2022 жылдың маусым айынан бері «Астана» баскетбол клубының бас бапкері қызметін атқарған Олег Киселев өз орнын босатты. Оның орнына Фотиос Такианос келді. 55 жастағы грекиялық маман 1994 жылы ПАОК-пен бірге Корач кубогін олжалады. 2004 жылдан бері жаттықтырушылық қызметте. Сол кезден бері өз елінде, Қатар, Кипр және Косовода еңбек етті. 2021/22 жылғы маусымда Такианос Грекияның ең білікті бапкері деп танылды.
Филиппиннің Нью-Кларк Сити қаласында су спортынан үш жас ерекшелігі бойынша шымылдығы түрілген Азия чемпионатында Қазақстанның 21 спортшысы өнер көрсетіп жатыр. Жарыстың алғашқы күні жерлестеріміз бірнеше жүлдеге қол жеткізді. Атап айтсақ, Аделаида Пчелинцева, Ксения Игнатов және Егор Попов сынды жүзушілер жеңімпаз атанды. Сол спорт түрін серік еткен Диана Тасжанова және синхронды секірушілердің Диана Жұмағұлова мен Анабелла Кочкина жұбы күміспен күптелді.
Ел арасында «Спорт Оскары» деген атауға ие болған «Laureus World Sports Awards» жүлдесінен үміткерлердің есімдері белгілі болды. Қазіргі кезде дуалы ауызды мамандардың өздері «Жыл спортшысы» аталымында кімнің озатынын дөп басып айта алмай отыр. Өйткені алты үміткердің барлығы да – кіл мықтылар. Олар – футболшы Лионель Месси (Аргентина) мен Эрлинг Холанд (Норвегия), «Формула 1» додасының үш дүркін жеңімпазы Макс Ферстаппен (Нидерланд), сырықпен секіруші Арман Дюплантис (Швеция), теннисші Новак Джокович (Сербия) және желаяқ Ноа Лайлс. Әйелдер арасында бұл атақ аяқдоп шебері Айтана Бонмати (Испания), теннистен әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швёнтек (Польша), тау шаңғышысы Микаэла Шиффрин (АҚШ) мен Шерика Джексон (Ямайка), Фейт Кипьегон (Кения) және Ша’Карри Ричардсон (АҚШ) сынды жеңіл атлеттердің біріне бұйырады. Аталған жүлдені табыс ету рәсімі 24 сәуірде Мадридте өтеді.
Әзербайжанның бас шаһары Бакуде өткен батутта секіруден Әлем кубогінің кезеңдік бәсекесінде Данил Мұсабаев пен Пірмаммад Әлиев жұбы күміс медальді мойнына ілді. Бас жүлде Қытай спортшыларына бұйырса, АҚШ өкілдері қолаға қол созды.
Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) соңғы кездесуінде «Барыс Новосібірдің «Сибирь» клубын 1:0 есебімен қапы қалдырды. Жалғыз голдың авторы – Аркадий Шестаков (27-минут). Бірақ бұл жеңіске жанкүйерлердің көңілі толмады. Себебі 68 ойында небәрі 50 ұпай жиған жерлестеріміз тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 22-орында қалып қойды. Артымызда – Подольскінің «Витьязы» ғана. Соның салдарынан олар плей-офф сайыстарына қатысып, Гагарин кубогі үшін таласу мүмкіндігінен айырылды. Бұл – «Барыстың» ҚХЛ-дағы ең сәтсіз маусымы.
Азия кубогінің іріктеу турнирінде Қазақстан баскетболшылары сырт алаңда Қатар құрамасымен күш сынасты. Өте шиеленісті өткен кездесу 73:68 (12:19, 25:14, 13:15, 18:25) есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді. Бұл – Евгений Овсяников жаттықтыратын команданың осы жарыстағы екінші жеңісі. Бұған дейін Үндістанды ұтқан еді. Осы табысы арқылы олар Иран құрамасымен бірге бірінші және екінші орындарды өзара бөлісіп тұр.