Қазақстанның теннисшісі Дмитрий Попко өткен аптада керемет ойын өрнегін көрсетіп, өз жанкүйерлерін қуантты. Айналдырған бір ай аралығында АҚШ-тың Санрайз және Палм-Коуст қалаларындағы ITF турнирлерінде топ жарған отандасымыз күні кеше ғана аталған мемлекеттің Нейплс шаһарында да қарсылас шыдатпады.
Аталған доданың ширек финалында ол румыниялық Габи Адриано Бойтанодан басым түсті – 7:5, 7:6. Жартылай финалда Доминикан Республикасының өкілі Роберто Сид Сувериге сан соқтырды – 6:3, 4:6, 6:2. Финалда эквадорлық Андрес Андрадемен әбден тіресті. Бірінші сет Оңтүстік Америка ойыншысының пайдасына шешілді. Екіншісінде, Дмитрий 1:5 есебімен ұтылып жатып, керемет камбэк жасады. Сол екпінімен үшінші сетті де табысты аяқтады. Нәтижесінде, 3:6, 7:6 және 6:4 есебімен жеңіске жеткен Попко АҚШ-тағы турнирлерде қатарынан үшінші мәрте бас жүлдені олжалады.
Өкінішке қарай, еліміздің үздік теннисшілері өткен аптаны сәтсіз аяқтады. БАӘ-нің Дубай қаласында ұйымдастырылған жүлде қоры 3 211 715 долларды құрайтын турнирді Елена Рыбакина жап-жақсы бастады. Алғашқы айналымда бос болған отандасымыз екінші кезеңде әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, беларустік Виктория Азаренконы жолынан ығыстырды. Іле-шала WTA рейтингінде 53-орында тұрған польшалық Магдалена Френхке қарсы ойында 7:6, 3:6, 6:4 есебімен басым түсті. Ширек финалда Рыбакина әлемнің 26 ракеткасы италиялық Ясмин Паолинмен күш сынасуға тиіс еді. Алайда сын сағатта денсаулығы сыр беріп, соның салдарынан Елена жарысты аяқтауға мәжбүр болды.
Дохадағы АТР турнирінің бастапқы бәсекелерінде қарсыластарын қапы қалдырған Александр Бублик ширек финалда сүрінді. Ол ойда-жоқта Аустралияның өкілі Алексей Попыринге 4:6, 4:6 есебімен есе жіберді. Осы кездесуде жеңіске жеткенде отандасымыз ТОП-20 теннисшінің қатарына енетін еді. Бірақ Бубликке ондай бақ бұйырмады. Таиландта өнер көрсетіп жатқан Жібек Құламбаева да дәл сол межеде жеңілістің кермек дәмін татты. Қазақ қызы бельгиялық Клара Власселардан жеңілді – 6:2, 4:6, 4:6.
Дубайда ATP-500 додасының тұсауы кесілді. Бұл жарыста Қазақстанның қос теннисшісі бақ сынап жатыр. Александр Шевченко алғашқы айналымда әлемнің төртінші ракеткасы ресейлік Даниил Медведевпен күш сынасты. Ал Александр Бублик чехиялық Томаш Махачпен шеберлік байқасты. БАӘ-дегі турнирдің жүлде қоры 113 270 долларды құрайды.