Астана Мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитеті төрағасы Әлихан Бәйменов пен Қытай ұлттық мемлекеттік басқару академиясы атқарушы Вице-президенті Си Чунтао екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп жазады Egemen.kz.
Кездесуге ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо, ҚКП Орталық комитеті мен Қытай ұлттық мемлекеттік басқару академиясы өкілдері қатысты.
Кездесуде Әлихан Бәйменов: «қай заманда да саналуандық адамзат өркениеті дамуының шешуші факторы болған. Сонымен қатар диалог пен ынтымақтастық дамуға әрдайым жаңа серпін, қуат береді», деді.
Оның айтуынша, Қытай Хаб бастамаларына тең құрылтайшыларының бірі ретінде белсенді араласып, қолдау көрсетіп келеді.
Си Чунтао былтыр Бейжіңде өткен «Өркениет дәстүрлері және модернизация жолы» Форумы мен сол форум аясында құрылған Қытай-Орталық Азия мемлекеттік басқару академиялары Желісі - Қытай және Орталық Азия елдерінің Сианьдағы көшбасшылар саммитінде қабылдаған шешімдерді іске асыруының алғашқы тетіктерінің бірі болғанын айтты.
Ол Қытай ұлттық академиясы Астана мемлекеттік қызмет хабымен және басқа да институттармен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Ынтымақтастық аясында биыл бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланып отырғанын екенін, осы ретте Қытайда өтетін Мемлекеттік басқару форумына шақырды.
Әлихан Бәйменов те мемлекеттік басқару академиялары Желісінің әлеуетін толыққанды іске асыру үшін бірқатар ортақ жобалар ұсынды. Сондай-ақ Хабтың практиктер альянсын құру саласындағы табысты тәжірибесін ескере отырып, «тең теңімен» қағидаты негізінде тұрақты тәжірибе мен білім алмасу үшін оқу бағдарламаларын әзірлеуге жауаптылар арасында практиктер Альянсын құру бойынша бастама көтерілді.
Сонымен қатар бірге арнайы зерттеулер жасап, оның ішінде Қытай тәжірибесі негізінде кейс-стади әзірлеу әрі Желіге қатысушы елдер ғалымдарының мақалаларын Хаб журналында арнайы бөлімде топтастыру сөз болды.
Қытай тарапы аймақта және одан тыс жерлерде мемлекеттік басқару академияларының Қытай-Орталық Азия желісінің қызметін кеңейтудегі ынтымақтастық серпіні мен Хаб платформасы әлеуетін жоғары бағалады. Кездесуге қатысушылар бірлескен бастамаларды іске асыру жөнінде ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.
2023 жылы Мемлекеттік басқару академияларының Қытай-Орталық Азия желісін құру туралы келісімге қол қойылды. Оның құрамына Хабты қоса алғанда алты елдің (Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан) мемлекеттік мекемелері кірді. Желінің мақсаты – кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселесімен қатар мемлекеттік басқаруды трансформациялау саласында тәжірибе мен білім алмасу.