Тауар таңбалау ісін жолға қоюдың арқасында кейінгі бес жылда Еуразиялық экономикалық одақ елдері (ЕАЭО) арасындағы контрабандалық тауар айналымы 30%-ға төмендеген. Мамандар міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін көлеңкелі айналымның үлесі азайғандығын, өндірушілер мен импорттаушылар үшін бірнеше млрд теңге қаражатында қосымша өткізу нарығын құруға мүмкіндік бар екенін айтады.
Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің (ТРМК) төрағасы Қуаныш Елікбаевтың сөзінше, таңбалаудың басты мақсаты – халықты жалған өнімнен қорғап, көлеңкелі бизнестің жүруіне және контрафактіге тойтарыс беру.
«Тауарларға цифрлық сәйкестендіруді жүргізу арқылы нарықтық экономикада көлеңкелі сауданың рөлін азайтып, заңды айналымның артуына мүмкіндік жасалады. Мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етіп қана қоймай, әділ өндірушілер мен импорттаушылардың жұмысындағы кедергі азаяр еді», дейді.
Бұл сонымен қатар тұтынушыларға да пайдалы әрі бюджетке түсетін салық көлемі де көбейеді. Қазіргі күні салалық мемлекеттік органдармен және таңбалау операторымен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар тауарларға бақылау-сәйкестендіру белгілерін өтеусіз беру мәселелері жүзеге асырылған. Тауарларды таңбалау арқылы тұтынушылардың құқығын қорғау тиісті деңгейде жүргізіліп отыр.
Қаржы министрлігінің дерегінше, ішкі айналымнан 30 млрд теңгеден астам соманың контрафактілік тауары әшкерленген. ТРМК хабарлауынша, заң бұзған 130-ға жуық компания жауапкершілікке тартылып, оларға 66 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты.
Жалпы, елімізде міндетті цифрлы таңбалау бірінші кезекте темекі өнімдері мен тері бұйымдарына жүргізілді. Өткен жылы аяқкиімге міндетті таңбалау қолға алынып, бір жұбына таңбалау шығыны орташа есеппен ірі сатылымда – 19,9 теңгені (0,2%), орта сатылымда – 49,5 теңгені (0,5%) және шағын сатылымда 37,3 теңгені (0,4%) құраған. 2019-2021 жылдар аралығында дәрілік заттарды таңбалау жөнінде қанатқақты жоба қолданысқа енгізілді. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2021 жылғы 1 қарашадан бастап аяқкиімді таңбалау талаптары енгізілгеннен кейін 3,7 мың қатысушы тауар өндірушілері Тауарларды таңбалау және қадағалап отырудың ақпараттық жүйесінде тіркелген. Бұл кедендік төлемдер мен қосымша құн салығы (ҚҚС) түсімдерін 2021 жылғы 7,8 млрд теңгеден 2023 жылы 30,7 млрд теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берген. Ірі экспорттаушылар Қазақстанның талаптарын қабылдап, өздерінің орын алған келеңсіз жайттарына дер кезінде түзетулер енгізді. Қытай мен Өзбекстанның заңды жеткізушілері аяқкиімге таңбалау кодын тегін қолдануға және барлық қажетті ақпаратты беруге дайын екендерін білдірген. Осыған қарағанда, жүйе мемлекетке ғана емес, бизнес өкілдері мен тұтынушыларға да тиімділік танытып отыр деуге болады.
Биыл бірінші жартыжылдықта елімізде зергерлік бұйымдарды міндетті цифрлық таңбалауға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Бүгінде еліміздегі заңды түрде жұмыс істейтін отандық өндірушілердің зергерлік бұйымдар айналымының үлесі өте аз, бар болғаны 2%-ды құрайды екен.
«Мемлекет жыл сайын миллиондаған салықты жоғалтады. Жүздеген мың тұтынушы күмәнді сападағы зергерлік бұйымдарды сатып алады», дейді Қазақстан зергерлері лигасының жетекшісі Қайсар Жұмағалиев.
Сарапшының айтуынша, отандық өндірісте мұндай жағдай осыдан он жыл бұрын зергерлік өнеркәсібін лицензиялау жүйесі жойылғаннан кейін орын алған. Бастапқыда бұл идея бизнеске кедергілерді азайтуды көздегенімен, кейінірек Ресей, Түркия, Қытай мен Қырғызстан елінің контрабандалық өнімдері ішкі нарықты басып алды. Ал салаға мемлекеттік бақылау толығымен жойылған.
Алдын ала есептеулер бойынша, қазір елімізде айына 300 мыңға дейін өнім өндіретін 10-15 ірі жерасты зергерлік цехы жұмыс істейді. Белгісіз шикізаттан жасалған алтын бұйымдар Ресей, Түркия және зергерлік брендтердің атын жамылып сатылып жатқан көрінеді. Әлбетте, мұндай шалағай сатылым заңды жұмыс істейтін кәсіпкерлерге кедергі келтіреді. Ұлттық статистика бюросының ресми дерегіне сүйенсек, кейінгі екі жылда елімізде зергерлік бұйымдардың өнеркәсіптік өндірісі тоқырауға ұшырап, секторда нақты мәнде өнім өндіру 0,8%-ға, былтыр тағы да 17,8%-ға азайған.
2023 жылы еліміздің зергерлік өнеркәсібі бар болғаны 1,2 млрд теңгенің (2,6 млн доллардан сәл асады) өнімін өндіріпті. Бұл – елімізге әкелінетін импорт өнімдерінің құнынан ондаған есе аз көрсеткіш.
Мемлекеттік кірістер комитетінің былтырғы есептеріне қарағанда, елге заңды түрде 152,5 млн долларға түрлі зергерлік бұйым, тағы 35,7 млн долларға сәндік зергерлік бұйым әкелінген. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, әлі күнге дейін таңбаланбаған зергерлік бұйымдардың қалдықтарын сатуға рұқсат бар. Таңбалаудың жаңа талаптары күшіне енгеннен кейін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу жоспарда тұр. Ендігі жерде елімізде арнайы коды жоқ «зергерлік бұйымдарды» сатқандар жауапкершілікке тартылады.