Павлодарда үстел теннисінен жастар арасындағы ел біріншілігі аяқталды. Бұл жарыстан күні кеше ғана әлемдік додаға қатысқан Алан Құрманғалиев пен Сарвиноз Мірқадырова ғана босатылды.
Ұлдар арасында Абдолла Мамайдың мерейі үстем болды. Алматылық өрен финалда жергілікті спортшы Қадырғали Қабдылуахитовты қапа қалдырды. Үшінші орында – Ши Данян (Алматы) мен Арнұр Оралханов (Шығыс Қазақстан). Қыздар арасында Әлбина Жақсылықова жеңімпаз атанды. Қарағандылық қыз ақтық сында әріптесі Жанерке Көшкінбаевадан басым түсті. Дарья Фу (Қарағанды) мен Алиса Цвигун (Астана) үздік үштікті түйіндеді. Ерлердің жұптық бәсекесінде А.Мамай мен Қ.Қабдылуахитовқа тең келер ешкім табылмады. Қыздар арасында Виктория Мочалкина мен Дарья Фу (Қарағанды) қарсылас шақ кілтірмеді. Аралас жұптардың тартысы А.Мамай мен Шахзода Ахмадалиева (Түркістан) жеңісімен аяқталды.
Павлодардағы жарыста Абдолла Мамайдың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Ол бәсекелердің барлық түрінен бас жүлдені олжалап, еліміздің абсолютті чемпионы атанды.