Тағдыр тәлкегіне түскен жандарды жалғыз қалдыру − қазақ жұрты үшін жат дүние. Сөзімен сүйеп, әрекетімен демеп жіберетін қайырымды қасиет қанда бар. Ежелден жеткен үрдістің үзілмегеніне айналамыздағы оқиғалар айғақ. Мәселен, биыл 7-рет өткен «Мың алғыс» қайырымдылық жобасы бұған дейін 25 отбасыға баспана кілтін табыстаса, денесін түрлі дерт дендеген 350-ге жуық адамға қол ұшын созды. Бастамашысы «Қазақ радиолары» болған дәстүрлі іс-шара осы жылы да тосын сыйларға толы болды, деп жазады Egemen.kz.
«Сталиндік репрессия» тұсында атақонысынан ажырап, Қазақ топырағына депортацияланған Яша Кошалиоғлы ата-бабасына қиын сәтте қамқорлық көрсеткен біздің халықтың қайырлы ісін тебіреніспен еске алды. Атасы аузынан тастамай айтып кеткен күрсініске толы естеліктерді өзі бүгінде немерелерінің құлағына құйып отыр. Түркістанға табан тіреген Кошалиоғлылар әулеті жергілікті жұрттың сын сәтте көрсеткен жайсаң көңілі достықтың негізін қалады дейді.
Алғыс айту күні қарсаңында Яша Кошалиоғлы тағы да қуанышқа кенелді. «Қазақ радиолары» ұжымы оны 52 жыл бұрын Бурятияда қарулас болған, Шымкентте туып, тарихи отаны Шешенстанға ойысқан Сұлтан Ахмадов досымен табыстырды.
«Мың алғыс» жобасы – бір мәйіттік донордың ағзасы арқылы екінші рет өмірге келген қос алматылықты да қауыштырды. Қызығы, олар осыған дейін біріне бауыр, біріне жүрек бір адамнан салынғанын білмеген. Светлана Қайыповаға 2013 жылы алғаш рет қызы бауырының бөлшегін берсе, екінші рет 2023 жылы белгісіз тұлғаның бауыры трансплантацияланған. Ал мәйіттік донордың жүрегі кеудесінде соғып тұрған Данияр Байболаев «саған сай келетін жүрек табылды» деген сөзді сегіз жыл күткен.
«Мен Алматы қаласында бауыр трансплантациясы жасалған алғашқы пациентпін. Ота сәтті аяқталғаннан кейін ажалдан арашалап қалған адамның туыстарын сұрастырдық. Алайда дәрігерлер медициналық құпия ретінде қалатынын айтты. Ал бүгін бір донордан ағза алған адамды кездестірдім. Сене алар емеспін. Маған Данияр ұлымдай көрініп тұр», деді Светлана Қайыпова.
Айта кетейік, Светлана мен Даниярға екінші рет өмір сыйлаған донордың ағза мүшелері тағы 2 адамның аяқтан тұруына сеп болған.
2004 жылы Арқалықтан шетел асқан Жәнібек Савельев те кеш қонағы болды. Испаниядан арнайы ат басын бұрған ол туған анасын табуға барын салып жатқан «Бармысың бауырым» хабарының ұжымына, тілектестігін білдіріп, ақ батасын жаудырып жатқан қазақ халқына алғыс айтты. Бельгиялықтар асырап алаған Жәнібектің биологиялық анасын іздеуі 2001-2002 жылдары Арқалықта дүниеге келген 4 баланың туған анасы табылуына түрткі болды. Ол өзімен тағдырлас балалардың көп екеніне көзі жетіп, оларды жақындарына жетелейтін жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«2023 жылдың желтоқсанында Қазақстанға туған анамды іздеп келдім. Сол уақыттан бері біршама асыранды балалар анасын іздеп жатқанын біліп жатырмын. Менің күйімді кешіп жүрген жандарға көмектесу үшін жаңа жобаны ойластырып отырмын. Бұл ауқымды жұмыс болғандықтан инвесторлар тарту, жауапты органдармен бірлесе жұмыс істеу керек», деді Жәнібек.
Журналист Қымбат Досжан Жәнібек Жұмағұловтың өз анасын іздеу бір сәтке де іркілмегенін тағы да тілге тиек етті.
Іс-шара барысында бір үйдің 25 өнерлі баласы жиналған жұртты таң-тамаша етті. Ақтөбелік Жетесовтер отбасы 25 баланы бауырына басқан. Олар «Мың алғыс» сахнасын ән мен күйге бөледі. Отағасы Өмірхан дарынсыз бала болмайды, оның талантын таба алмайтын ата-ана болады деген ұстаныммен, бар баласын өнерге баулыған.
«Мен өзім 6 жасымда жетім қалдым. Қамқоршысыз ер жеткен қиын күндерімді өзгелердің көргенін қаламадым. Осы ой мені бала асырап алуға әкелді. Балаларымның әрқайсысын бүлдіршін күнінен музыкалық аспапты меңгеруге шақырамын. Талабын шыңдаймын. Балалы үй базар. Сондықтан олардың арасында кішкене келіспеушіліктер болса кітаптан, тарихи оқиғалардан өнеге келтіріп, тәрбиелейміз», деді Өмірхан Жетесов.