Төрт жылдан бері Қостанай облыстық балалар ауруханасындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмай тұр. Әу баста мердігер компания өзіне міндеттелген жұмысты жарты жылдың ішінде аяқтап, жаңарған ғимаратты қайта тапсырып беруге тиіс еді. Өкінішке қарай, аурухана ғимараты әлі бос тұр, тоқырап қалған жөндеу жұмыстары жанданар емес.
Алты қабат аурухана ғимаратын жөндеуден өткізуге 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республика бюджетінен 1 млрд 204 млн теңге бөлінген. Қомақты қаржының 920 млн теңгесі игерілгенімен, қалған қаржы жұмысты аяқтауға жетпей қалған. Мұның соңы дау-дамайға ұласып, ақыры мердігер шеттетіліп, емдеу мекемесінің басшысы жұмыстан кетіп тынған.
Таяуда облыстық мәслихат депутаттары емдеу мекемесін жөндеуге бюджеттен қосымша 1,5 млрд теңге бөлу туралы ұсынысты мақұлдады. Сол-ақ екен, балалар ауруханасы төңірегіндегі дау тағы ушықты. Себебі өткен тамыз айында облыстық балалар ауруханасының басшысы күрделі жөндеу жұмыстарының 20 пайызы бітпей тұр деп мәлімдеген. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев таяуда ғана БАҚ өкілдерімен кездесіп, бұрынғы мердігердің жұмыстың орындалуы туралы құжатты өткізбегенін, сондықтан ғимаратқа жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасы мен деңгейін анықтауға біраз уақыт кеткенін айтты. Басқарма басшысының айтуынша, бұрынғы тапсырыс беруші мен мердігердің техникалық құжаттамасы болмаған. Соның салдарынан сараптама жұмысы да жылдан аса уақытқа созылып кеткен.
Басқарма басшысы: «Бұрынғы мердігер жөндеу жұмыстарын осыдан үш жыл бұрын жүргізді. Сондықтан ғимараттың жөндеуден өткен кейбір жерлерін қайтадан жөндеуден өткізуіміз мүмкін. Қазір ауруханаға жүргізілуге тиіс жөндеу жұмыстарының 50 пайызы бітпей тұр. Мұны аяқтау үшін 1,5 млрд теңге қаржы керек. Мұның сыртында 2020 жылдың есебімен алатын болсақ, 1 млрд 200 млн теңгеге бағаланған күрделі жөндеудің 50 пайызы шамамен 500 млн теңге болады. Үш жылдың ішінде құрылыс материалдарының бағасы 2,5-3 есе өсіп кетті. Осыны ескерсек, қазір 500 млн 1,5 млрд теңгеге барып қалады», деген.
Алайда бұрынғы мердігер «Вершина» серіктестігінің заңгері Талғат Хамитов облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының жалған мәлімет беріп отырғанын, осы арқылы журналистер мен өңір басшылығын адастырып отырғанын айтады. Заңгердің айтуынша, ғимараттағы жөндеу жұмыстарының 95 пайызы бітіп тұр. Ал атқарылған жұмыстардың сомасы 1,8 млрд теңге болады.
«Жоғарғы соттың қаулысында «Вершина» серіктестігі жұмыс ауқымының 95 пайыздан астамын орындады», деп анық жазылған. Орындалмағаны – 5-ақ пайыз. Оған әрі кеткенде 60 млн теңге қажет. Басқарма басшысы 1,5 млрд дегенді қайдан алып отырғанын түсінбеймін. Біздің серіктестік ертең-ақ жұмысқа кірісуге дайын. Рұқсат берсе, 300 млн теңгеден асырмай күрделі жөндеуді аяқтап шыға алатынымызды ресми түрде мәлімдеймін», дейді Т.Хамитов.
Осыдан кейін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов мәслихат шешімін уақытша тоқтатып, мәселенің мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылатынын мәлімдеді. Қос тараптың талап-тілегін тыңдап шыққан әкім тиісті орындарға аурухананы жөндеу жұмыстарын аяқтауға қажетті қаражатты кім, қалай есептегенін тексеруді міндеттеп, жағдайды жан-жақты зерттеу үшін арнайы жұмыс тобын құру туралы өкім шығарды.
Облыс әкімі жұмыс тобын тікелей өзі басқарды. Топ құрамына жергілікті атқарушы билік өкілдерінен тыс облыс прокуратурасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу департаменті, мемлекеттік ішкі аудит департаментінің өкілдері және мердігер компанияның басшысы кіреді. Жұмыс тобының мүшелері өз құзыреті аясында мәселені зерделеп, ұсыныстар енгізеді. Мәселенің түйіні қашан шешілетінін қазірше ешкім дөп басып айта алмайды. Ал үлкендер бір мәмілеге келгенше науқас балалар бұрынғы инфекциялық орталықты паналай тұрады.
Қостанай облысы