Отандық педагогтер «TALIS» халықаралық зерттеуіне қатысады. Зерттеу мұғалімдер мен директорлардың әлеуетін тексереді. Осылайша, еліміздің педагогикалық корпусының әлеуеті анықталмақ.
Осы жылдың ақпаны мен наурызы аралығында 50-ден астам елдің қатысуымен «TALIS-2024» төртінші циклі өтеді. Оған еліміздегі 378 мектептің 8 мың-ға жуық мұғалімі мен директоры қатысады. Мұғалімдердің еңбек жағдайларын және мектептердегі білім беру ортасын бағалайтын зерттеудің нәтижелері 2026 жылы жарияланады. Талдау республиканың сегіз макроөңірі бойынша ұсынылады. Қазақстан бұл зерттеуге 2018 жылдан бері қатысып келеді. Әр алты жыл сайын экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қолдауымен өткізіліп келеді. Педагогикалық корпусының күшті және әлсіз тұстарын анықтайтын «TALIS» ең ауқымды халықаралық зерттеулердің біріне айналған. Мектептердегі педагогтер мен білім беру ортасының жұмыс жағдайларын тәуелсіз бағалау білім саласының өрісін кеңейтеді.
– Бұл циклдің ерекшелігі білім беру жүйесінің қазіргі мәселелері туралы жаңа сұрақтардың қосылуы: әртүрлілік пен теңдік, оқушылардың әлеуметтік және эмоционалдық оқуы, білім беру мақсатында технологияларды пайдалану және қоршаған орта мен тұрақты даму бойынша білім беру. Зерттеуге Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының, Республикалық білім мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының, «Өрлеу» БАҰО сарапшылары және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушылары бірлесіп әзірлеген ұлттық мәселелер енгізіледі, – деді Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.
Зерттеудің нәтижесі қалай болары беймәлім. Дегенмен бүгінде еңбек жағдайы мен білім беруге байланысты бірқатар өзгеріс болып жатыр Оқу-ағарту министрлігі бұл бағыт бойынша бірқатар іс атқарды. Мысалы, Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп сапа құзыреттілік моделін пайдалану арқылы педагогикалық білім беруді қайта форматтау жұмысы жүргізіліп жатыр. Студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту мен практиканың жаңа форматын енгізу ісі де күн тәртібіндегі мәселеде тұр. Одан бөлек, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылдан бастап білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын іріктеуді бастады. Қазір «Білім берудегі жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында іріктеуден сәтті өткендер іске сақадай сай тұр. Кадрлық резервке өткен үміткерлер отандық білім сапасын арттыру және педагог кадрларды кәсіби даярлауға баса назар аудару қажет.
– Өткен жылдың басында Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі білім сапасын одан әрі арттыру үшін 5 негізгі бағытты айқындады. Олардың ішінде менеджментті нығайту және кадрлық резервті қалыптастыру да бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз «1000 өзгерістер көшбасшысы» жобасын іске қостық. Бұл – отандық білім жүйесін дамытудың жаңа кезеңі. Сегіз айдың ішінде сіздер іріктеуден өтіп, жеке, кәсіби, басқарушылық, аналитикалық дағдылар мен құзыреттеріңізді дамыттыңыздар. Енді сіздер нағыз көшбасшылар ретінде еліміздегі білім беру жүйесінің сапасын арттыруға өз үлесіңізді қосуларыңыз керек. Ең бастысы – балаларымыз бен педагогтерімізге жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру, – дейді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Жобаның алғашқы кезеңіне барлығы 8 068 өтінім берілген. Үміткерлер құзыреттілікті бағалау, үш деңгейлі оқыту, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесу сынды сынақтардан өтті. Үміткерлерді іріктеу және біліктілігін арттыруды «Педагогикалық шеберлік орталығы» өткізді. Барлық бес кезеңнің қорытындысы есепке алынып, Республикалық кадр резервіне 208 кандидат кірді. Осы тізімге іліккен Астана қаласының А.Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицей директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Мұқашев білім саласындағы бағытымды анықтау үшін жобаға қатыстым дейді.
– Жобаға қатысу менің басқару тәсілімді түбегейлі өзгертті. Балаларымызға қолайлы жағдай жасау және ұжыммен бірге қай бағытта дамитынымыз туралы ойлана бастадым. Ең бастысы, бұл жоба әріптестерімнің болашаққа және өз күштеріне деген сенімін арттырды, – деді үміткер.
Жасампаз жаңа буын еліміздегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге көмектесіп, жаңа мектептерді, оның ішінде жоғарыда жазылып тұрған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынып жатқан мектептерді басқаруға жіберіледі.