Қоғамды дүр сілкіндірген Бишімбаевтың ісі сотқа жетті. Мұндай ақпарат Астана қалалық сот кеңсесінде пайда болды. Құжатта экс-шенеунікке екі бап бойынша айып тағылғаны көрсетілген, деп жазады Egemen.kz.
2024 жылдың 26 ақпанында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына күдіктілер Қ.Бишімбаев пен Б.Байжановқа қатысты қылмыстық іс келіп түсті.
«Күдікті Қуандық Бишімбаевқа ҚР Қылмыстық кодексі 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы бойынша адам өлтіру, қасақана, аса қатыгездікпен адам өлтіру, Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша материалдық жағынан тәуелдi адамды жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылды.
Күдікті Б.Байжановқа Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша аса ауыр қылмысты жасыру және Қылмыстық кодекстің 434-бабы аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылды», деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, қылмыстық-процестік кодекстің 319-бабына сәйкес, судья істі сотта қозғау туралы шешімді 5 тәуліктен кешіктірмей шығарады.