Ақпан айының соңғы күні Италияның Бусто-Арсицио қаласында Олимпия ойындарының лицензиялары таратылатын турнирдің шымылдығы түріледі. 12 наурызға дейін созылатын жарыста Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасын қоса алғанда, барлығы 11 боксшы өнер көрсетеді.
Әзірге қоржынымызда екі жолдама ғана бар. Оны былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) пен Карина Ибрагимова (57 кг) жеңіп алды. Ал қалған лицензиялар үшін Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов
(71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг) және Айбек Оралбай (92 кг) сынды саңлақтар таласса, әйелдер сайысында Алуа Балқыбекова (50 кг), Жайна Шекербекова (54 кг), Римма Волосенко (60 кг), Наталья Богданова (66 кг) және Валентина Хальзова (75 кг) өнер көрсетеді.
Апеннин түбегіндегі айқаста Олимпия ойындарының жолдамасы әр салмақ дәрежесінде үздік шыққан төрт мықтыға беріледі. Яғни жартылай финалға дейін жеткен былғары қолғап шеберлері Парижде күш сынасу құқығына ие болады. Барлығы – 28 лицензия. Ол жоспарды ойдағыдай жүзеге асыруға біздің жуан жұдырықты жігіттеріміздің күш-жігері жетеді деп ойлаймыз. Ал сәтсіз өнер көрсеткен боксшылар мамыр айының соңында Бангкокта ұйымдастырылатын турнирге қатысады. Тай елінің бас шаһарында да біраз жолдама таратылады.
Әйелдер арасындағы жарыста әр мемлекеттен келген бұрымдылар 21 лицензия үшін сайысқа түседі. «Оларға тиесілі жолдамалар саны неліктен жігіттерден кем» деген сауал туындаса, оған айтар жауабымыз дайын. Өйткені Париж Олимпиадасында ерлер жеті салмақта жұдырықтасса, қыздар алты салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.