• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Мектеп 27 Ақпан, 2024

Жайлы мектеп жайы

170 рет
көрсетілді

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 369 мектеп салынады. «Samruk-Kazyna Construction» тапсырысы бойынша 218 мектеп – 2024 жылы, 151 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі. Жоспар солай. Ал қарқын қандай?

Ұлттық жобаны жүзеге асы­рудың бірінші кезеңіне енген барлық 218 мектептің мер­дігерлері мен «Samruk-Kazyna Construction» арасында ЕРС-шарттарға қол қойылды. Жос­парланған білім беру ны­сан­дарының құрылысы да басталып кеткен. Енді сол мектептер талапқа сай болып, уақытында қолданысқа берілсе, еліміздегі орын тапшылығы мәселесін шешуге оң әсер етеді. Жоба бойынша 2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушы орны ашылады. Негізгі басымдық қала мен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайтуға бағыт­талған. Айта кетейік, салынған білім нысандарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде орналасады.

218 жайлы мектептің алғаш­қы легі жаңа оқу жылында берілсе, қалғаны жыл соңына дейін дайын болуы керек. Әу бастан жоба жоспардағыдай болады деп сендірген «Samruk-Kazyna Construction» басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов құрылыс жұмыстарын өзі барып, тікелей қадағалап жүр. Жұмыс қарқыны әр өңірде әртүрлі. Кейбір мердігерлер жақсы нәтиже көрсетіп жатса, кейбіреуіне қатаң ескерту жасалған.

Мәселен, Жезқазған қала­сын­дағы «Геологический» шағын ауданында 300 оқушыға арналған жайлы мектептің құрылыс қарқыны әлсіз. Себебі жоба құнын негізсіз қымбаттату жағдайларының анықталуына байланыс­ты жұмыстар тоқтатылған. Қазіргі кезде іргетас орны дайын, тас­палары мен блоктары ішінара орнатылған. Ал жос­пар бо­йынша нысан қырқүйек айында қолданысқа берілуі керек. Алайда 6-7 айдың ішінде апыл-ғұпыл салынған мектеп жайлы бола қояр ма екен.

Ақмолада да қарқын баяу. Мер­дігерлер Арқаның қолайсыз ауа райын алға тартып, жаңа оқу жылына дейін үлгермейміз деп шағынып отыр. Бірақ М.Ай­ман­бетов қысты сылтауратып, қарап отыратын уақыт жо­ғын айтты. «Егер мердігер 1 қыр­кү­йекке дейін мектепті тапсырып үл­герем десе, үлгереді. Егер бас­тапқыда өз-өзіне сенбесе, онда уақтылы аяқтай алмайды, жүз себеп пен сылтау іздейді. Түсі­ні­ңіз­дер, балалар күтіп отыр. Олар биылғы оқу жылында жаңа жайлы мектептің табалдырығын аттайтынына қуанышты», деді ол.

Айта кетейік, Ақмола облысында 18 жайлы мектеп салу жоспарланған. Биылғы жыл­дың соңына дейін Көкшетау қала­сында, Талапкер, Қоянды, Қара­жар, Қараөткел, Ақмол және Қабан­бай батыр ауылдарында 9 нысан пайдалануға берілуге тиіс. Мек­­тептерді «Bi Global» ЖШС, «Каз­­­стройподряд» ЖШС, «К.Г. С. Сау­да» ЖШС, «УК Строй» ЖШС, «Integra Sonstruction» ЖШС ком­па­ниялары салып жатыр.

Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы мердігер ұйым­дар­дың басшылары ұсақ-түйек шаруалар болмаса, құрылысты тежейтіндей күрделі мәселелер жоқ деп сендіріп отыр. Облыс әкімі де мектептердің сапалы салынып, уақтылы берілетінін айтты. «Ұлттық жоба белсенді сатыға өтті, сондықтан жұмысқа жауапкершілікпен қараңыздар! Бұл мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ұлттық жоба. Кейбір өңірлерде 10-50 мектеп салынып жатыр. Егер біз 4 мектепті сала алмасақ, ұят болады», деді Ғауез Нұрмұхамбетов мердігерлерге.

Ал Маңғыстау облысында білім күніне дейін 7 жайлы мектеп қолданысқа беруге дайын болуы керек болса, 6 мектеп жыл соңына дейін салынып бітуге тиіс. Жоспар орындалса ұлттық жобаның бірінші кезеңі өңірде 12,6 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал жалпы жұмыс қарқыны бойынша тек екі мектептің мердігерлеріне ескерту айтылды. Қазіргі кезде мәселе шешімін тапқан. Сондықтан оларға кестедегі мерзімге ілесіп кету үшін жұмысты күшейту тапсырылды.

Қостанайда да құрылыс жұ­мы­­сы қалыпты. Мәулен Ай­ман­­­бетовтің сөзінше, бар­лық мер­ді­гердің нысандарды­ уақ­ты­лы тап­сыра ала­тын мүм­кіндігі бар. Ол үшін жұ­мыс­ты 2-3 ауысымда ұйым­дас­тырып, құрылыс ке­зін­де жоба­дан ауыт­қымау керек. Айтылған сөз орындалса, биыл 6 мектеп есігін айқара ашады.

Ал Павлодар облысындағы мектеп мердігерлеріне М.Ай­ман­­бетов құрылыс аума­ғы­нан су құбыры мен кәріз желі­лерін шығару жұмыстарын жедел­детуді тапсырды. Бұл өңірде одан өзге айтарлықтай мәселе жоқ. Дегенмен мектептердің жобалық қуатын қысқарту тура­лы өзара ұжымдық шешім наза­ры­­мызды аудартты. Атап айт­қанда, «Жастар» шағын ауда­­нындағы жайлы мектептің жо­ба­­лық қуаты 1 200-ден 300-ге­ дейін, «Усольский» шағын ау­да­­­­­­­нындағы жайлы мектептің ж­о­ба­лық қуаты 1 200-ден 600-ге дейін азайған. «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының баспасөз қызметі оның себебін: «Бұл шағын аудандарда оқушы орын­дарының тапшылығы жоқ, сон­дықтан олардың ықти­мал жүк­темесі туралы мәселе туын­­­дай­­ды. Сонымен қатар құ­ры­­­­лыс алаңы тар», деп түсін­ді­ріп­ті. Бірақ бастапқы қара­жат 1 200 орын­дық мектепке есеп­те­ліп бөлін­гені белгілі. Осы тұс­та­ қар­­жы қайда кетеді деген сұрақ туа­­ды.

«Жайлы мектептің» ең көбі салынатын Түркістан облысында 2025 жылдың соңына дейін қала мен ауылдарда 49 мың оқушы орнына шақталған 63 білім ұясын салу көзделген. Өйткені бұл өңір орын тапшылығы мәселесі өте өзекті аймақтардың қатарында. Бекітілген кестеге сай 29 білім беру нысаны осы жылы қолданысқа берілмек, олардың 19-ы жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауға да­йын болады. Алайда 2 мектептің құрылысына жауапты жергілікті «Ar Kua Group» ЖШС жос­пардан қалып барады. Шаруа қарқынын тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» ком­паниясынан бөлек, жергі­лік­ті атқарушы органдар да, облыс әкімі де өз бақылауына алмақ.

Ал мектептердің қауіпсіздігі мен жабдықталуына келетін болсақ, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа фор­мат­тағы білім беру нысандарында бастауыш және жоғары сынып оқушыларына бөлек блоктар қарастырылатынын атап өтті. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз жүріп-тұруына мүм­кін­дік жасалады. Оқу орындарын жобалау кезінде кіре­беріс, жеделсаты, баспалдақ, оқу сыныбы, жуынатын бөлме бар­лығы ескеріледі. Заманауи техникалық құрал-жабдықтар орна­тылып, қауіпсіздік шара­ларын арттыруға ерекше назар аударылады. Цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі, дыбыстық хабарлау, есіктер мен блоктарды автоматты түрде құлыптау, лицензияланған күзет қыз­­меттерімен қамтамасыз еті­леді. Сондай-ақ мектеп жаб­дық­­тары тек отандық тауар өнді­ру­шілерден сатып алынады.

«Салалық қауымдастық өкіл­де­рінің ұсыныстарын ескере отырып, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған қосымша шаралар қабылданды. Құрылыс материалдары мен жиһаздар тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынатын болады. Бұл ретте сыртқы қасбеттерді безен­діру­де қолданылатын материалдар негізінен отандық өндірістің өнімі болады. Қосымша қолдау шарасы ретінде тиімді негіздегі алдын ала келісімшарттарды қолдану көзделіп отыр», деді министр.

«Жайлы мектептерге» жақ­сы маман даярлау да кезек күт­тір­мейтін мәселе. Премьер-ми­нистр­дің орынбасары Тамара Дүй­сенова Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағар­ту министрлігіне осы іске қазір­ден бастап кірісуді және жауап­кер­шілікпен қарауды тапсырған.