Отандық ғалым астықты тыңайтқышсыз 50 пайызға арттырудың тәсілін тапты. Бұл ғылыми жаңалық қазір әлемнің 12 елінде сынақтан өтіп жатыр.
Шымкенттік ғалым Әбдімәлік Әшіров ешбір тыңайтқыш пайдаланбай астық өнімділігін 50 пайызға арттыратын тәсіл тапты. Арнайы құрылғының көмегімен өңделген тұқым мол өнім береді әрі сапасы жоғары. Ғылыми зерттеу бойынша кез келген дәнді дақылдың тұқымы жерге себуден бір ай бұрын өңдеуден өтуі қажет. Тұқымды 14 герц жиіліктегі 12 вольт қуатпен сәулелендіреді. Пайдасы мол бұл үдеріс небәрі 15 минут жүреді. Осы уақыт ішінде тұқым сақталған қамбадағы диаметрі 20 метр аумақ биорезонансты жолмен активтендіру керек. Тәсілдің басты ерекшелігі – қоршаған ортаға, топыраққа зиян тигізбей, мол өнім беріп, мутациялық өзгерістерге ұшырамайды.
– Альфа, бетта омелоганы 30 пайызға көбейткен кезде дәннің ішінде гидролиз жүреді. Крахмал мен гикстрині бар дән ішінде глюкоза мен фруктозаға айналады, – дейді ғалым.
Ғылыми жоба осыдан бес жыл бұрын Ғылым қорының қолдауы арқасында 200 миллион теңге грантқа ие болған. Солай 18 түрлі дәнді дақыл шаруашылықтарда сынақтан өткізілген. Ал нәтижесінде алқаптардағы өнім 30-50 пайызға артқан.
– Үш жылдың ішінде 128 шаруашылықта жұмыс істеп өзіміздің технологиямызды дәлелдедік. Қазір 7 облыста жұмыс істеп жатырмыз. Менің тобымда 18 адам бар, – дейді Әбдімәлік Әшіров.
Отандық ғалымның ерекше жаңалығы осыған дейін әлемнің 10 елінде сынақтан өтті. Жақында Литва мен Польша елінің шаруалары да қолданбақ. Тіпті Қытаймен де келісім жасалды. Ғылыми жаңалық 2017 жылы Forbes журналының нұсқасы бойынша үздік 10 инновациялық жобаның қатарына енді.