Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және өнеркәсіп инженерлерінің жаңа буынын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Қазақ-неміс инжиниринг институты ашылған еді. Аталған оқу орны жасыл сутегін өндіретін зауытқа инженерлер даярламақ.
Қазақ-неміс инжиниринг институтын ашудағы мақсат – үздік неміс тәжірибесін енгізу, экономика қажеттілігін ескере отырып, сапалы инженерия мамандарын даярлау, Германия жоғары oқy орындары мен Yessenov University кәсіби және мәдени ынтымақтастығын нығайту.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында энергетика саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылып келеді, соның бірі – жасыл сутегін өндіретін зауыт. Осыған орай, жаңа Қазақ-неміс институты 2030 жылға дейін инженерия саласындағы озық тәжірибе негізінде мың студентті оқытып, жергілікті жастар мен еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындары арасында сұранысқа ие техникалық мамандарды даярлау жоспарланған.
Бакалавриаттың алғашқы студенттерін оқыту осы жылдың қыркүйек айында басталды. Биылғы оқу жылында дайындық екі бакалавриат бағдарламасы: Гамбург техникалық университетінің «Энергетика және экология инженериясы» және Вильдау техникалық университетінің «Логистикасы» бойынша жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі кезде онда 44 студент оқиды.
Кешенді оқу бағдарламасы Ш.Есенов атындағы университетте үш жыл және Германиядағы серіктес университетте бір жарым жыл оқу мерзімін қамтиды. Осыған байланысты жаңа ЖОО-да неміс тілін үйренуге көп көңіл бөлінеді.
Білім беру бағдарламасы алдағы уақытта сегіз бакалавриат және алты магистратура бағдарламаларына дейін көбейеді.