• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 27 Ақпан, 2024

Көп күткен күре жол құрылысы аяқталады

155 рет
көрсетілді

«Қарағанды – Балқаш – Алматы» тасжолының құрылысы түрлі себепке байланысты сағызша созылды. Жылда айтылатын уәде – «биыл бітіреміз». Ендігі уәде жауаптылардың кәдесіне жарамайын деп тұр. Маңызды күре жолдың аяқталу мерзімі – Мемлекет басшысының назарындағы мәселе. Жақында ғана Қарағандыға жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Олжас Бектенов барлық жұмысты жыл соңына дейін толық аяқтау қажеттігін қадап айтып, өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.

«ҚазАвтоЖолдың» соңғы берген уәдесі бойынша, былтыр мамыр айын­да «Қарағанды – Алматы» тасжолы толығымен бітіп, жолаушылар автобанмен қатынауы керек-тін. Бірақ құрылыс жұмысына қажет материал бағасының күрт өсіп кетуіне байланысты мерзімі тағы кешеуілдеді. Енді биыл қарашаға дейін тәмам болуға тиіс.

Шынымен, тасжолға төселетін мате­риал­дың бағасы екі есе шарықтап кетіп­ті. Мәселен, ПЦ 400-Д0 маркілі порт­ландцементтің құны сметалық құ­жатта – 16 330 теңге болғанда бекі­тіл­ген екен. Қазіргі құны – 35 897 теңге тұрады. Жол құрылыс битумы 100/130 маркісінің жобалық-смета­лық құжаттағы құны – 106 230 теңге болса, бүгінгі бағасы – 210 146 теңгеге қым­баттаған. Одан бөлек, арматураның жобалық-сметалық құжаттағы құнын  170 310 теңгемен есептесе, ол 376 202 тең­геге күрт көтерілген.

«Осыған байланысты жобалау-сме­талық құжатқа түзетулер енгізілді. Соның салдарынан жұмыс жоспарын тағы бір жыл шегеруге тура келді. Бұл жағ­дайды «ҚазАвтоЖол» ҰҚ акцио­нер­лік қоғамы мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігі Автомобиль жолдары комитеті бірлесе отырып қарастырды. Жобаның бастапқы құны 248 млрд теңге болса, қазір бағаның шарықтауынан 317 млрд теңгеге жетіп отыр», дейді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ акционерлік қоға­мы­ның баспасөз қызметі.

Бүгінгі күнге дейін жұмыстың 85 па­йызы орындалған. Құрылыс бастал­ғалы жолдың астыңғы топырақ қабаты үшін 36,4 млн текше метр материал төсел­ген.

«Яғни 714,8 шақырым астыңғы және 719,3 шақырым үстіңгі топырақты, қиыршық тасты қабаттар. Қазір жол­дың 701 шақырымына (қарама-қар­сы бағыттарды есептегенде) асфальт жабындысының бірінші қабаты төсел­ген. Барлығы 720 шақырым болуға тиіс. Ал асфальт жабындысының екінші қа­баты жолдың 158,6 шақырымына төсел­ген. Жол бойында 4 шақырым айналма жолдар ғана қалды. Дегенмен автобан­ның қарама-қарсы бағыттарын бөліп тұратын қоршау мен жол белгі­ле­рінің жоқтығына байланысты көлік қозғалысы үшін барлық төрт жола­ғы бірден ашылмады. Тек екі жола­ғына ғана жүруге рұқсат етілген. Осы күнге дейін 11 көпір салынған. Ал су өткізу құбырларының жалпы саны 311 болса, соның 309-ы салынған. Қалған жұмыстар биыл аяқталуға тиіс. Қыс бойы құрылысқа қажетті материалдарды дайындадық», дейді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ акционерлік қоғамының Қарағанды облыстық филиалының ресми өкілдері.

Білуімізше, алдағы құрылыс маусымына дайындық жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Биыл жұмысты межесіне жеткізу үшін 795 жол маманы мен 610 техника жұмылдырылады.

Ауыл шаруашылығы техникасына арналған 32 жол өткелі бойынша жұ­мыс 97 пайызға жүзеге асты. Балқаш қа­ла­сындағы жолайрық аяқталып, Ақсу-Аюлы елді мекенінен айналып өтетін жолайрық дайындалып жатыр. Мұнымен қоса, Балқаш қаласының айналма жолында теміржол арқылы өтетін жол өтпесі де дайын. Келісімшартта құрылыстың аяқталу мерзімі 2024 жылдың 30 қарашасы деп көрсетілген.

Енді жыл соңына дейін жобаның орындалу мерзіміне жанталасатын жауап­тылар сапа жағын жылы жауып тас­тамаса дейміз. Дегенмен мұны «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» жіті назарында ұстайды. Жауапты компания төрт жолақты автобанды жыл соңына дейін аяқтамай жыр қылса, онда көптің көкейінде «жолға бөлінген қыруар қаржы қолға кетті ме?» деген көлеңкелі ой туады.

 

Қарағанды облысы