• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жұмыс 28 Ақпан, 2024

Жұмыспен қамтудың жауапкершілігі

170 рет
көрсетілді

Былтыр елдегі жастар саны 2 миллионға көбейді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері туу көрсеткіші де айтарлықтай өскен. Германияның «Фредрих Эберт» қорының мамандары әлеуметтік зерттеу жүргізіп, Қазақстан халқының басым бөлігі жастар деген пікір білдірді. Мұны Ұлттық статистика бюросы ұсынған дерек те растайды. Яғни республикада 14-35 жас аралығындағы азаматтар халықтың шамамен 30 пайызын құрайды. Ал ел ертеңіне бағытталған саясат қалай жүзеге асырылып жатыр? Сындарлы көзқарас қалыптасқан ба?

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда: «Қазақстандағы жастар саясатының мақсаты – жастардың рухани, мәдени, кәсіби және физикалық дамуы, білім алуы үшін, қолайлы жағдай жасау, олардың табыс­ты әлеуметтенуі мен шешімдер қабыл­дауға қатысуын қамтамасыз ету, жастар әлеуетін ел дамуына бағыт­тау» делінген. «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы­ның сауалнамасына үңілсек, елдегі бұл бағыт­тағы жұмыстарды 35-ке дейінгі азаматтардың 68,7 пайызы – «жоғары», 15,7 пайызы «түрлі дең­гейде іске асыруға тиімсіз» деп баға берген. Қалғаны мүлдем іс-шара­лар­дан хабарсыз екенін жеткізген.

Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру кешенді үдеріс десек, түрлі бағ­дарлама мен жоба осы бағыт-бағ­дардың негізгі компоненті болып есеп­теледі. Ал жастардың оған қатысу дең­гейінің төмен күйде қалуы алаңдау­шылық тудырып отыр. Бұл – елдегі осы бағыттағы жұмыстардың бір қайнауы ішінде деген сөз.

Ауыл жастары арасында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалар туралы жас буынның дені хабарсыз, бұл бағыттағы көрсеткіштің төмен деңгейі байқалады. Бұл туралы «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасында былай деп атап көрсетіледі:

«Орташа алғанда ауыл жастарының 37 пайызы (31,4% бен 41,4% арасында) бағдарламалар жөнінде «ештеңе білмейді, естімеген», ал қала жастары арасындағы көрсеткіш 31,6 пайыз болды (29,7% бен 34,8% арасында). Ауыл жастары арасындағы мейлінше төмен көрсеткіш «Zhas Project» бағдарламасында байқалды, 40,4 пайызы «ештеңе білмейтін», «естімеген» болып шыққан. Ал хабары бар респонденттер жиынтығы – 59,6 пайыз. Сол сияқты «Жастар кадр резерві» бағдарламасы туралы да 41,4 пайыз жас мүлде ештеңе білмейді екен. Хабары бар респонденттер – 58,6 пайыз. Ауылдық жерлерде жұмысқа орналасу мәселесінің өткір күйде екенін ескерсек, ай­мақ­тарда жастарға арналған бағ­дар­ламалар мен жобалардың қол­жетімділігі мен ақпараттандыру деңгейін арттырудың маңызы зор».

Бүгінде мемлекеттік жастар сая­са­тын іске асыру тиімділігіне сарап­шылар беріп отырған баға да бір­жақты емес. Әсіресе жеке жобалар бо­йынша, іске асырылу сапасына қа­тысты қанағаттанбаушылық бар.

– Заң бар, тұжырымдама мен кешенді жос­пар бар. Мемлекеттік жастар саясатын дамыту институттары құрылған. Жастар мен отбасы істері бойынша комитет, яғни жауапты өкілетті орган, жастардың өзекті мәселелерін зерттеу­мен айналысатын «Жастар» ғылыми институты бар. Жастар ресурстық орталықтары қызмет атқарып жатыр, кейбір аймақтарда жастар ісі бойынша басқармалар бар. Бірақ институционалдық, заңнамалық базаның құрылғанына, мол қаржы­ның бөлінуіне, жастар жобаларын қар­жы­ландыру мен қолдауға қарамастан, жастар сая­сатына «өте жақсы» деген баға қоя алмаймын, «жақсы» деп, 10-нан 6 деп бағалар едім, – деді «Жас ұлан» республикалық балалар-жасөс­пі­рім­дер ұйымының төрағасы Динара Сәдуа­қасова.

Мамандардың сөзінше, мүмкін­дік­тердің кеңдігіне қарамастан, аймақтық дең­гейдегі жас­тар сая­са­ты­ның тиімділігі мен нәти­же­лі­лігі күмән туды­рады. Басты себеп – іс-шаралар мен арнайы бағ­дар­ламалар туралы ақпа­рат­тандыру дең­гейі­нің төмендігі.

– Бізде тұтас жастар саясаты бар болса да, объективті түрде мо­йын­дау керек, «Жастар – біздің бола­шағымыз» деген сөз тек жалаң ұран ретінде қалып жатыр. Оларға бар­лық мүмкіндік берілетін сенім бол­ған жоқ. Меніңше, мемлекеттік бағ­дарламалардың тетіктері туралы ха­л­ықты хабардар етуді күшейту керек. Жақсы бағдарламаларды халық көп біле бермейді. Ал бұл – үлкен мәселе. Яғни мемлекеттік саясаттың тиімсіздігі – хабардарлықтың жоқ­ты­ғы, – деді Д.Сәдуақасова.

Бұған қоса жастар саясатын жүргі­зе­тін кадрлардың жеткіліксіздігі де нәтиженің іркілуіне әкеледі. Яғни елімізде мемлекет пен жас буын арасын байланыстыратын сапалы мамандар тапшы. Бұл туралы биліктегілерге Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жеткізген еді. Кейінгі кездері бұл мәселе БАҚ беттерінде жиі көтеріліп те жүр. Қоғам белсендісі Есет Табынбаев бір сұхбатында: «Қазір елдегі әрбір ауданда Жастар ресурстарын қолдау орталығы бар. Бірақ осы орталықта істейтін қызметкерлердің біліктілігі ойландырады», дейді.

– Бұл орталық бай-бағландардың бала­лары, оқуын енді ғана бітірген маманды жұмысқа тұрғызатын орынға айналған. Кейінгі өзгеріске сәйкес, жастардың санаты 14-35 жасқа дейін ұзартылды. Қазір кез келген ресурстық орта­лыққа барсаңыз, басшы болып 26-27 жастағы мамандар отыр. Кеңесшілерінің жасы – 21-22-де. Оқуды кеше бітіріп келген балаларға елдегі жас­тар саясатын сеніп тапсырып отырмыз. Жиырмадан енді асқан жас маман мен 35 жастағы адамның ой-өрісі, интеллектуалдық деңгейін салыстыруға болмайды. Сондықтан алдыңғы кезекте жастармен жұмыс істейтін мамандарды іріктеп алу керек, – деді ол.

Бұл – проблемалардың негізгісі ғана. Жалпы, жастар санының жыл сайын артуы билікті болашақта тығырыққа тіреуі мүмкін. Мәсе­лен, алда оқу орындарының жетіс­пеушілігі, пәтер жайы, жұмыс­сыз­дық түйткілі еселенуі ықтимал.

– Осы көрсеткіштерді ұлғайтуға байланысты 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдаманы бекіткен едік. Құжатта 7 бағыт пен нақты индикаторлар көр­се­тілген. Ондағы басты мақсаттың бірі – жас­тарды жұмыспен қамту. 2029 жылға дейін 1 млн-ға дейінгі жасты жұмыс­пен қамтимыз, – деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.

Айта кетейік, былтыр жауапты министрлік мемлекеттік жастар саяса­ты­ның 2023-2027 жылдарға арналған тұжы­рымдамасының жоба­сын әзір­леді. Тұжырымдама 2027 жылға қарай Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ­жоба­лар­ға қатысқан жастардың үлесін 10 пайызға дейін ұлғайтуды, Жастардың мем­лекеттік қолдау шаралары туралы хабар­дар болу деңгейін 90 па­йызға дейін арт­­тыруды, NEET санатындағы жас­тарды 5,8 пайыз­ға дейін төмендетуді, елі­міздегі жас­тар сая­сатын іске асыруға то­лық қанағаттанған жастар­дың үлесін 30 па­­йызға дейін ұлғайтуды көз­дейді.