Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бастаған саяси реформа қарқын алып, терең экономикалық қайта құрулардың алғышартына айналды. Конституциялық реформаның әлеуеті артып, Қазақстанның, шын мəнінде, әділетті мемлекетке айналуына кепілдік беріп отыр. Өйткені Ата Заңымыз сөз еркіндігін, пікір білдіру құқығын жəне дін бостандығын, сондай-ақ этностық және саяси əртүрлілік пен азаматтың жеке бас бостандығын қамтамасыз етуді көздейді.
Реформаның ерекшелігі оның адамның санасымен тікелей байланыстырыла жүргізілуінде. Себебі осылай ғана қоғамды тез қарқынмен дамытып, сыртқы теріс ықпалдардан қорғап, оны саяси-әлеуметтік тұрғыда жан-жақты кемелдендіруге мүмкіндік бермек. Экономикаға басымдық берген бұрынғы даму қағидаты қоғамдық сананың дамуын тұралатып, ашықтық пен жариялылыққа жол ашатын күшті азаматтық қоғам, әділ саяси бәсекелестік, сот жүйесі дербестігінің қалыптасуына кедергі жасады. Экономикалық реформаның алғышарты саяси реформа екендігіне онша мән берілмегендіктен заң үстемдігі орнығып, демократиялық институттар толыққанды жұмыс істей алмай қалды. Өйткені экономикалық жүйедегі монополияның негізі саяси жүйедегі монополияда жатқан болатын. Демек әділетті Қазақстанды саяси реформаларды кеңейту негізінде ғана құруға болатындығына және демократияны тек тиісті институттардың толыққанды жұмыс істеуі арқылы біртіндеп қалыптастыруға болатынына Президенттің көзі жетті.
Қазақстан бұрынғы суперпрезиденттік басқару жүйесінен бас тартып, мемлекеттік басқарудың «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген президенттік басқару мен халықтың үніне құлақ асатын әділетті мемлекет құруға көшті. Президент Үкіметке жаңаша талап қойды. Ондағы мақсат – ендігі жерде бүкіл биліктің тек президенттің қолына шоғырлануына жол бермеу, биліктің тармақтарын қауқарсыз, дәрменсіз, солқылдақ және шарасыз етіп, Президенттің аузына қаратып қоймай, олардың халыққа адал еңбек етіп, мемлекеттегі болып жатқан жағдайдың барлығына жауапкершілікті өз мойнына алатындай жағдайға қол жеткізу.
Президенттің қоғамда заң үстемдігі мен тәртіп орнатуға бағытталған іс-әрекеттері өз жемісін бере бастады. Саяси саладағы өзгерістердің басты бағыттарының барлығы құқықтық сипатқа ие болып, ресімделіп, заңдық күшіне еніп, қоғамдық өмірдің ағымын айқындады. Құқық қорғау жүйесінде үлкен өзгерістер орын алып, елімізде «заң мен тəртіп» қағидатының орнығуы бағытында тиісті қадамдар жасалып жатыр. Енді қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген əрекеттер мен құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюға бет алып, ұлттық құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресудің қажеттілігі туындап отыр.
Парламент пен мəслихаттар жұмысының тиімділігі артты. Әкімдердің тікелей сайлануы жергілікті биліктің қалыптасу тəсілін түбегейлі жаңартты. Ауыл, аудан əкімдерінің халық алдындағы жауапкершілігі арта түсті. Демек осындай жүйелі және бірізді жұмыстың арқасында конституциялық реформа нақты қолға алынып, конституциялық нормалар күшіне еніп, саяси реформалар өз жемісін бере бастады. Нәтижесінде, көппартиялық жүйе, парламенттік плюрализм мен оппозиция, аралас сайлау жүйесі, Конституция кепілдік берген жоғары биліктің ауыспалылығы бір жүйеге келтіріліп, қоғамдық өмірде жұмыс істейтін саяси механизмдерге айналды. Осылайша, азаматтардың саяси өмірге белсенді араласу үшін құқықтық кепілдеме беріліп, қоғам мүшелері республиканың саяси өміріне қатысу жəне барлық деңгейде шешімдер қабылдауға өз үлесін қосуға мүмкіндік алды. Қоғамдық өмірді жаңартуға жаңа саяси жүйенің қалыптасуы өз әсерін тигізіп жатыр. Саяси реформалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып, мемлекеттің экономикада батыл қадамдар жасауына ықпал етіп келеді. Экономиканы əртараптандыру жəне монополиядан арылу барысында әлеуметтік салада қордаланып қалған мəселелер біртіндеп шешіле бастады. Енді халық осы үдерісті қолдап, Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтып, оның өркендеуіне нақты үлесін қосуы қажет.
Сонымен Қазақстан ескі жүйеден бас тартып, саяси реформалар қарқынды ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие бола бастады. Ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгеріп келеді. Қ.Тоқаевтың сұхбаты жұрттың көптен күткен сұрақтарына және халықтың көкейіндегі қордаланған мәселелерге жауап берді. Қазіргі саяси билік пен ескі жүйе арасындағы қайшылық тудырған проблемалар егжей-тегжей сарапталды. Заң мен тəртіп үстемдігін орнату мемлекеттік саясаттың негізіне айналды. Ендеше, Президенттің жүргізіп жатқан саяси реформалары әділетті Қазақстанды құрып, оны озық елге айналдыруға бағытталған бастамасының дұрыстығы мен оның тағдыршешті таңдау екенін көрсетсе керек.