• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Ақпан, 2024

43 елді мекенді су басу қаупі бар

199 рет
көрсетілді

Биыл қыстай түскен қар мен ақпанда жауған жаңбыр Ертіс –Баян өңірінде су тасқыны қаупінің жоғары болатынын аңғартқандай. «Қазгидромет» мекемесінің мамандары қардың жамылғысы өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға, топырақтың тоңдануы 8 пайызға жоғары екенін айтады. Облыс бойынша 43 елді мекен төтенше жағдайлар қызметінің айрықша бақылауына алынды.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдай­лардың алдын алу басқармасының бастығы Шакир Ахметовтің ай­туын­ша, негізгі қауіп Баянауыл ауданында туындауы мүмкін.

«Қарағанды облысының аума­ғындағы Ақжар, Қаратоқа бөгет­терінен су мол келетін бол­са, Ащысу өзені тасып, жолай бір­неше елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін. Жалпы, Баянауыл бойын­ша 17 ауылда су тасу қаупі бар. Топырақтың тоңдануы бойынша Успен, Шарбақты аудандарында алаңдаушылық бар, кейбір жерлерде екі метр тереңдікке дейін мұз қатқан. Көктемде қар жылдам еритін болса, елді мекен­дерді мол су басуы мүмкін. Сон­дықтан ойпаң жерлерде орна­ласқан ауылдар маңында то­пырақ үйінділерін тұрғызып ж­атырмыз. 26 мың дана құм тол­тырылған қапшық, 37 мың тонна инертті материал, 120 тонна жанар-жағармай қорын дайындап қойдық. Төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін 1 702 адам, 616 бірлік техника, 42 жүзу құралы және 198 мотопомпалар дайы­н. Халықты эвакуациялаудың 43 пункті әзірленді. Биылғы қыс басынан елді мекендерден 636 мың текше метрден аса қар шығарылды, 10 наурызға дейін 1 475 су өткізу құбырын ашу жос­парланып отыр», дейді ол.

Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облысы бойынша филиал директорының орынбасары Алексей Логвиненконың дерегінше, өңірдің республикалық жолдарында су басуы ықтимал төрт учаске бар. Олар Баянауыл, Ертіс, Май аудандары аумағында орналасқан. Жазғытұрым қар күрт ерісе, кейбір жолдың үстімен қызыл су жүріп өтуі мүмкін.

Негізгі қауіп Қалқаман – Баян­­ауыл – Үміткер – Ботақара автожолындағы екі учаскеге тө­нуі ғажап емес. Әсіресе 231-ші шақырымы осал деп танылып отыр.

«Бұл жерде су өткізетін екі тю­бингті және бір темірбетон­ды құбыр орналасқан. Бірақ авто­жолдың өзі ойпаң жерде. Жазғытұрым сай-саламен жүгі­ретін су көп жиналса, жолдың үстімен жүріп өтетіні анық. Сондықтан біздің кәсіпорын қызметкерлері ол жерге ірі және қиыршық тас, құм толтырылған қаптар, өзге де инертті материалдарды дайындап қойды. Екінші учаске – 100–105-ші шақырым аралығы. Ол жерге екі және үш аралықты үлкен көпірлер салынған. Мұндағы асфальтты жол да ойпаңмен өтеді. Ащысу өзені арқылы ағыл-тегіл ағатын су қатты жайылса, жолға шығып ке­туі ықтимал», деп ескертті маман.

Үшінші қауіпті учаске – Ата­мекен – Ертіс – Русская поляна бағы­тындағы республикалық жолдың Ресеймен шекаралас тұсындағы 5,8 шақырымдық айналма жол. Негізгі автожол жөн­деуге жабыл­ғандықтан, 2022 жылы айналма жол салынған. Былтыр су өткізетін құрылыстардың жет­кіліксіздігінен айналма жол­дың бір бөлігін су басып, биікте­тілген жерді жырып өткен. «ҚазАвтоЖол» күшімен былтыр 11 су өткізетін құбыр төсе­ліпті. Бірақ биыл Ертіс ауданында қар­дың мөлшері өте көп екенін ескерсек, бұл құрылыстардың төтеннен келетін мол суға төтеп бере алатынына күмән мол.

Соңғысы – Атамекен – Көк­төбе – Үлкен Ақжар – Курчатов авто­жолының 213-шақырымы. 2018 жылы көктемде дәл жанынан өтетін теміржолдың үлкен су құбыры кенеттен ашылғанда, лап қойған су көлік жолын басып қалған. Биыл да сол жағдай қайталануы мүмкін.

Өңірлік жұмылдыру дайын­дығы және азаматтық қорғау бас­қармасының басшысы Қанат Кәрімовтің дерегінше, жалпы облыс аумағындағы барлық автожолда 1 279 су өткізетін құрылыс бар. Олар жергілікті атқарушы билік­тің күшімен 10 наурызға дейін қар­дан аршылып, дайын тұруы керек. Жалпы, қыс басынан облыс аума­ғында орташа алғанда 96 мм қар түс­кен. Кейбір жерде, мәселен, Ер­тіс, Железин аудандарында ыл­ғал­дың аса мол қоры байқалып отыр.

«Қазгидромет» өңір­лік фи­лиалының бөлім басшысы Оксана Овсянникованың ойынша, қар суының жерге сіңуі баяу жүруі мүмкін. Синоптиктердің кон­сультативтік болжамына сүйенсек, наурыз айы Павлодар облысында құбылмалы болады. Наурыздың үшінші онкүндігінде қар мен жаң­быр аралас боранды күндер жиі болуы мүмкін. Ал сәуір мен мамыр айында ауа температурасы әдеттегіден 1–2 градусқа жо­ғары болады деген болжам бар.

 

Павлодар облысы