Польшаның астанасы Варшавада Еуропа кубогі өз мәресіне жетті. Бұл жарысты Қазақстанның дзюдошылары қос қола медальмен қорытындылады.
60 кг салмақ дәрежесінде күрескен Шерзод Давлатовтың тек франциялық Максим Мерлине әлі жетпеді. Өзге қарсыластарының барлығынан басым түскен ол команданың қоржынына алғашқы жүлдені салды. Жұбаныш белдесуінде отандасымыз Францияның тағы бір өкілі Винсент Лимардың аяғын көктен келтірсе, үшінші орын үшін тартыста грузиялық Тома Гелашвилиді тізе бүктірді. Әйелдер арасында аса ауыр салмақта белдескен Мәдина Парагулгова дәл сол межеден көрінді.
Варшавада Ердәулет Бозша (66 кг) пен Айбек Серікбаевтың да (+100 кг) жеңіс тұғырына көтерілуге жақсы мүмкіндіктері болды. Алайда олар қола медаль үшін бәсекеде ұтылып, бесінші орынды қанағат тұтты.