Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге «Halyk bank», «Beam.kz», Банк Центр Кредит, «Kaspi Bank»-пен қатар 30-дан астам компания қатысып, жұмыс берушілер студенттерге әртүрлі саладағы бос жұмыс орындарын ұсынды.
«Университетімізде дәстүрлі іс-шараға айналған жұмыс орындары жәрмеңкесі студенттерге кең мүмкіндіктер береді. Өйткені әрбір компания жайында толық ақпарат алып, бос жұмыс орны туралы мәліметтермен танысу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл өз кезегінде студент жастарды ынталандырып, оларды еңбек нарығына бағдарлауға көмектеседі. Жәрмеңке жастарға тағылымдамадан өтуге әрі жұмысқа орналасуына қолайлы жағдай туғызады» дейді механика-математика факультетінің маманы Смайыл Еркебұлан.
Аталған факульттің магистранты Ырысдәулет Қарсыбайұлының жәрмеңкеге биыл бірінші рет қатысуы. Қазіргі уақытта жұмыс істеп жүргенімен, басқа салада бағын сынап көргісі келетін жас маманның айтуынша, жәрмеңке студенттер үшін кәсіби жолын бастаудағы маңызды қадам болатыны анық әрі бұл алаңда еліміздегі компаниялар туралы көп мағлұмат алуға болады.
Оқу орындарымен тұрақты жұмыс істеп келе жатқан «Beam.kz» компаниясы сату бөлімінің жетекшісі Дария Нұрғажықызы студенттер мен түлектерді жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған платформа жұмысымен таныстырып, студент жастардың тәжірибесі бар-жоғына қарамастан, бірінші кезекте арнайы курстар ұйымдастырылатынын атап өтті. Мұнымен қоса білім ала жүріп, жұмыс істеуіне де тең мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінде еңбек нарығында мұғалім, дәрігер, заңгер мамандығымен қатар экономика, қаржы, IT саласына да сұраныс жоғары.
АЛМАТЫ