Өмір жолы ұшы-қиырсыз алып мұхит тәрізді. Сол мұхит айдынында ел мүддесі, халық игілігі үшін еңбек етіп, лайықты орын табу ердің ерінің ғана қолынан келеді. Адам арманмен өмір сүріп, соны орындау жолында күреседі. Тура жолды айқындап, дұрыс бағыт таба білген жан ғана мақсатына адаспай жетеді. Біз елімізге белгілі тележурналист, жазушы, тұлғатанушы Доқтырхан Тұрлыбектің өмір жолы мен шығармашылығынан осындай ізденісті байқаймыз.
Қаратау мен Алатау қолтықтасқан Жуалының шағын ғана ауылында дүние келген Доқтырхан 6-сыныпта оқып жүріп-ақ аудандық, облыстық газеттерге шағын мақала, әңгіме жаза бастапты. Негізі ұлтқа талантты адамдарды молынан берген, құт-береке дарыған ауылдар елімізде аз емес. Доқтырхан дүние есігін ашқан Жуалы даңқты майдангер-жазушы Бауыржан Момышұлының, көркемсөз шебері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның, онға жуық генералдың өмірге келген өңірі. Мұны Доқаң ғұмырбаяндық-деректі телефильмде: «Сол ауданнан шыққан абзал азаматтардың кішігірім жұрнағы атану бақытына ие болғаным үшін тағдырыма ризамын» деп жеткізіпті. Айтса айтқандай, кейіпкеріміз абзал ағалардың игі дәстүрін жалғастыра отырып, өзінің кәсібін абыроймен атқарып келеді.
Ол – еңбекпен жетілген азамат. Отбасы жағдайына қарай жастай мал да бақты, кірпіш қалаған құрылысшы да, «темірден түйін түйген» дәнекерлеуші де болды. Әскер қатарында борышын да өтеді. Аудандық, облыстық газеттерде қызмет атқарды. «Сабыр түбі – сары алтын» дегендей, ол ақыры өзі армандаған тележурналист мамандығын терең меңгеру үшін Алматыға ат басын бұрды. Үлкен шығармашыл орта оны жақсы қабылдады.
Доқтырхан Қазақ мемлекеттік университетінде журналистикамен ғана шектелмей, көркем прозада да қабілет-қарымын шыңдады. Сыншылар пікірінше, оның әңгімелері табиғилығымен ерекшеленеді. Біз Доқтырханмен қарашаңырақ – Қазақ телевизиясында бірге қызмет істесе жүріп, осы саланың күрделі жанр – телефильмге сіңірген еңбегін ерекше атаймыз.
Сәкенше айтсақ, телесандық – адамзат инновациясының биік шыңы әрі құпияға толы тылсым әлемі. Бұл сала – түсіру тобының еңбегінен тұратын өнер. Кез келген тақырыпты телевизияның бүкіл жанрында қамту мүмкіндігі зор. Мәселен, белгілі бір саланың бейне көріністері мен соған сәйкес сөз саптау шеберлігі мықты журналист болса, осы салада құнды еңбек дүниеге келері даусыз. Автордың пайым түйсігі, мәселені жедел аңғару қасиеті – басты шарт. Сондай-ақ ол көтеріліп жатқан мәселеге орай тиісті қорытынды шығара білсе, оның хабары көрерменін жалықтырмайды. Осы негізгі талап – тележурналист үшін ең қажетті алғышарт. Ал бұл күрделі қадамға тәуекел ету екінің бірінің қолынан келмейді. Қазақ университетінде оқып жүргенде-ақ теледидар ісіне араласқан Доқтырхан 1984 жылы Тараздан Алматыға қоныс аударып, осы салаға түбегейлі бет бұрғанда, бәріміз қуандық.
Ол ұзақ жыл бойы Қазақ телевизиясында қарапайым тілшіден, кәсіби құрылым басшысына дейінгі жолды жүріп өтті. Алғыр да тез жаза білетін журналиске бейне түсіретін нысан жетіп артылады. Телехабар – журналистің мұраты мен нысанасының біртұтасқан жобасы. Осы тұрғыдан алғанда, Доқтырхан теледидар ісінің сапалануына өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның қарапайымдылығы, елшілдігі, зиялылығы кәсібін абыройлы етті.
Доқтырхан Тұрлыбек Алматы телевизиясының бас редакторы, Қазақ телевизиясы бас директорының бірінші орынбасары, «Қазақтелефильмнің» бас директоры тәрізді басшылық қызмет мектебінен өтті. Үлкен шығармашылық ұжымдарды басқару – ұйымдастырушылық қабілетті, кәсіби біліктілікті, табандылық пен жігерлікті талап етеді. Белгілі журналист қанша басшы болса да шығармашылықтан қол үзген жоқ.
Қолы қалт ете қалса еліміздің түкпір-түкпірін аралап, ұлттың салт-дәстүрін, қолөнерін, атбегілік, құсбегілік кәсібін насихаттайтын «Бойтұмар» атты авторлық танымдық хабар жүргізді. Ол Қазақ телевидениесінің алтын қорында сақтаулы. «Қазақтелефильмді» басқарған кезде елеулі сериялық деректі туындының авторы әрі режиссері болды. Доқтырханның шығармашылығы туралы ұлт әдебиеті мен өнерінің Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев, Камал Смаилов сынды марғасқаларының пікірі – бүгінгі сала мамандарына шеберлік сыныбы деп білеміз.
Деректі телефильм – қамтитын тақырыбы жағынан аса маңызды, жауапкершілік пен кәсіби дәлдікті талап ететін кесек дүние. Демек мұндай ауқымды іске қабілеті жоғары, жанр тәсілдерін жақсы меңгерген тележурналист қана бара алады. Доқаң осы салада өз соқпағын ерте тапты.
Еліміздің көне тарихы – ұлттың бақытты болашағын ойлаған данышпан хандарымыздың, ел қорғағаны батырларымыздың, ақылман билеріміздің ғұмырбаяны, тағылымы, парасаты. Осындай рухани байлықты ел игілігіне, болашақ ұрпақ кәдесіне жарату – Доқаңның кәсіби миссиясы еді. Әр деректі телефильмінің астарында ұлан-ғайыр жерімізді көздің қарашығындай сақтап қалған, ұлт бірлігін аманаттаған ата-баба тәлімі жатады.
Оның қадау-қадау аса жауапты да күрделі тақырыпқа батыл баруы – кәсіби ерлікке пара-пар іс. Бұл ауқымды жобаны түбегейлі іске асыру үшін дербес халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясын ашты.
Елімізді, Түркі дүниесін іргелі мемлекет, ұлыс етуге жұмылған даналардың өмір-тарихы, айтулы тарихи оқиғалар, ел азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен Алаш арыстары – тақырып аясы осы бағытта. Әлемдік тұлға Мұстафа Шоқай туралы «Ардағы еді түркінің» атты телефильмі зиялы қауымнан жоғары баға алды. Телефильмде осынау ұлы тұлғаның өршіл бейнесі, ел тәуелсіздігін жақындата түскен жанқиярлық іс-әрекеті шынайы деректер арқылы көрерменге жеткізілген.
Кереку өңірінде дүниеге келіп, бүкіл қазаққа асқар таудай тұлға болған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы телефильм де көпшілікті бейжай қалдырмады. Телефильмде Мәшекеңнің даналық, ақындық, әулиелік жолы арнайы бейне-сюжеттер мен сұхбаттар арқылы көркемделіп, ғалымдардың ой-пікірлерімен үндестік тауып, көрерменді қуантты.
Режиссер әрі автор Доқтырхан Тұрлыбек Өзбекстан, Ресей (Омбы), Татарстан қалаларына сапар шегіп, сирек кездесетін деректер жинап, туындының құнын арттыра түсті.
Ұлы билердің тұлғасына арналған «Әйтеке бидің ақ жолы» атты телефильмі – тарихи мәліметтерге негізделген туынды. Әйтеке би бақилық мекені – Өзбекстанның Науаи облысы Нұрата қаласына арнайы барып, кесене мен еңселі мешіт туралы жергілікті қазақ пен өзбек ағайындарды сөйлетуі – бағзы мен бүгінді жалғағандай құбылыс.
Доқаңның бірнеше сериялы «Қаңлы» атты телефильмі қазақ мемлекеттілігінің бастаулындағы көне Қаңлы ұлысының тарихи деректерін шебер баяндайды. Бұл фильм тарихқа жаңаша қараудың үлгісіндей.
Қаламгердің қай телефильмін саралап қарасаңыз да, қазақ халқының тағдыры, тәуелсіздікке ұмтылуы, ұлттың салт-дәстүрі, тұлғалардың болмысы, зерделі ойы, өнегелі өмірі баян етіледі. Доқтырхан Тұрлыбек туындыларының асыл мақсаты – жас ұрпақты киелі қазақ жерін құрметтеп-қастерлеуге, тұлғалардың аманатына лайықты болуға шақыру.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін режиссер осы уақытқа дейін көрерменге 35 телефильм ұсыныпты. Мәселе, әрине, санында емес, туындыларының отаншылдық-тәрбиелік маңызында. Ол – әлі күнге аудан газетінен елдің бас газетіне дейінгі мерзімді басылымдардың авторы. «Мәуелі ағаш жемісі піскен сайын басын иеді» деген ақиқат осы шығар.
Халқымызда «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сипаттама ұғым бар. Бұл Доқтырхан Тұрлыбекұлы бауырымызға тікелей қатысты. Ол – қаламгер деген биік кәсіпті әр жанрда абыройлы ете алды. «О дүниеден келген өкіл» атты сатиралық шығармасы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алғаны да есімізде.
Бірде әйгілі Шерағаң: «Доқтырхан – адамгершілігі мен жауапкершілігі тең жігіт. Ол жүрген жерде күрмеулі түйін тез шешіледі» деп, арқасынан қаққан екен. Біздіңше, бұл да – адами және табиғи баға.
Доқаң – қайбір қаламгер ағайын сияқты азды-көпті еңбегін міндетсініп «Маған қайраткерлік атақ, орден бер, мен пәленмін-түгенмін» деп кеуде соқпайтын ел ағасы. Әсілі, шынайы тележурналист пен қаламгер болмысынан өте қарапайым келеді. Әріптесіміз танымал кәсіби талантты маман, басшы болса да, ел үшін құнды әрі маңызды тарихи дүниелерді өмірге әкелсе де, сол баяғы қарапайым қалпы – «біреуден ілгері, біреуден кейін» дегендей, ар-ұжданды бірінші кезекке қояды. Оның кредосы – «Халқымыз аман, еліміз тыныш болса, алынбайтын қамал жоқ». Жақын сыр тарта қалсаңыз, Доқаң: «Маған сый-сияпат маңызды емес, маған халықтың бағасы мен ризашылығы – үлкен марапат» дейді.
Тележурналист, жазушы, қоғам қайраткері Доқтырхан Тұрлыбек – танымал «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Бүкілдүниежүзілік «Алтын сафран» кинофестивалінің жүлдегері, Журналистер одағы Жамбыл сыйлығының лауреаты. Кәсіби саласы қадірлейді, туған өңірі алқалайды, елдің төрт тарапы бағалайды.
«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» депті Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Біз білетін Доқаң ұлтқа қызмет етуді өзіне парыз санап келеді. Бұл ұстаным әрбір азаматымызға темірқазық болса, кәне!
Д.Тұрлыбек сексеннің сеңгіріне бет түзер белесте де тарихи тұлғаларды бүгінгі ұрпақпен қауыштыру еңбегін жалғастыруды қалайды. Қаламы жүйрік, сөзі айқын қарымды қаламгер әлі бірер буынға тәлім беріп, тәжірибесін үйретуге ықыласты. Түркі дүниесі телевидениесінің ардагерлер мұрасын халыққа кең насихаттасам деген жоспар-жобасы да бар. Адал азаматтың бұл арманы да орындалсын деп тіледік.
Сағындық Нұрекеев,
КСРО телевидение және
радио саласының үздігі,
ардагер журналист