• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Таным 25 Ақпан, 2024

Сегіз қырлы, бір сырлы...

265 рет
көрсетілді

Әдетте бір басында бірнеше өнер тоғысқан жандарды «сегіз қырлы, бір сырлы» деп жатамыз. Бірақ ол қандай «сегіз қыр», оның жасырын «сырының» мағынасы не? Осы тіркестің мазмұнына үңілу үшін, астыртын мән және символ ұғымдарына тоқталғанымыз дұрыс.

Конфуцийдің «Әлемді заңдар мен сөздер емес, символдар билейді» деген ойын басшылыққа алатын болсақ, біздің зерттеу нысанымыздағы «сегіз қыр» мен «бір сырдың» символикалық мән екендігін түсінеміз. Дүниенің барлығы символдар мен образдар. Қасиетті кітаптарда «Шындық дүниеге жалаңаш күйінде келген жоқ, ол нышандар мен бейнелер арқылы келді» деген аяттар бар. Яғни сіз бен біздің көріп, біліп жүрген ұғымдарымыз ұлы ақиқаттың көркем рәмізі ғана. Абайдың «Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз» деген ғақлиясы да осы ойды қуаттайды. Демек «сегіз қыр» мен «бір сырдың» шын мағынасы біз ойлағаннан да тереңде жатыр.

Хакім Абай 38-қарасөзінде Алла Тағаланың сегіз «субути сипаттарына» талдау жасайды.Олар мыналар:

Хаят. Мәңгілік тірі; Ілім. Ілім иесі; Сәмиу. Естуші; Басар. Көруші; Ирәда. Бұл сипат «қалау» де­ген мағынаны білдіреді. «Ғы­лым­ бар болса, қаламақ та бар»; Құдірет. Шексіз және мәңгі құдірет иесі; Кәлам. Мұнда «сөйлеу» деген мағынаны білдіреді... Тәкуин. Бұл сипат жоқты бар етіп, бар нәрседен екінші дүние жарату деген мағынаны білдіреді. Құдай Тағаланың «күн», яғни «бол!» деген бұйрығы арқылы кез келген нәрсе әп сәтте бар болады.

Ендігі жерде Абай аты аталған құ­дайлық сегіз сипат адамның өз іші­нен табылу керектігін жазады. «Өз пи­ғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла Тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, – дәл бірдейлік дағуасыменен емес, соның соңында болмақ», дейді хакім. Шә­кәрім қажы бұл концепцияны былай тәпсірлейді:

«...Алланың пендесiне  рақымы мол,­

Сен де өзiңдей адамға мейiрiмдi бол.­

Ол жаратты, сен-дағы жаратып бақ,­

Бардан барды шығарсаң болады сол.

Керексiздi қылмайды Иең-дағы,

Мен де сүйтем деп қара сен де тағы,

Бiр Құдайың сабырлы, сен де шыда,

Бәрi осындай, ойлансаң, артқы жағы...»

Қош, сонымен руханиятта­ Алла Та­ғаланың сегіз сипаты болу керек­тігін түсіндік. Осы арқылы сегіз қыр­­дың да мағынасы ашылғандай бол­ды. Ал енді «бір сырымыз» не болды? Ислам архитектурасында екі ромбының бір бұрыштары өзара кірігіп, өрнек құрайтын нақыштар жиі кездеседі. Сонда екі шаршылардың бұрыштары қабаттасқанда олардың түйіскен тұсынан тағы бір жаңа шаршы пайда болады. Бұл да – жоға­рыда айтыл­ған символдық код. Екі шаршының сегіз бұрышын сегіз сипат деп алсақ, «бір сырымыз» – сол екі фигураның ­«не­кесінен» пайда болған жаңа шаршы.

Қорыта айтқанда, тұрақты тіркес­тегі сегіз қырымыз – Алла Тағаланың пенденің бойынан табылуы тиіс сегіз сипаты болса, ал бір сырымыз сол сегіз сипат біріккенде ғана ашылатын «көкірек көзі» деп ұғуға болады. Себебі ақиқат тек көкірек көзі (батин­ көзі) арқылы ғана танылатынын Шәкәрім қажы былай түйіндейді:

«...Жасырып тұр жар өзiн,

Бас көзiмен қарама.

Жүрегiңнiң аш көзiн,

Жардың сырын арала...»