Дубайда өтіп жатқан жүлде қоры 2 941 785 долларды құраған АТР турнирінде Қазақстанның теннисшісі Александр Бублик сәтті өнер көрсетіп жатыр.
Алғашқы айналымда чехиялық Томаш Махачтан басым түскен ол екінші кезеңде Таллон Грикспурмен күш сынасты. Әлемдік рейтингте 28-орында тұрған нидерландтық ойыншы Александрды біраз әбігерге салды. Екі сетте тай-брейкке ұласты. Десек те шешуші тұста ширақ қимылдаған жерлесіміз 7:6, 7:6 есебімен жеңіске жетті. 1/8 финалда Бублик 22 жастағы Иржи Легечкамен шеберлік байқасады. АТР тізімінде 34-сатыға жайғасқан чехиялық ойыншы кеше ойда-жоқта әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Карен Хачановты қапы қалдырды. Есеп – 6:7, 7:6, 6:4.
АҚШ-та өткен үш бірдей жарыста жеңімпаз атанған Дмитрий Попко Аргентинаның Тукуман қаласындағы турнирді де сәтті бастады. Алғашқы айналымда ол Гонсало Сейтунге 6:1, 6:3 есебімен сан соқтырды. Осылайша, Попко қатарынан 16 бәсекеде басымдық танытты.