• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Ақпан, 2024

Экскурсия ісі цифрландырылады

117 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университе­тін­де Дүниежүзілік экскурсия жүргізушілері күніне орай Қазақстан гид мамандарының I республикалық форумы өтті. Іс-шараға Туризм және спорт министрлігі, «Kazakh Tourism» ҰК АҚ, «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты. Сонымен қатар ғалымдар, гид-аудармашылар, осы саланың ардагерлері мен ішкі және сыртқы туризм жөніндегі менеджерлер болды.

Экскурсия – танымдық мақ­сатқа құрылған ұжымдық сапар. Халық арасында мәдени ағарту жұмысының маңызды бөлігі болып есептелетін бұл сала елімізде біршама жолға қойылғанымен, жетілдіретін тұстары жетерлік. Осы орайда мамандар Қазақстандағы туризмді дамыту, экскур­со­водтардың біліктілігін арттыру және жұмыс сапасын жақсарту алғышарттары төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салып, ашық диолог алаңын өткізді.

Еуразия ұлттық универ­ситетінің стратегиялық да­му жө­ніндегі проректоры Ду­ман Айтмағамбетов форумға қаты­сушыларды кәсіби мерекесі­мен құттықтап, жиынның келер жылы да жалғасын табуына тілектестігін жеткізді.

«Экскурсия – сан түрлі са­­ланы қамтитын, синкретті жұ­мыс. Сондықтан келесі жы­лы өте­тін форумға универ­си­те­тіміздің тарихшылары мен әде­биетшілерін де жұ­мыл­­дырсақ, нұр үстіне нұр. Бұл мә­селені жан-жақты зерт­теп, жақсы нәтижеге қол жет­кізуімізге себеп болады», деді ол.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орын­басары Даниел Сержан­ұлы отандық туризмді орта­лықтандыру мақсатында гидтер мен экскурсоводтардың қызметін цифрландыру керек екенін айтып, қанатқақты жобаны таныстырды. Жоба мақсаты – елдегі барлық экскурсовод пен гидтерді арнайы базаға бекітілген бейджбен қамтасыз ету. Ондағы QR код арқылы туристер экскурсовод немесе гидтің біліктілігін және ақпарат мәтінін оқи алады.

«Ақпараттың көптігінен экс­курсоводтартың ғылым­мен расталмаған деректерді келтіріп жүргені байқал­ды. Осы мәселені қолға алу мақ­сатында барлық экскурсия қыз­меткерлеріне бейдждер арқылы нақты тексерілген ортақ мәтін ұсынылады. Бұл халық арасында жалған ақпараттың тарауына жол бермейді», дейді ол.

Педагогика ғылымдарының докторы, туризм саласының ардагері Евгений Никитинский экскурсиядағы педагогика­лық және психологиялық үдеріс­ке тоқталып, қызметкерлер­дің халықпен қарым-қатына­сын жақсаруға күш жұмсау керектігін атап айтты.

Форум ұйымдастыру­шы­сы, «Аrman tour» туристік агенттігінің директоры Сал­танат Әбжанова болса, Қазақ­стандағы экскурсиялық істің қалыптасу тарихын баяндай келе шешілуге тиіс бірқатар мәселені көтерді.

«Мәселен, кадрларды ак­кредиттеудің бірыңғай жү­йесін құру, сараптамалық-әдіс­темелік кеңестің ережесін дайындау, қызметкерлердің құқықтық мәртебесін нақ­ты­лау, барлық экскурсовод пен гидтердің бірыңғай киім үлгісін жасап шығару секілді мақсатымыз бар. Сонымен қатар кәсіби мерекемізге орай республиканың әр айма­ғын­да халықаралық дәре­же­дегі форум, фестивальдар ұйымдастырып отыруы­мыз керек. Сол іс-шарада «ең үздік гид-экскурсовод» се­кіл­ді жүлделі байқауларды өт­кіз­сек, ел назарын көбірек ­аудара аламыз деп сенемін», деді С.Әбжанова.

«Тау гидтерінің ұлттық қа­уымдастығы» қоғамдық бір­лестігінің басшысы Олеся Лав­ренова Туризм және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында тығыз байланыс орнатудың маңызын баса айтты.

«Қазақстандағы тау туриз­мі – тиісті назар аударылмай келе жатқан сала. Қатар орналыстырса, Германияның 50 пайызын, Францияның 30 пайызын жайлайтын тауларымыз бар. Алайда біз осындай мүмкіндікті пайдалана ал­май отырғанымыз өкінішті. Қазақстандағы тау туризмінің дамуына кедергі болып отырған бірнеше түйткілді түйіндер бар. Мысалы, туристердің оқыс тау ауруынан сақтандыру жоқ. Құтқару қызметі туристердің тауға шығуын бақыламайды, тек оның салдарымен ғана жұ­мыс істейді. Туристерді мар­шрутқа тіркелуі ешқандай құжатсыз жүзеге асырылып кетеді», деді ол.

Іс-шараның қорытынды бө­лімінде еңбегі сіңген экскурсия қызметкерлеріне Алғысхат табысталды.