Кейінгі жылдары ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі дін мен салт-сана, міндет пен парызға қатысты белең алып кеткен кереғар түсініктердің салдарынан діни ғұрыптар жөнінде де түрлі пікір қалыптасып отыр. Соның бірі, мүмкін бастысы – өмірден озған адамның басына орнатылатын бейіт, мазар мәселесі.
Қазірде қай қаланың, қай ауылдың әдетте шалғайына орналасатын қорымға барсаңыз да, төбесі көк тіреген, күмбезі күнмен шағылысқан зәулім мазарлардан көз сүрінеді. Небір қымбат, бағалы мәрмәр тастармен қашалып, хан сарайындай соғылған жекелеген адамдардың бейіті еріксіз назар аудартады. Бұл істе бұрын да есемізді жібермеуші едік, тәуелсіздік алып, дінге кеңдік берілгелі тіпті асқынып кеткен сыңайлы. Ауыл баласымыз, алыс жерлерге жиі шығып жүреміз, мүмкіндігінше зират басына соғуға тырысамыз. Мәңгілік мекені тірлікке тәубе айтқызады, жүрекке тоба бітіреді, адамды ойландырады, сабырға шақырады. Міне, осындайда қала, аудан, ауылдардағы, жол бойындағы «қалаға» айналып кеткен қорымдарды көріп, жағаңды ұстайсың, не ойларыңды, не айтарыңды білмей дал боласың. Хакім Абай айтатын «...мақтаншақ, бекер мал шашпақтың» нағыз өзі. Іргесіндегі қараша ауылдан да ауқымды, «сәулеті» де асып тұрған қабірстан көзге тіпті ерсі көрінеді, көңілге күпті ой ұялатады.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды». Қайтқан адамдарға құрмет көрсету – әлбетте дұрыс, сауапты іс. Дегенмен елімізде кейінгі жылдары қабір басына күмбездеп үй тұрғызу, оны мейлінше әшекейлеп қоршау, абаттандыру, сурет салып, тіпті мүсінін жасатып, ескерткіш қою сияқты әрекеттер қалыпты көрініске айналғандай. Құран кәрімде мұсылманның қабірі жеті қадам шетке шығып қарағанда, оның төмпештігі байқалмауы керек деп жазылған. Алайда қазірде мүлдем басқаша жағдай қалыптасып отыр. Ерекше архитектуралық жобалармен салынған зираттар бұрындары бірен-саран ғана болушы еді. Ал бүгіндері қилы, күрделі жобалармен, үлгілермен салынып, бір-бірімен жарысып қатар түзеген мазарларға қарап, жағдайы бар адамдар, қалталы азаматтардың өлімге құрметі өз алдына, олар жаппай жұмылып, байлықтарын, барлықтарын көрсетудің бәсекесіне, жарысына түскен бе деп қаласың. Бесінші қабатта тұрып, қайтыс болған әкесінің құрметіне бейітін сол бес қабат үйдің биіктігіне дейін көтерген азаматтың тірлігін де білеміз. Ата-анасының басына түнде жанып тұратын шам орнатқанынан да хабардармыз. Жер қойнындағы жақындарының бейітін 4–5 жыл сайын жаңартып отыратын да – қалталы азаматтар, әке-шешесінің мазарын арнайы адамдарға күзеттіріп, жуып-шаятын күтушілер жалдайтын байлар жөнінде де жиі естиміз.
Қала шетінде тұратын, бейіт тұрғызуға жалданатын арнайы бригаданың құрамында жұмыс істейтін Орынбай атты жігітпен таныстығымыз бар, сол айтады: «Мазар салудағы астамшылыққа тіл жетпейді. Бай-бағландар өздерінің мазарларын басқалардан бір мысқал болсын асырып салуға тырысатын әдет тапты. Қазірде ең арзан құрылыстың құны 4–5 миллион теңгеден басталып, 100–150 мың долларға дейін барады. Қымбат болуының бір себебі – байлар әшекейлік түрлі мәрмәр тастарды, құлпытастарды көбіне өзімізді місе тұтпай, шетелдерден алдыртады. Кейбір күмбездерге тіпті сирек, бағалы металдар қойылады. Кесененің кескінін арнайы мамандар сызып дайындайды, біз сол жоба арқылы саламыз. Есесіне, жаз бойы жұмыссыз болмаймыз...»
Әлбетте, «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса». Бүгінгі заманда байлыққа кенеліп, тасып-толған азаматтардың өлілеріне көрсетіп жатқан бұл құрметіне ешкімнің таласы жоқ әрі оған ешкім де заңдық тұрғыда тыйым сала алмайды. Алайда бейіт, мола тұрғызу мәселесі мұсылмандыққа сай болуы шарт. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ топырағында мазар салу дəстүрі ежелгі көшпелілер дəуірінен бастау алған екен. Имам Мәліктің шәкірті Ибн Әбдулхәкім: «Қабір басына мазар тұрғызуды өсиет еткен адамның өсиеті жүрмейді», деген. Ханафи мазһабы бойынша, қабір үстіне белгі (тас, ағаш) қойып, өлген адамның аты-жөні, туған, дүниеден өткен жылы жазылса жеткілікті. Ай белгісін қоюға немесе Құран аятын жазуға да шариғат қарсы емес. Имам Әбу Ханифа негізін қалаған ханафи мазһабы ғалымдарының пәтуасы бойынша қабірді кіндіктен жоғары етіп қоршауға, белгі қойып, жазу таңбалауға рұқсат етіледі. Сондай-ақ күмбезді құрылыс салуға ханафи ғалымдары тыйым салмаған, бірақ оны «тахриман (харамға жақын) мәкруһ» санатына қосқан.
Қысқасы, қадым замандардан ислам дінін ұстанып келген халқымыздың бейіт, мазар салуға қатысты тыныс-тіршілігі қазірде шариғат шеңберінен мүлде шығып кетті. Қабірге кесене тұрғызу, зиярат жасау, құлпытас қою, қоршау, қорған тұрғызу сынды мазаратқа қатысты мәселелер шариғат талабына қайшы келетін, ата-баба дәстүріне жат, өркениет қалыбына сыймайтын өрескел әрекеттерді көбейтіп жіберді. Зират пен зиярат – адам өміріндегі маңызды құндылық, сол тұрғыда қайтыс болған марқұмды арулап жерлеу, зиратқа қою, басына белгі орнату – адамдық борыш, мұсылмандық парыз. Бірақ ол да шариғат талаптарына сай болғаны жөн.
«Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» – өлімді жөнелту қашаннан оңай емес. Бұл ахуал қазірде тіпті күрделеніп кетті. Аста-төк ас беру, бірнеше мал сойып, жүздеген адамды күту, ол үшін ат шаптырым мейрамханалар мен асханалардың қызметіне жүгіну сияқты үрдістер бүгінде үйреншікті көрініске айналды.
Бұл тұрғыда белгілі дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тиышханның ой-толғамы ерекше ден қойғызады: «Мәселеге екі жағынан қарау керек. Біріншісі, қайтыс болған адамға құрмет тұрғысынан не сауап тұрғысынан алсақ, ол – адамға жасалатын ең үлкен жақсылық, оның атынан қайыр-садақа беру, дұғада болу, ізгі істерінен ғибрат алу. Екіншісі, тірілер тұрғысынан алсақ, ол – басқа біреуден асып түсуге тырысу, тыраштану, өзгелерден дараланып тұратын қорған (мазар) салу, мазардың басын əшекейлеу, бейнесін тасқа қашау, т.с.с. Осылардың ішінде ең күрделісі – марқұмның басын көтеру деп атап жүрген мазар салу. Кезінде халқымыз əулие-әмбиелерінің, абыздарының басына кесене салып, олардың өмірлерінен ғибрат алып, халықтың алдында ұмыт болмас үшін белгі қойса, қазір бұл жаппай белең алған. Əлбетте, қайтқан адамға деген жақындарының құрметіне ешкім қарсы тұра алмайды. Бірақ бұл құрмет діни талаптардың шегінен шықса, сауап емес, керісінше күнəға батыратындығын əрбір адам білуі керек. Өйткені Құран Кəрімде, Ағраф сүресінің 31-аятында «Ішіңдер, жеңдер. Бірақ ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді ұнатпайды», деп жазылған. Осы аят пен «Əрбір ысырап – харам, əрбір харам (күнə) тозаққа апарады» деген қағида бойынша міндеттен артық жұмсалған шығын күнə болатынын естен шығармау қажет. Бұл жерде тек қаржының, құрылыстың ғана емес, өлікті жерлейтін жердің өзі ысырап болып жатқанын да ескеру керек. Бірнеше адамды жерлеуге болатын орынға зəулім ғимарат салу өлі үшін де, тірі үшін де пайдасы жоқ іс».
Осы орайда басқа, көрші мұсылман елдерінің үлгі тұтарлық мысалдарын айта кеткен орынды. Мәселен, Түркия мемлекеті. Мұнда да ерте дәуірлерде, Осман патшалары тұсында марқұмның «басын қарайту» бәсекеге айналған екен. Қабір басына неше түрлі керемет тастармен әшекейленіп, зәулім сарайлар да салынған. Кейін ұлы реформатор Мұстафа Кемал Ататүрік бұл салада да тәртіп орнатқан. Қазіргі түрік молалары белгілі бір стандартқа сай, аядай ғана жер. Барлық бейіттер белгілі бір жүйемен, көше-көше болып орналастырылады. Қойылған құлпытастардың көлемі де шағын, ұғынықты, марқұмның өмірі мен қызметіне сай мазмұнда тұрғызылады. Абаттандыру, тазалық жұмыстары қатаң қадағаланады. Түрлі, сирек ағаш сұрыптары, гүл дестелері, жасыл желек те талғаммен отырғызылады.
«Қазіргі кезде барлық мазар арнайы қоршаулармен қоршалған, оған қосымша қоршау орнатудың еш қажеттігі жоқ. Топырағы шашылмасын деп тұйықтап, жақындары адасып қалмас үшін басына тас орнатып, қарапайым ғана қоршап қойса да жеткілікті. Өйткені тірілердің салған əшекейлі ғимараттарынан ішіндегі марқұмға тиер ешбір сауап жоқ. Ең жақсы амал – адам баласының өз қолымен көзінің тірісінде істеген жақсылықтары мен ізгіліктері. Алланың алдында абыройымызды арттыратын істердің қатарына өлгендердің басына зәулім ғимарат салу кірмейді. Керісінше, соған жұмсалған қаражатты тірілердің, кедей-кепшіктердің игілігіне арнасақ, мақұл іс болмақ», дейді К.Тиышхан.
«Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тайталасып мазар салатындардың ісін ысырапқа теңеген. «Өлген адамның артынан тек үш-ақ нәрсе барады. Ол елге жасаған жақсылығы (көпір, мектеп, аурухана салу), екінші – халқына ілім мен білімді тегін үйретсе, үшінші – жақсы тәрбиелі ұрпақ қалдырып, солар артынан дұға жасаса», деген. Одан да сол мазарға кеткен ақшаға тірілер жетім-жесір мен кедей-кепшікке үй әперіп, кембағал, міскін, сырқат адамдарға көмек жасаса, мүгедектерге, кедей отбасылардан шыққан оқушылар мен студенттерге жәрдемақы есебінде төлесе, өліге сауабы, тіріге шарапаты тиер еді. Ал ескірген мазарды жаңарту деген тіпті ақылға сыймайды», деген дінтанушы, қажы Манаш Жүкенұлының пікірімен келіспеске де амалымыз жоқ.
«Қайырда ысырап жоқ, ысырапта қайыр жоқ» деген қағиданы ұстанып, қайырдың не екенін түсініп, мазарға арналып жатқан ысырапшылдықтан біртіндеп болсын тыйылудың амалдарын қарастыру қажет. Қайтқан кісілерді ақтық сапарға жөнелту, олардың «басын қарайтуда» бірізділік керек, жүйе керек. Бұл тұрғыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы ереже, пәтуа шығарып, оның орындалуын заңдық негізде бекітсе дейміз. Қалай дегенде де, өлген кісіге алтындатқан ақ сарай емес, ақ көңілден оқылар дұға ғана керек екенін әрдайым есте ұстағанымыз жөн.