Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервінің форумында жас мамандарға зор жауапкершілік жүктелетінін, олардың негізгі мақсаты мемлекет мүддесі болуға тиіс екенін айтты. «Сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет. Өйткені күрделі заманға тап келіп тұрмыз. Көп қиындықты бастан өткеріп жатырмыз», деген Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің салмағын резервтегі жастар қаншалықты сезіне алды? Осы және жиында көтерілген өзге де маңызды сұрақтар жөнінде ой-пікірін білу үшін әлеуметтік жобаның игілігін көргендердің бірі – Олжас БЕЙСЕНБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Олжас Түсіпбекұлы, алдымен жастарға арналған бірегей жобаның талап-ережесіне тоқталсақ. Қалай тапсырдыңыз? Қазір қай салада қызмет етіп жатырсыз?
– Бұл – 2019 жылы Президент бастамасымен іске қосылған жоба. Жастардың қоғам игілігіне жұмыс істеуіне арналған әлеуметтік лифт деп қарауға болады. Қоғамда жастар кадрлық резервін «өзгерістер агенті» деп қабылдайтындар аз емес. Резервшілерді мыңдаған жүйріктің арасынан әділетті және ашық түрде іріктеп алу да оңай емес. Бәсеке биік. Ойы ұшқыр, озық білімді, дарынды замандас көп. Сондықтан Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы іріктеудің бірнеше сатысын бекітті. Біз 2021 жылғы екінші лекпен іріктелген 50 резервшінің қатарынан көріндік. Іріктеу барысында вербалды және цифрлық мәтіннен тұратын логикалық тапсырма берілді. Екінші кезеңде әркім таңдап алған саласына байланысты онлайн түрде эссе жазды. Мәтіннің құрылымына, мазмұнына, ондағы ұсынымдарға көңіл аударылды. Тапсыру барысы прокторинг жүйесі арқылы қатаң бақыланып отырды. Үшінші ретте біз академиядағы «Ассессмент орталықта» кейстерді шешуге, топтық талқылауға қатыстық. Бұл тапсырмалар өте күрделі және қызық. Одан кейін кәсіби НR маманмен өткен тереңдетілген сұхбатта жеке тәжірибеміз туралы жан-жақты баяндап бердік. 2021 жылға дейін ғылыми зерттеу, талдау саласында жүргендіктен, мемлекеттік қызметте тәжірибем болмады. Алайда мың жүйріктің арасынан оза шабу үшін жобаға үлкен дайындықпен келдім. Шәкәрімнің «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл, Ақ жолдан айнымай, ар сақта, соны біл» деген сөзін ту қылып ұстанамын. Қазір Қазақстандық қоғамдық даму институтында басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет етемін. Отбасы және гендер саясаты, қоғамдағы үрдістерді сараптап, әлеуметтік зерттеулер өткіземіз. Институтта жұмысымды сарапшы-менеджер болып бастап, басқарма басшысына көтерілдім. Мұның барлығы тек кадрлық резервтің мүшесі болғандықтан емес, осындағы нақты жұмыс нәтижелерімен байланысты.
– Ережеге сәйкес, кадрлық резервке іріктеуде мемлекеттік тілді білу міндеті қойылған. Алайда құрамда мемлекеттік тілге шорқақ жастардың бар екенін байқадық. Бұл жайында не айтар едіңіз?
– Мемлекеттік тілді В1 деңгейінде білу шарты бар. Топтағы талқыда, жеке сұхбатта әрбір қатысушының тілді еркін таңдауына мүмкіндік беріледі. Бүгінге дейін іріктелген 400 резервшінің арасында әртүрлі этнос өкілі, әр саладан келген маман бар. Әрине, қоғаммен ашық жұмыс істеп жүрген, ғылыми мақала жазып, жоғары оқу орнында тәжірибесі бар азаматтар мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Бірақ жеке сектордан, ақпараттық технология, бизнес, өндіріс саласынан келген мамандардың кәсіби деңгейі жоғары болғанымен, мемлекеттік тілді білу деңгейі орташа болып жатқаны рас. Бірақ бұл азаматтар өз саласында әлдеқайда көп үлес қоса алады деп сенемін. Ал енді қоғаммен етене жұмыс істейтін, әсіресе министрліктер мен облыс әкімдіктеріне қызметке келетін резервшілер мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі міндетті деп есептеймін. Өзім қиырдағы ауыл мектебінде, кейін жоғары оқу орнында да қазақша білім алғандықтан, қиындық болған жоқ. Мемлекеттік тіл ұлттық бірегейлікті күшейтіп, қоғамның барлық саласында қолданысқа енуі керек. Оған демографиялық өсім, жаңа мазмұн қалыптастыруға деген ұмтылыс, тіпті медиа-индустрия үлкен серпіліс тудырып отыр.
– Форумда «командамен көшу» үрдісі, қағазбастылық мәселелері ашық айтылды. Мемлекеттік басқару жүйесіне сіз қандай жаңашылдық әкелуді жоспарлап отырсыз?
– Біріншіден, Президент резервшілерді мемлекетке қалтқысыз қызмет етуге шақырды. Мемлекеттік қызмет барынша ашық болуы үшін ешкімнің құқығын шектемей, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, әйелдерді, жастарды мемлекеттік басқару саласына көбірек тартуымыз керек деген міндет жүктеді. Ғалымдар, сарапшылар, жеке сектордың өкілдері мемлекет ісіне қосымша импульс береді.
Екіншіден, жаңа мамандарды тарта отырып, меритократияның қазығын мықтап қағуымыз керек. Жастар кадрлық резерві – мемлекеттегі барлық мәселені шешетін жалғыз жол, құрал емес. Оның бір бағыты деп қарастыру қажет. Біз мекемелерде бірнеше жыл жұмыс істеп келе жатқан тәжірибесі бар мамандардың да сатылы түрде өсуін естен шығармауымыз керек. Бұл – меритократия қағидаты. Осы ретте Президент жылдар бойы жауыр болған бюрократияға, қағазбастылыққа үзілді-кесілді тосқауыл қоятын уақыт жеткенін, сонымен қоса командалық ауысу мәселесіне де назар аударды. Қағазбастылықтан құтылу үшін цифрлық шешімдерге мән беруіміз қажет. Мәселен, біз өңірлердегі әкімдіктердің бюджетін цифрландырып, оны ашық етсек, қызметшілердің жұмыс жүктемесін 25 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік туады.
Командалардың ауысуына келер болсақ, ауыс-түйістің тұсында көп маманның жұмыстан шығып қалатынын байқаймыз. Ол мемлекеттік бағдарламаның, жоба-жоспардың уақтылы және сапалы орындалуына жанама түрде әсер етеді. Қандай да бір маман өз міндеттерін, КРІ-ын орындап келсе, жұмысын жалғастырғаны бірінші кезекте мемлекет үшін маңызды. Облыс әкімі немесе министрдің де жұмысына желідегі пікірлер емес, нақты индикатор, көрсеткішке қарай, мәселен ұжымдағы кадрлық ауыс-түйіс, сыбайлас жемқорлық фактілері, этикалық норманың сақталуы, халықпен ашық кездесулер сияқты факторларға қарай баға берілуі керек деп есептеймін. Ал «команда» деген ұғымның да мағынасын нақты анықтап, бірінші басшы ауысқан жағдайда қандай маманды алуына болатынын бекітіп алуымыз қажет.
Үшіншіден, азаматтық бірегейлік пен ұлттық консолидацияны нығайту үшін қоғамдағы ең маңызды деген құндылықтарды алға тартуға тиіспіз. Бос мақтанды, жағымпаздықты, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты, зорлық-зомбылықты, адамның қадір-қасиетін қорлауды қабылдамайтын, тосқауыл қоятын қоғамдық мәдениет орнату маңызды. Біз өзіміз туралы қандай нарратив қозғасақ, сондай ұлт болып дамимыз. Бұл жерде «ұлтты» әлдеқайда кең мағынасында айтып отырмын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болуы үшін халыққа адал, ашық, еңбекққор, кәсіби, заң мен тәртіпті алға тартатын мамандар мемлекеттік қызметте болуға тиіс. Бұл қатарды, жастар кадр резервінің өкілдері де толықтырып келеді.
– Сіздің ойыңызша, мемлекеттік аппараттың жаңа буыны елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына қалай әсер ете алады?
– Былтыр Президент Ұлттық құрылтайда ғылыми институттардың зерттеулеріне зейін қоюды тапсырды. Күнделікті күн тәртібіне қалқып шыққан мәселенің, ақпарат ағынының соңынан қуаламай, алдын ала тыңғылықты әлеуметтік зерттеу, сарапшылардың терең талдауына қарай саяси шешім қабылдаған маңызды. Біз институттың қызметінде мемлекеттік бағдарламаларға, әлеуметтік проблемаларға қатысты көзқарасты ұдайы зерттеп отырамыз. Оның нәтижелерін тиісті мемлекеттік органдарға жеткіземіз. Мәселен, бізде Отбасы және гендерлік саясат орталығы жұмыс істейді. Ол жерде еліміздегі отбасы институтының трансформациясы, тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы, ұрпақаралық қарым-қатынас, бала тәрбиесінің өзекті сұрақтары қарастырылады. Отбасы орталығы кейінгі жылдары 4 ұлттық, 16 талдау баяндамасын дайындап шығарды. Оның барлығы институт сайтында жарияланып отырады. Жалпы, 2019 жылдан бері Қазақстандық қоғамдық даму институты 100-ден аса зерттеу жүргізді. Жұмысымыздың нәтижесі – мемлекеттік шешім қабылдауда зерттеу дерегін ұсыну, әрбір мемлекеттік органға, министрлікке ұсыным беру, сол арқылы ғылымды қоғамдық-саяси салаға барынша жақындату.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»