Қазір су шаруашылығы саласын ауқымды трансформациялау негізінен үш бағытта жүріп жатыр.
Біріншісі – суды үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сұранысты басқаруға, тазартылған сарқынды суды қайта пайдалануға бағытталған түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база құру. Екіншісі – су шаруашылығы инфрақұрылымын толыққанды жаңғырту, озық су үнемдеу технологияларын енгізу, суды есепке алу мен бөлуді цифрландыру, сондай-ақ жаңа тарифтік саясат пен су үнемдеу мәдениетін енгізу. Үшіншісі – көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту, оның ішінде Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету. Бұл туралы Астанада өткен I халықаралық «Global water» форумында айтылды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, еліміздегі су тапшылығы проблемасын шешу үшін екі негізгі құжат – жаңа Су кодексі және Үкімет қабылдаған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалды. Мәжіліс қарауына енгізілген кодекстің жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан және бітелуден қорғауға басымдық беріледі.
Сонымен қатар суды үнемдеу өте маңызды рөл атқарады. Мысалы, тұтынушылар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, суды үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу жөнінде іс-шаралар қабылдауға, жерасты ауызсуларын мақсатсыз пайдалануға жол бермеуге міндетті. Су саласындағы жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтіледі.
Ауызсудың сапасын жақсартуға қойылатын талаптар пайда болып, елдімекендерді сумен жабдықтауға және су бұруға арналған тарау едәуір кеңейген. Жеке тарау еліміздің су саласын климаттың өзгеруіне бейімдеуге арналған. Бұдан былай су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауға көп көңіл бөлінеді. Гидротехникалық құрылыс қауіпсіздігі де басты назарда.
«Кодекс – су ресурстарын тұрақты басқару және экожүйені қорғау бағытындағы негізгі қадам. Ұсыныстарымыз сарапшылар мен жұрттың пікірін мұқият талдауға және есепке алуға негізделген. Бұл елдің әл-ауқатына және оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға ықпал етеді. Екінші негізгі бағыт – су саласында жиналған мәселелерге назар аудару. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында су шаруашылығы нысандарының тозуы 60%-дан, тасымалдауда судың жоғалу көрсеткіші 40%-дан асатынын, су үнемдеу технологияларын енгізу үдерісі баяу жүріп жатқанын атап айтты. Осы тапсырмаларды орындау үшін Үкімет Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Ол су қоймаларын салу және реконструкциялау, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді жөндеу, су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу, сондай-ақ экология және көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша бірқатар шұғыл шараларды көздейді», деді министр.
Таяу болашақта 9 облыс аумағында 20 су қоймасын салу және 9 облыс аумағында 15 су қоймасын реконструкциялау, 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту, 3,5 мың шақырым каналды цифрландыру жоспарланып отыр. Аталған іс-шараларды іске асыру тасымалдау кезінде судың өнімсіз шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайтуға, қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға ұлғайтуға, экономика салаларын кепілдендірілген сумен қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға мүмкіндік береді.
Министрдің айтуынша, елде ауыл шаруашылығының суды тұтыну үлесі жалпы су қорының 65%-ын құрайды. Су алу және өнімсіз шығындар деңгейі туралы статистика суармалы егіншілікте суды ең тиімсіз пайдалану қарқыны байқалатынын көрсетеді. Жағдайды түзету үшін су үнемдеудің озық технологияларын енгізу керек. Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп су үнемдеу жүйелерін орнатуға және тамшылатып, жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алу шығындарын субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту жөнінде жұмыстар басталған.
«Бұл 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, еліміздегі суармалы жерлердің алаңын 1,3 млн гектарға немесе 50%-ға жеткізуге ықпал етеді. Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша бұл шамамен 2,1 текше шақырым су үнемдеуге, ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін 1,5-2,0 есе арттыруға мүмкіндік береді», деді.
Тағы бір маңызды мәселе – экономика секторларында су ресурстарын қайта пайдалану. Сала қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жыл сайынғы су тұтыну шамамен 25 текше шақырымды құрайды, оның 65%-ы – ауыл шаруашылығы, 25%-ы – өнеркәсіп, 4,3%-ы коммуналдық-тұрмыстық қажетке жұмсалады. «Өнеркәсіп орындары алатын 5,9 текше шақырым жалпы таза судың 17%-ы қайта пайдаланады және 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», дейді ведомство басшысы.
Коммуналдық-тұрмыстық қажетке су алудың барлық көлемінен 1,3 текше шақырым су жұмсалады. Суды қайта пайдалану тиімділігін арттыру үшін барлық негіз бар. Жергілікті тазарту құрылыстарын, яғни автокөлік жуу және жөндеу орталықтарында, өндірістік кәсіпорындарда енгізу керек, бұл орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінен ауызсуды тұрақты қоспай және тұтынбай суды қайта пайдалануға мүмкіндік береді.