Бүтін қазақ елінің даналық, ізгілік, көшбасшылық, мемлекетшілдік қасиеттерін болмысына дарытып, философиялық көзқарасын жетілдіріп, ғылым-біліммен, өнермен қуаттанып, қайратты, ғибратты ұйымдастырушылық, жаңашылдық іс-қимылдарымен мемлекетіміздің тарихы мен тағдырына, абыройы мен беделіне өлшеусіз үлес қосқан, заманынан озып туған тұлға – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев.
1914-1918 жылдарда Семей мұғалімдер семинариясында білім алған Қанекең 1919 жылы мұғалімдер курсында жаратылыстану пәнінен дәріс оқыған. 1920-1921 жыл аралығында Баянауыл ауданында халық сотының төрағасы лауазымын атқарған. Әулие-пірлердің дуалы сөздеріне ыждағаттылық танытқан Қаныш Сәтбаев жасы келген Жаяу Мұсаға амандасуға барыпты. Сонда Жаяу Мұса: «Қаныш, шекең торсықтай екен, халқымыздың данасы боларсың, тағы да оқы, оқи бер, қыздырманың қызыл тілі түпке жетеді, содан сақ бол!» – деп ақ батасын береді. 1921 жылы жас ғалым Әлімхан Ермековпен үш жарым ай бойы Баянауыл өлкесін аралаған-ды.
Ғалымның қия шыңға өрмелеп, жан-жақты ізденіс жолында еңбектенгеніне 1921-1926 жылдарда Том технология институты тау-кен факультетінде оқыған кезеңі – нақты дәлел. Қазба байлықтар, тау-кен өнері, Сібір геологиясы, тау-кен өндіру ісі, кеніш механикасы, кәсіби гигиена және еңбекті қорғау, экономика дейтін пәндер бойынша лекциялық жазбалары барынша ғылыми-теориялық деңгейімен, бай мәліметтерімен назар аудартады. Сондай-ақ тау-кен өнері жайында арнаулы курстың және Жезқазған аймағының минералдық қорлары туралы лекциялары бар. Этнология хақындағы (лектор А.К.Иванов) дәрісте мұның археологиямен, антропологиямен, социологиямен, тілмен байланысы әңгімеленіп, мәуелі пікірлері төбе көрсетеді (ҚР Мемлекеттік орталық архиві. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1061). Халық тілінің, білімінің, тәжірибесінің ну орманында өскендіктен, Қаныш студент кезінің өзінде этнологияның да мәнісін байыптаған.
Студент Сәтбаевтың метрология мен геологиялық пәндер бойынша лекцияларының конспектісіне мән берейік: 1. Тау-кен барлау ісі, 2. Маркшейдерлік өнер, 3. Петрология, 4. Тарихи геология, 5. Жылу техникасы, 6. Электротехника, 7. Ағылшын тілі, 8. Геодезиялық зертхана, 9. Гидравлика, 10. Палеонтология, 11. Қолданбалы механика және сапалы талдау (ҚР МОА. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1059). Ғылымның күре тамырларын баяндайтын бұл лекциялық конспектілер жүздеген парақтардан түзілген.
1924-1925 оқу жылында Қ.Сәтбаев ағылшын тілін оқыған (ҚР МОА. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1060). Жемісті жылдар жайында Қ.Сәтбаев былайша толғанады: «1921-1926 жылдардағы оқуым қарқынды және қызықты өтті. Осы жылдар ішінде мен толық орта мектепке арналған Алгебра оқулығын қазақ тіліне аудардым, ол 1924 жылы Қазнаркомпросқа жіберілген болатын. Томда оқыған кезде мен мемлекет бөлген шәкіртақыға өмір сүрсем, ал соңғы жылы (1926) Семей облыстық атқару комитетінің айына 50 рубль көлемінде бөлген арнайы стипендиясын қажетіме жараттым» (ҚР МОА. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1073).
Жер-жиһанға мәшһүр шағында ұстазы В.А.Хохловқа: «Мен студенттік жылдарымнан бастап өзімнің ұстаздарым қалай жұмыс істесе, солай жұмыс істеуді арман еттім», депті.
Том технология институтының ұстаздар қауымының ең бір басты қағидаты – білікті, шебер өндіріс командирін, ғылымның өрен ұйымдастырушысы, ғылым мен өркениеттің тізгінін тең ұстайтын мәдениетті халық қызметкерін тәрбиелеп шығару. Ендеше, осындай бір тәлімгерлік мектептің өкілі Қаныш Сәтбаевтың ардақты ұстазы, Сібір геологиясының, стратиграфиясының, петрографиясының, металлогениясының білгірі М.Усов (1883-1939) еді. Студент Сәтбаев М.Усовтың үйінде бір жыл тұрды. Оның металлогениялық кемеңгерлік идеяларын өзінің тәжірибесінде толық пайдаланып, дәлелдеді.
1942 жылы Кремль сарайында КСРО Мемлекеттік сыйлығын тапсыру салтанатында Қ.Сәтбаев: «Зерттеуші үшін шығармашылық еңбегінің жемісін көруден бағалы ештеңе жоқ сияқты». «Жезқазған аймағын индустрияландырудың орасан зор ауқымын жүзеге асыру, республиканың қуатты және гүлденген өндірістік тораптарының темір жолын өткізу – менің жұмысымды қанаттандырып, зерттеуші және инженер ретінде өсуіме зор ықпал етті» дейді (ҚР МОА. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1103).
1941 жылдың 22 ақпанында Кремльдің мінберінде тұрып: «Екі жүз жылдан астам уақыт бойы Қазақстан патшалық отары болды. Қос ғасырға созылған осынау ұзақ мерзімде патша өкіметі Қазақстан аумағының 6%-ын геологиялық тұрғыдан зерттей алды. Қалған 94%-ы мүлдем зерттелмеген алқап түрінде қалды. Қазақстанның ХХ жылдық мерейтойына орай кеңестік геологтер Қазақстан аумағының 80%-ын зерттеді» деген болатын (ҚР МОА. Қор 2057, Тізбе 1, Іc 1099).
Отанының бақытты келешегін кеңінен терең ойлайтын, кемел болжайтын көсем пікірлі Қаныш Сәтбаевтың: «Қазақстан – табиғи байлықтардың бай қоры», «Біздің табиғатымызды қорғау, жер қойнауын қорғау – қасиетті іс» дейтін елдіктің жарғысындай, бойтұмарындай ұстайтын киелі сөзі бар.
Ол М.Усовтың ақылымен 1923 жылдың жаз айларында М.Русаков басқарған Бетпақдаладағы геологиялық экспедиция жұмысына қатысып, өңірдің беймәлім сырларына қанығады. Орталық Қазақстанның геологиялық құрылымындағы метаморфикалық жыныстарының жайын жақсы біледі. Жалпы, жер сырына жіті үңіледі. Білімге үйір дала баласы топырақ қасиетіне де епті, сұңғыла. Мәселен, қарағайдың қара жерден өзіне алар қорегінің ең бір құнарлысы – кальций. Кальций таста жеткілікті. Ол тастың өзін талғажау етіп, жақпардың өзін жарып шығып, жапырағын Күнге жаяды екен-ау. Жаратылыстағы себепті байланыстар, беймәлім дәнекерлер – жас инженер-геологтің көңіл айнасында.
Жақсыға үйір Сәтбаевты Кереку көшесінде қыран мінезді ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы бірден танып, шүйіркелесіп сұхбаттасады. Пәтеріне үш рет шақырып, өзі оқып жүрген Карл Маркстың «Капиталындағы» күңгірт түсінбеген тұстарын («Капитал. Критика политической экономии. Том 1. Процесс производства капитала. С. – Петербург, издания Н.П.Полякова, 1872) сұрап отырған.
1922 жылы Вашингтонда ағылшын тілінде басылған геология бойынша журналдарды да зерделеп оқыған (ҚР Президентінің архиві. Қор 309-НЛ, тізбе 1, 1 с 155. 62 парақ).
Сана-зердесі, ой өресі, қиял дүниесі ерте оянып, ерекше жетіліп, тұйғындай түлеген студент Сәтбаев «Оқытушы деген кім?» дейтін танымдық тарихи байыптамасында («Таң», 1925 жыл, март, №1. 67-70 беттер) ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі сорпадай сапырылысқан қазақ қоғамындағы оқытушыға деген әлеуметтік-саяси көзқарас, сонымен қатар шын мәніндегі оқытушының тұлғасы, болмысы, тәртібі, мәдениеті, білімі қандай болу керектігі жөнінде түбірлі ойлар, жанды пікірлер туындатады. Нақты айтқанда, озық ойлы, азат та озат пікірлі оқытушының басты қасиеті, өнегелі қағидаты – 1) «таза жол», 2) «таза ынта», 3) «таза тер», 4) «таза білім», 5) «жақсы мінез», 6) «жақсылық іс». Бұлар – жас қайраткер, санаткер Қ.Сәтбаевтың білгірлікпен көрсеткен жіктемесі. Әрі қарай оның ойлау деңгейі, білім дәрежесі, тәжірибесі, жазу шеберлігі соншалықты қызықтырып, тәнті етеді. Авторға сөз берейік: «Адам баласы жаумен жағаласарда қаруланған әскердей әртүрлі өнермен қаруланады. Сондықтан қанша заман бастан кешсе, соншама ойлауда, іздеуде, табуда, ілгері басуда».
Он сегіз мың ғаламның ғаламаты мен ғажайыптары қандай өлшеусіз екені де ескерілген: «Жаратылыстың ұшығына жеткізбейтін, қаншалық көп сыры болса, сонша тарау білімі бар».
Ол оқытушының шынайы, жанды болмысын былайша айқын пайымдайды: «Осы білімді адам баласына егетін, өсіретін, адам баласына анық адам атын кигізетін адамдарды оқытушы деп атайды».
Ілгерілеудің, өркендеудің, өрге өрлеудің басты кейіпкері – оқытушы. Сыры да, қыры да сан сипатты саналы, ойлы, отты, өнегелі, көшелі, ісі көркем санаткер: «Өмір ілгері баспақ, білім жүзінде үздік, ілгері жүрген жұрттың оқытушылары да ілгері, өнерлі, әдісті. Мұндай жұрттар істің негізіне көз салып, оқытушыларын басқадан артық құрметтейді, бірінші орын олардікі болады, қазақша айтқанда, бұла болады».
Оқытушының ұлық қасиеттері мынадай: «Ер қосы жүре түзелер» дегендей, «қиындыққа шыдаса, сонда ғана ынтасы мен талабы жанбақ, қалаған биігіне жетпек».
«Жаратылыстың сом, домбал қалпынша берген адам заты жан кешіп, жақсы ұстаның дүкенінен істеліп шыққан нәзік, сүйкімді сұлу нәрселері секілді түрлендіріп шығаратын жалғыз оқытушы. Оқып жүрген жас баланы өзіндей түрленген адамдармен жаратылысқа ие болу жолына жарысқа қосатын – оқытушы, сондықтан адам өз басын қадірлесе, алдымен оқытушыны қадірлеуге міндетті екендігі осыдан шығады».
Оқытушы – халық қызметкері болғандықтан, елдің тұрмыс-тіршілігімен, көзқарасымен, әдет-ғұрпымен есептесу жөн: «Жүк түйеге келмейді, Түйе жүкке келеді», дегендей, оқытушы елге икемденуге, жақындауға керек еді, біздің оқытушылар бұл жерден табылмады. Елдің сезімін, білімін, әдетін, тұрмысын естен шығармай, ойға қатты тоқып, істің негізіне тіреулі қылық керек еді».
Өз кәсібіне, ісіне үстірт, жүрдім-бардым, ықылассыз қарау, өзін де, өзгені де нәуетек ететінін былайша жеткізеді: «Бұл оқытушылардың шалалығы, білімге анық кіріспегендігі, саясатқа соқырлығы, қолға бір жапырақ қағаз алып, тұнық жатқан елге тұтқиылдап шауып, бәрін 20-жылғы болған милициядай, елдің үрейін ұшырып, «Істесең де істейсің, істемесең де істейсің» деушілер өткен жылдар түгіл, бүгінде де толып жатыр».
«Шалағайлық әдісін қолдану елді біржола қасқыр шапқан қойдай үркіту, білім беру орнына білімнен қуумен бір есеп емес пе?!»
«Адам сүю жолымен өз айналасына үйір қылу, бауырына тартуға міндетті».
«Жақсылық іс адамды қол бұлғап шақырмайды. Жан иесі жақсылықты өз сезімімен сүйіп, өз бетімен керек қылып, жақсылыққа жабырламақ балға, тәттіге қонған, үймелеген масадай тоймақ. Жақсылық негізі – білім».
Оқу жолы «кіршіксіз таза жол», «таза ынта, таза терді ғана сүйетін игі мақсатымыз біздің».
«Елге жақсы мінез, таза білім, басқа тұрмыстарына керек жеріне еңбек сіңірсек», «түпкі ойымызға жетуімізге кедергі аз болады».
Бұл үзінділер жас болса да «ғылым жолында ізденіп іс қылған, данышпандық жол ашқан» (Әлихан Бөкейхан оралымы), яғни дәріс оқыған, халық соты болған, «Алгебра» оқулығын жазған, геологиялық барлау экспедициясына қатысқан, замана зиялыларымен кеңескен Қ.Сәтбаевтың ой өрісінің кемелдігін танытады. Оның төте жазумен жазған қолжазбасы Қазақстан Президент архивінде сақтаулы.
Ұлт мұраты жолында үздік ұйымдастырушылық, төтенше қайраткерлік, жойқын алапат қаһармандық еңбегімен қызылкөз, ала ниет қауымды да мойындатқан Қ.Сәтбаев Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті лауазымына тағайындалған еді. Замана желі қалай соқса да, кейде әлемге әйгілі ғұлама Ұлықбектің «кімде-кім барлық ғылымға жетік болса, медресені сол басқарады» деген сөзі рас-ау!
Ғылым тірегі мен халық тілеуінің алтын жамбысы ғасыр перзентінің өміріндегі ең бір тарихи оқиға – КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттары делегациясының құрамында 1947 жылдың 13 наурызы мен 11 сәуірі аралығында Ұлыбританияға Лордтар палатасы мен Қауымдастар палатасының шақыруымен баруы. Делегация жетекшісі ВЦСПС пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесінің төрағасы В.В.Кузнецов және жазушылар А.А.Фадеев, К.М.Симонов, К.М.Бажан, В.Т.Лацис, ұшқыш-сынақшы М.М.Громов, ВКП(б) ОК сыртқы саясат бөлімінің бастығы М.А.Суслов, академиктер П.А.Шария, Н.И.Мусхелишвили, ақын С.В.Векилов. Ұзын саны 20 қайраткер.
Қаныш Сәтбаевтың «КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттары делегациясының 1947 жылдың 13-наурызынан 11-сәуіріне дейін Англияда болғаны туралы есебінде» Британия парламентінің қос палатасының шақырғаны және жоспарды ағылшын үкіметі жасағаны, көмір шахталарында, металлургия өндірістерінде, машина жасау, тоқыма фабрикаларында болғаны баяндалады. Және КСРО-мен мәдени байланыстар ұйымдастыру қоғамының мүшелерімен, ағылшын-кеңес, шотланд-кеңес ұйымдарымен кездесу көзделгенін көрсеткен. Сондай-ақ ағылшын парламентінде, ағылшын портында, Лондон графтық кеңесінде, «Кодак» фотоаппарат фабрикасында, Лондон университетінде, Британ музейінде, Король қоғамында, оқу және азық-түлік министрлігінде, 1902-1903 жылдарда Ленин тұрған ауданда, электр жабдықтары, болат құю, металлургия зауыттарында болған. Жалпы, Ньюкасл, Шеффилд, Кардифф, Манчестер, Оксфорд, Кембридж, Стратфорд, Коветри, Эдинбург, Глазго сынды әйгілі шаһарларын аралағанын тәптіштеп жазған.
Ағылшын елінің саяси жүйесі, сыртқы саясаты, экономикасы, ғылымы, мәдениеті, көркемөнері, КСРО-ға көзқарасы (түрліше әлеуметтік топтардың), әкімшілік басқару тәртібі, лейбористік өкіметі, Қауымдастар және Лордтар палаталарының қызметі, ағылшын бұқаралық ақпарат құралдарының жай-жапсары, елді мекендердің хал-ахуалы, тұрмысы, әл-ауқаты, шотландықтар мен ағылшындардың арасындағы ұлттық антагонизм (шотланд мәдениеті мен тілін кемсіту), зиялылар қауымы турасында бағалы мәліметтерді келтіреді.
Ньюкасл қаласының мэрі, лорд-лейтенант, лейборист Чарльз Травельян, Эдинбург қаласының мэрі (аты-жөні жазылмаған), ағылшын парламентінің ескі көзі, шотланд, лейборист Кирквуд, Англияның Премьер-министрі К.Р.Эттли, профессор Уэбстер, жазушы Бернард Шоу пікірлері де ескерілген.
КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттары делегациясын Уинстон Черчилль Иден мен Элиотпен бірігіп қабылдағанын да айтып өткен (ҚР Президентінің Архиві, Қор – 309-НЛ, Тізбе 2, Іс 167). Есеп орыс тілінде жазылған, мәшіңкеге басылған, көлемі – 19 бет.
Сәтбаев құбылысы – ғұламалық тереңдік пен планеталық ойлаудың шынайы үйлесімі. Мұның нақты айғағы, айнасы – оның атына берілген Сәтбаев планетасы. Астрофизиктердің анықтауынша, бұл – Марс пен Юпитердің аралығында қозғалып, Күнді 3 жыл, 4 ай мерзімінде айналып шығады. Яки, Күннен санағанда төртінші және бесінші планетаның арасында. Диаметрі – 11 шақырым. Сыртқы сұлбасы – ойлы-қырлы, бұрышты, түсі – қарасұр. Орбиталық элементтері есептелген. Бұл планетаны КСРО ҒА Қырым астрофизикалық обсерваториясының аға ғылыми қызметкері Н.Черных тауып, сонан соң АҚШ-тың Кембридж қаласындағы Смитсон институтында орналасқан Халықаралық планета орталығы мақұлдаған. «Көкке бір кісі ұшады, етегіне мың кісі сияды» дегендей, бекзат та байтақ жұртымыздың бүгінгі және алдағы деңгейі Сәтбаевтың арманындай биік болады деп сенеміз.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор