Германияның халықаралық және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі институты (Stiftung Wissenschaft und Politik – SWP) басып шығарған «Орта державалар – халықаралық саясаттың маңызды субъектілері» атты сараптамалық мақалалар жинағы сарапшылар мен медиа ортада үлкен қызығушылық тудырды. Оның ішінде SWP зерттеуші мамандардың Қазақстанды «орташа әлем державаларының» қатарына қосқаны ерекше назар аудартады.
Институт осындай 12 мемлекетті анықтаған. Олардың қатарында біздің елден басқа Түркия, Израиль, Мысыр, Сауд Арабиясы, Үндістан, Индонезия, Эфиопия, Кения, Оңтүстік Африка Республикасы, Мексика, Бразилия секілді мемлекеттер бар. Зерттеу авторлары бұл 12 мемлекет экономикалық-саяси бағыт-бағдары жөнінен бір-бірінен мүлде бөлек болғанымен, оларды экономикалық дамуға назар аудару, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатты мән беру және стратегиялық автономияға ұмтылу сияқты ұстанымдар біріктіретінін атап өтеді. Оның ішінде SWP Қазақстанды теңгерімді сыртқы саясаты қалыптасып үлгерген, Орталық Азиядағы негізгі ойыншы тұрғысында өзіндік бет-беделі бар, түрлі ресурстарға бай, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытының бір тұтқасын ұстап отырған байыпты ел ретінде ерекшелейді.
«Қазақстан қойнауында АҚШ пен Еуропаның қатты қызығушылығын тудырып отырған бай ресурстар – қазба отындары (әсіресе мұнай), металдар, минералдар және сирек металл элементтері мол. Елдің қазіргі таңда ЕО ерекше мүдделілік танытып отырған жасыл энергия көздерін өндіруге қатысты да әлеуеті жоғары», деп жазады сарапшылар.
SWP Украина-Ресей қақтығысының Қазақстанға әртараптандыру тұрғысынан жаңа серпін бергенін алға тарта келіп, оған мысал ретінде жаңа көлік бағыттарының салынуын, жаңартылып, жаңғыртылып жатқан энергия секторына және өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту жөніндегі ілкімді ізденістерді атап өтеді.
Сарапшыларды Қазақстанның Қытайдың «Жібек жолына» ғана емес, сонымен қатар Еуроодақтың «Жаһандық қақпасы» стратегиясына арқа сүйейтіні де қызықтырады. SWP мамандары еліміздің сыртқы саяси белсенділігін де ерекше атап өтеді. «Ешкімнің сойылын соқпай, таразы басын тең ұстау, дегенмен барлығымен өзара батыл, ашық әрекеттесу саясаты Қазақстанның баянды тәуелсіздігіне кепілдік береді және мемлекеттік мүдделерді тұжырымдау мен жүзеге асыру үшін қажетті кеңістік, қолайлы жағдай тудырады», деген қорытынды жасаған SWP сарапшылары. Сондай-ақ зерттеушілер Қазақстанның халықаралық саясаттағы өз амбицияларын дер кезінде жүзеге асыра алғанына да тоқталған. «Айталық, бұл ел Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етті және Сириядағы жанжалда делдал болды («Астана үдерісі»). Сонымен қатар Еуразиядағы басқа да бірқатар ықпалды ұйымға мүше», деп жазады басылым шолушылары.
Еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко еуропалық «Euractiv» басылымының өтінішіне орай Қазақстан әлемдегі «орта державалардың» біріне айналды деген жарқын жаңалыққа түсініктеме берген екен. Онда Р.Василенко еліміздің сыртқы саясатының басты ерекшелігі – көпжақтылықты ерекше атап өткен. «Егер түрлі пікірлер, қилы көзқарастар мен өзара байланыстылықтың қоса қабат түсіп отыратын күрделі ахуалмен сипатталатын дәуірде жаһандық мәселелердің оңтайлы шешімдерін тапқымыз келсе, бізге мықты мультилатерализм қажет», дейді ол.
Р.Василенконың айтуынша, бұл қазіргі түрлі күштердің арақатынасы құбылып тұрған кезеңде тіпті маңызды. «Бұл жауапкершілік ендігі жерде тек дәстүрлі «ұлы державаларға» емес, халықаралық кеңістікте өзіндік беделі бар басқа да бірқатар елге жүктеледі. Қазақстан көпқырлы дипломатиялық қарым-қатынастарын, сондай-ақ ресурстарын пайдалана отырып, геосаяси мәселелерді шешуге орнықты үлес қоса береді», дейді дипломат.
Қалай дегенде де еліміздің мұндай деңгейде мойындалуы, ТМД елдері ішінен бірінші болып Түркия, Үндістан, Бразилия, Израиль сынды ірі мемлекеттер қатарынан көрінуі – айрықша атап өтерлік жаңалық. Оның басты себебі – еліміз бүгінде халықаралық кеңістікте экономикалық және саяси сындарлы әріптес ретінде ғана емес, инвестициялар үшін кең мүмкіндік ретінде де танылып отыр. Айталық, Еуропалық одақ – Қазақстандағы ең ірі инвестор және сыртқы сауданың 40% үлесі тиесілі маңызды экономикалық серіктесі. Сондай-ақ еліміз «Шығыс пен Батыс арасындағы көпір» рөлін де атқарады.
Ресей Батыс тарапынан сан салалы санкцияға ұшырағаннан кейін еліміздің сыртқы саясаттағы маңызы арта түсті. Себебі Еуропаға осы аймақта байланыс орнататын сенімді серіктес, орталық керек еді. Ол позицияға Қазақстан басқаларға қарағанда анағұрлым лайық деп танылды. Бүгінгі халықаралық қауымдастық табиғи ресурстарға негізделген экономикаға, сондай экономиканы дамытатын нарық институттары мен құқықтық жүйеге, ондай жүйені орнықтыра алатын және шыңдай түсетін демократияға ие, сол арқылы орнықты саяси ахуалға жетіп отырған сындарлы билікті нығайта алатын елдерді ғана сенімді серіктес санайды. Президент Қ.Тоқаевтың батыл бастамаларына халықаралық саясат пен экономиканың айрықша көңіл бөліп отырғаны да сондықтан. Сол тұрғыда еліміз әлемдік әріптестер тарапынан көрсетілген сенімді, берілген бағаны азайтып алмауға күш салуы керек.