• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Ақпан, 2024

Қарсылас шыдатпаған Қытай

93 рет
көрсетілді

Үстел теннисінен Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен командалық әлем чемпионаты аяқталды. Кіл мықтылар жиналған жарыста Қазақстанның ерлер құрамасы өз тарихындағы ең айтулы көрсеткішке қол жеткізді.

Желестеріміз топтық турнирде  Сауд Арабиясы (3:0) мен АҚШ-ты (3:1) ұтып, азулы Англия (2:3) мен Германияға (2:3) бір ұпай айыр­машылығымен ғана есе жіберді. Осы орайда қарсыластар командасының намысын бірнеше дүркін Олимпия ойындары, әлем және құрлық чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қорғағанын айта кету керек. Сақа спортшыларға біздің жігіттер лайықты қарсылық көрсете алды. Сол нәтиже арқылы Қазақстан өз тобында екінші орын иеленіп, ТОП-24 команданың қатарына қосылды.

Келесі кезеңде 1/8 финалдық бәсекенің жолдамалары сарапқа салынды. Бұл межеде отандас­тарымыз Үндістанның үстел теннисшілерімен күш сынасты. Олар – Азия біріншіліктерінде төрт рет жүлде алып, әлемдік додаларда тәуір ойнап жүрген мықты ұжым. Үнді елінің өкіл­­дері былтырғы құрлық чем­пио­­­натын үшінші орынмен қо­рытындылады. Аса шиеленісті өткен сайыста Қазақстан құрама­сы өз қарсыластарына 2:3 есе­бімен есе жіберді.

Пусандағы жарыста біз Ки­рилл Герасименконың асқан ше­берлігіне тәнті болдық. Әлемдік рейтингте 40-орында тұрған 27 жастағы Астананың тумасы тоғыз кездесудің барлығында жеңіске жетіп, 100 пайыздық көр­сеткішке қол жеткізді. Отан­дасымыз Германияның қос саң­лағы – Олимпиадада алты (2 күміс, 4 қола), әлем чемпионатында бес (4 күміс, 1 қола), Еуропа ойын­дары (3 алтын), құрлық чем­пионаты (10 алтын, 3 күміс, 2 қола) және Әлем кубогінде (1 ал­тын, 4 қола) сан мәрте атой салған Дмитрий Овчаров (Германия) пен командалық сайыста әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жекелеген бә­секеде Еуропаның үш дүркін чемпионы, Еуропа ойындарының екі мәрте жеңімпазы Цю Дан­нан басым түсті. Сол се­кілді Ұлы­­­британияның оғлан­да­ры, ко­мандалық әлем чем­пио­на­ты­ның қола жүлдегерлері Пол Дринхолл мен Лиам Питчфорд және АҚШ құрамасы сапындағы үндістандық легионерлер Сид Нареш пен Никхил Кумарды қа­пы қалдырды. Расында, Ки­риллдің Пусандағы табысы талайларды тамсандырды.

Еліміздің әйелдер құрамасы Аустралиядан (3:2) басым түс­к­енімен, келесі кезеңдерде Аус­­трия, Гонконг және Пор­тугалиядан жеңіліп, жарысты одан әрі жалғастыра алмады.

БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Елмира Әлиева: «Ер­лер құрамасының басты мақсаты топтық турнирден шығып, келесі кезеңге өту еді. Ол жоспарды ойдағыдай жүзеге асырдық. Нә­тижесінде, біздің жігіттер жал­пы есепте 40 мемлекеттің ара­­сында 17-орынды иеленді. Үстел теннисшілеріміз бұл межеге алғаш рет жетіп отыр. Елі­­міздің әйелдер құрамасы Оң­түстік Кореяға анық аутсайдер ретінде аттанғанымен, Аус­тралиядан айласын асырды. Ал өзге қарсыластарымыз, шыны керек, өте мықты болды. Қорытынды есепте қыздар 25-сатыға тұрақтады. Бұл да – әйелдер құрамасының әлемдік додадағы ең жақсы көрсеткіші», деді.

Әлем чемпионатының ал­ғашқы екі кезеңінен сүрінбей өткен командалар ширек финалда жолықты. Бұл межеде Қытайдың ерлер құрамасы Жапонияны (3:0), Оңтүстік Корея Данияны (3:1), Франция Португалияны (3:1) және Тайпей Германияны (3:0) жолдан ығыстырды. Жар­тылай финалда әлемдік рей­тингтің көшбасшылары Оңтүстік Кореяны (3:2) әзер ұтса, француздар тайпейліктерді (3:1) тізе бүктірді. Финалдық сайыс­та Қытай елінен келген саң­лақтардың мерейі үстем болды. Олар Францияны 3:0 есебімен жеңді. Осылайша, Қытайдың үстел теннисшілері командалық әлем чемпионатында қатарынан 10 рет, барлығы 22 мәрте топ жарды.

Ал әйелдер арасындағы жа­рыстың жартылай финалында Қытай Францияны (3:0), ал Жапония Гонконгті (3:0) жеңді. Сөйтіп, сары құрлықтың қос командасы бас жүлдені өзара сайыс­та сарапқа салды. Бұл бәсеке бір ғана ұпай айырмашылығымен Қытай спортшыларының же­ңі­сімен аяқталды. Сөйтіп, олар да аталған жарыстың бас жүлдесін 22 рет иеленді.