Биылғы қыс жылқыға жайсыз болып тұр. Онымен қоса, мал ауруы да ауылдағы ағайынның мазасын қашырған. Әнеугүні Бұқар жырау ауданындағы Төрткөл аулындағы жылқылардың аяғы іріңдеп, жарасы денесіне жаппай тарап, қырылған еді. Ветинспекция мамандары бірнеше қайтара сынама алған соң барып, аурудың лимфангит екенін анықтады.
«Былтыр облыс аумағында аса қауіпті аурулардың тоғыз түрі, қарасан, құтыру, вирустық диарея, инфекциялық ринотрахеит, туберкулез, бруцеллез, күйдіргі, құстардың ньюкаслы бойынша 22 қолайсыз ошақ тіркелді. Одан әрі таралуына жол бермес үшін карантин шаралары уақытша енгізілді. Оның 17 ошағы сауықтырылса, 5-де тиісті шаралар жасалып жатыр», дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков.
Бұл жолғы ауру жылқыдан анықталды. Төрткөл аулының тұрғындары жылқылардың жаппай қырылып жатқанына алаңдап, шенеуніктер бұған назар аудармай отыр деп әлеуметтік желіде шу көтерген еді.
«Комиссия келіп, жылқылардың қандай инфекция жұқтырғанын анықтау үшін талдау жасады. Соған сүйенсек, бұл лимфангит емес. Бірақ мұны лимфангит деп санаймыз. Неге? Өйткені өткен жылдың мамыр айынан бері Үміткер деген көрші ауылда лимфангит болды. Біздің ауылдың жылқылары көрші ауылдың жылқыларынан жұқтырған шығар. Ол жерде лимфангит ауруы расталып, ауыл тұрғындарына өтемақы төленді. Ал шенеуніктер біздің мал шығынына өтемақы төлегісі келмейтін сияқты. Сондықтан лимфангитті мойындамай, басқа ауру деп отыр. Бірақ біз оның белгілерін көріп отырмыз, аяғынан басына дейін іріңді жаралар шыққан. Бұдан жылқы өледі», деп шыр-пыр болған еді шаруа қожалық басшысы Мәдениет Жұмаділдә.
Ауылдағы шаруалардың айтқаны айдай келді. Биологиялық сынамаларды зерттеу қорытындысында жылқының эпизоотиялық лимфангиті расталды. Жоғарыда атап өткеніміздей, бірнеше сынамадан соң барып бір-ақ расталды. Бұған дейінгі зертхана қорытындылары бұл ауруды жоққа шығарған еді.
Сол уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі (АШМ): «Үміткер аулында 2023 жылғы мамырдан бастап жылқылардың эпизоотиялық лимфангиті бойынша карантин енгізілген болатын. Сол кезде республикалық бюджеттен өтемақы төленіп, аталған елді мекендегі 185 жылқы жойылды. БАҚ пен әлеуметтік желілерде 2024 жылдың 15 қаңтарында Е.Бековтің «Ержан» ШҚ-дағы екі жылқыда эпизоотиялық лимфангиттің клиникалық белгілері байқалғаны туралы ақпарат жарияланды. 16 қаңтарда екі жылқыдан сынама алынып, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты Республикалық ветеринарлық зертхананың Қарағанды облыстық филиалына жеткізілді. Зертхананың талдау нәтижесі теріс болып шыққан» деген ақпар берді.
Бұған дейін 4 қаңтарда ветмамандар Төрткөл аулындағы фермер М.Жұмаділдәнің жылқыларынан екі сынама алыпты. Былтыр да осы кісіге тиесілі бес жылқыдан сынама алынған. Ол кезде де талдау «теріс» деп көрсеткен.
«Арнайы комиссия 2024 жылы 2–3 ақпанда мониторинг жүргізу үшін Үміткер ауылдық округіне барды. Олар Үміткер, Төрткөл, Үлгі ауылдарындағы сау, жайылымда жүрген және ауру жылқылардан биологиялық және патологиялық материалдар сынамаларын алды. Сондай-ақ мамандар жергілікті тұрғындармен кездесті. Комиссия сапары кезінде «Ержан» шаруа қожалығының иесі сынама алу үшін жылқыларын бермеген еді. Сол себепті 6–7 ақпанда Үлгі аулында жылқылардан қосымша 11 сынама және Төрткөл аулындағы, атап айтқанда, «Ержан» ШҚ-дағы екі жылқыдан сынама алды», деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
«Зертханалық қорытындыдан эпизоотиялық лимфангит дәлелденді. Енді карантин енгізілді. Карантин кезінде АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы отряды» тарапынан әр 15 күн сайын аулалар дезинфекцияланады. Әр бес күн сайын үйірлерге клиникалық тексеріс жүргізіледі. Қора-жайларды әбден тазалап, толығымен дезинфекциялаған соң, шамамен үш айдан соң карантин алынады. Былтыр жылқысы қырылған Үміткер аулы тұрғындарына келтірілген барлық шығын өтелді. Міне, Төрткөлдегі жылқылардан да ауру анықталды, карантиндік аймақ енгізілді. Шаруаларға өтемақы беріледі», дейді Қарағанды облыстық аумақтық ветеринария инспекциясының басшысы Ержан Бекетбаев.
Төрткөл аулында – 22 бас, Үлгі аулында 11 бас оқшау тұр. Бұқар жырау ауданы Үміткер ауылдық округі әкімінің шешімімен Үміткер ауылдық округі аумағында карантин белгіленді.
Мұндай жылқы ауруы Қарқаралы ауданында да анықталды. Ынталы аулындағы «Казпром Корпорация» ЖК иелігіндегі 10 жылқы тіркелген. Ынталы ауылдық округі әкімінің шешімімен мұндағы жылқы жайылымына карантиндік іс-шаралар белгіленетін болады. Карантин енгізілген аймақтарда жылқы сойып, етін сатуға және тұтынуға тыйым салынды.
«Инфекцияның бұл түріне «Отар» ғылыми-зерттеу институты вакцина шығарған. Ол зертханалық жай-күйде тексерілді. Вакцинаны карантин қойылған аумақтың сау малдарына егуге дайынбыз», дейді Е.Бекетбаев.
Мал ауруы ауылдағы ағайынның мазасын осылайша қашырып тұр.
Қарағанды облысы