитт-Айгоудан бойларын аулақ салып, басқа жаққа көшіп кетеді. Уақыт өте келе, тұрғын үй алабында қылмыс пен тәртіпсіздіктің кең етек жайғаны сондай, оған енді полиция мен жедел жәрдем көліктері кіруден бас тартатын болған. Өйткені өте қауіпті еді. Бассыздық әбден мойындарына мінген тұрғындар полиция көлігін көрсе, тас лақтырып қарсы алатын. Салдарынан аудан қауіпті әрі криминалды ортаға айналып, бұған дейін штат билігі кедейлікпен күресеміз десе, енді «Пруитт-Айгоу проб­лемасымен» күресуге мәжбүр болды.

1970 жылы тұрғын үй алабы «апат аймағы» деп жарияланып, ол жердегі адамдарды біртіндеп басқа жаққа мәж­бүр­леп көшіру жұмыстары басталды. 1972 жылы 33 көпқабатты үйдің біріншісі құлатылды. Артынша 1976 жылға дейін қалған 32 үйдің бәрі жермен-жексен етіліп, шағын аудан орны тақыр жерге айналды. Миссури штатының басшылығы өз қолдарымен жасаған «проблемадан» осылайша құтылған еді...

Бұл мақалада біз Пруитт-Айгоу оқиға­­сы мен біздің еліміздегі әлеуметтік жағ­дайды салыстырудан аулақпыз. Де­генмен осы жайттан ойланған адам үлкен сабақ ала алады. Атақты бір фильмдегі профессор Преображенскийдің «Былық – дәретханада емес, адамның санасында» деген сөзі бар еді ғой. Оның мәні – өмірдегі кез келген проблеманың түп-төркіні – санадағы проблеманың салдары. Ол адамға қанша жерден жағдай жасап берсең де, үлде мен бүлдеге орасаң да, ой-санасында проблемасы бар адамның өмірі қиындықтан арылмайды. Басы былыққа толған адам айналасын да былықтырып жүреді. Сондықтан қоғамды түзеймін дейтін жан алдымен өзін тәрбиелеп алуы керек. Бұл пәлсапаның халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына да тікелей қатысы бар.

Әрине, мемлекет жағдайы мүшкіл, көпбалалы, мүгедек отбасыларға қол­ұшын созуға тиіс. Бұл – кез келген өрке­ниетті елдің өз халқы алдындағы парызы. Алайда аяқ-қолы сау, еңбек ете алатын жастағы адамдарға тегін дүние беру көп жағдайда халықты жатыпішер масыл­дық­қа ұрындырады. Керісінше, мемлекет адамдарға кәсіп қылып, өз маңдай терімен ақша табуға жағдай жасауға тиіс.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы: «Қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек», дегені белгілі.

Қазақтың «Балық берме, қармақ бер» деуі де осы мақсатты көздесе керек. Өйткені он екі мүшесі сау бола тұра, өзін де, отбасын да асырай алмай жүрген адам болса, проблема – мемлекетте емес, оның өзінде. Ол – жалқау деген сөз. Оған қанша жерден үй берсең де, жағдай жасасаң да, өз ынтасы болмаса, еңбек етпейді және тегін келген дүниенің қадірін көбіне біле бермейді. Біз Пруитт-Айгоу оқиғасын мысалға келтіре отырып, осы ойды жеткізгіміз келді.