Әр елдің өзінің жеке-дара, ешкімге ұқсамайтын ұлттық құндылығы бар. Осы құндылықтарды баланың бойына сіңіру арқылы оның Отанға деген құрметін, патриоттық сезімін қалыптастыруға болады.
Ол балдырғанның жарық дүние есігін ашқан сәтінен басталады. Бесік жыры, есейген сайын үйренетін әндері, жырлары, баланың тіршілігіне еніп отыратын басқа да рәсімдер оны жеке тұлғаны қалыптастырудағы ең қажетті элементтер.
Өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, бала кезінен тәрбиелеу керек. Мұндай тәрбиені көргендер ертең «елім, жерім» дейтін жастарға жүгінетіні сөзсіз. Себебі ұлттық құндылықтардың негізгі көріністері патриотизмнен, отбасының тұтастығынан, қоғамға пайдасынан тұрады. Тарихқа келер болсақ, әжелеріміз бен аналарымыздың білім мен тәрбие берудегі рөлі орасан зор екенін байқаймыз. Осындай аналардан Абай, Мағжан, Шәкәрім, Бауыржан сияқты алыптар дүниеге келген.
Бүгінгі таңда, біз оқушыларымыздың бойына сабақ барысында ұлттық құндылықты сіңіру үшін ұлттық киімдерін кигізуге, саналарына ата-бабамыздан қалған тәлім-тәрбиені енгізуге атсалысып жатырмыз. Апта сайын ұлттық ойын ойнатып, салт-дәстүрімізді жаңғырту үшін түсіндіру жұмыстарын өткіземіз. Қыздарымыздың шашына шашбау тағуы, шолпыларының баулары қос бұрымдарына өріліп тұрғаны көздің жауын алады. Шолпы тағу арқылы қыздарымыз жүрісі мен бойын тік ұстау мәнерін қалыптастырған. Ондай уақытта балалар мектеп ішінде бейберекет жүгірмеуге тырысатынын да байқап жүрміз. Бұл да еңбегіміздің кішкентай болса да жемісі деп білемін.
Мектеп дегенде көз алдымызға ақ жиде, көк белдемше киген шәкірттеріміз келетіні белгілі. Десе де, қазіргі таңда ұлттық нақыштағы киімді жылына бір рет наурыз мерекесінде ғана емес, мектептегі шәкірттеріміздің бірдей үлгіде киіп жүргендігі қуантады. Бұл орайда мектептің ішкі тәртібіне келісіп, балаларына киім алып беріп отырған ата-аналарымызға да айтар алғысымыз шексіз.
Ұлттық құндылықты насихаттай отырып, білім берудің түпкі мақсаты – жеке тұлғаның өмірін бағдарлауға көмектесу. Шәкірттеріміз есейген сайын қоғамға жоғары дәрежеде үлес қосады деген сенімдеміз.
Тәртіпті, тәрбиелі болып қалыптасуы үшін ұлттық құндылықты дәріптеу – білім беру ісіндегі бірегейліктің негізгі катализаторы. Өйткені бұл азаматтарымызға өз елінің ерекшеліктерін, бірегейлігін бағалауға, болашақта оның демократиялық дамуына, басқа да даму үдерістеріне белсене атсалысуға көмектеседі. Оқу-ағарту министрлігі сол үшін де білім беру институттары арқылы түрлі схема мен бағдарламаны қолға алды. Бұл бағдарламалар оқушыларға әртүрлі аймақтағы тілі басқа, діні бөлек, салт-дәстүрі де ерекшеленетін адамдармен қарым-қатынас орнатуға, сондай-ақ патриотизм, әлеуметтік жауапкершілік және азаматтық сана сезімдерін дамытуға мүмкіндік береді.
Жанар Сәрсенбаева,
Алматыдағы № 209 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі