Ақтөбе қаласында бірнеше жылдан бері жеке есепшотына заңсыз аударым жасап, мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірген бас бухгалтер сотталды, деп жазады Egemen.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
«Ақтөбе қаласының №2 соты Ақтөбе қаласының №55 мектеп-гимназиясының бас бухгалтеріне қатысты үкім шығарды. Алдын алу шаралары шеңберінде сот процесі ашық режимде жүргізілді. Сот процесіне онлайн режимде білім басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлері, оның ішінде Ақтөбе облысының 403 қалалық және аудандық мектептің директорлары, бухгалтерлері, педагогикалық құрамы қосылды. Ақтөбе қалалық мектебінің бас бухгалтері аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Ол 8 жыл бойы өзінің банктік шотына жалақы ретінде заңсыз аударымдар жасаған, нәтижесінде мемлекетке 413,8 млн теңге сомасында залал келтірілді. Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 млн теңгеден астам қаражат аударған, бұл бүкіл мектептің жылдық еңбекақы қорының 30%-ын құрайды», делінген ақпаратта.
Сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылған сотталушы 10 жыл мерзімге жауапты лауазымдық қызметті атқару құқығынан да айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.