Құрылғанына бірер айдың жүзі болған «Birlik» ансамблі бүгінгі Алғыс айту күніне орай Астанадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында тұңғыш концертін беріп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының жанынан құрылған ансамбльдің тұсаукесер концертінің бүгінге қойылуы да тегін емес. Кеше шығармашылық ұжымның дайындығынан білгеніміздей, ұйымдастырушылардың айтуынша, бұндай ансамбль біздің елде бұрын-соңды болмаған.
Атында тұрғандай, «Birlik» әлем халықтарының мәдениетін насихаттайды. Әр халықтың әні мен биін аспаптық сүйемелдеумен орындайтын халықаралық ұжымның құрамына елімізде тұратын этнос өкілдерінің арасынан үздік 20 биші мен музыкант іріктеліп алынған. Ұжымның ерекше әрі эксклюзивті би композицияларын қоюға Ресей, Татарстан, Өзбекстаннан шақырылған көрнекті шетел мамандары және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері атсалысыпты. Алғыс айту күніне орайластырылған бүгінгі концертке қызу дайындықты кеше қоюшы режиссер Саян Мырза, хореографтар Анель Марабаева, Аида Бекишова, балетмейстер Жанатай Қожабеков жүргізіп жатыр.
«Birlik» ансамблінің ерекшелігі біздің елде тұратын этнос өкілдерінің әртістерінен жасақталып отыр. «Отанымыздағы әр халықтың өнері мен мәдениетін, фольклорын, тіпті ұмытуға айналып бара жатқан құндылықтарын көрсетуді көздедік. Олардың әрқайсысының әні мен биінен бөлек аспаптары – өз алдына бір төбе. Сонымен қатар еліміздегі этностардан құралған ансамбль арқылы рухани тұтастықты әйгілегіміз келеді. Ансамбльде әншілер, бишілер, әртүрлі аспапта орындаушылар өнер көрсетеді. Өнерпаздарды біз небәрі бір жарым айдың ішінде іріктеп алдық», дейді концерттің қоюшы режиссері Саян Мырза.
Хореограф, Мәдениет қайраткері Аида Бекишеваның айтуынша, ансамбльде қазақ қыздарымен қатар өзге ұлт өкілдері де баршылық. «Атап айтқанда, орыс, кәріс, өзбек, тағы басқа этнос өкілдері бар. Бұлардың бәрі астаналық емес, басқа да аймақтардан іріктелді. Мәселен, орыстың қызы өзбек биін, украин қызы кәріс биін, татар, орыс қызы қазақтың биін билегенін тамашалай аласыздар. Тек қана би емес, әртүрлі жанр қамтылды. Ән, музыка, хор, этностардың ұлттық аспаптары. Бұйырса, барлығын он бес нөмірге сыйдыруды жоспарлап отырмыз. Шама келгенше қысқа-нұсқа қоюға тырыстық. Бір бұрыштан бишілер шықса, бір шеттен барабан, екінші жақтан арфа, ана жерде «Астана сазы» ойнап тұрады дегендей. Мысалы, татар биінің дайындығын Қазаннан келген Татарстанның еңбек сіңірген әртістері ұйымдастырып кетті. Өзбектердің биін Ферғанадан келіп қойды. Чешен-ингуштардың өнерін кіріктіруге Алматыдан өздерінің мәдени бірлестігінен «Баһор» биін билеуші ұжым атсалысуда. Жалпы айтқанда, мұнда біз ортақ Отандағы бауырластықты негіз етеміз», дейді ол.
Қай халықтың болсын төлтума сипаты ұлттық ән-күйі мен биінен көрінетіні белгілі. Ал соның бәрін бір арнаға біріктіріп, халыққа ұсынуда шығармашылық ұжымның еңбегі орасан екені айтпаса да түсінікті.
«Бұрын Қазақстан Ассамблеясы күнінде өнерпаздарды бүкіл аймақтан жинап әуреге түсетін едік. Ол айтарлықтай қиындық тудыратын. Енді соның бәрі осы «Birlik» ансамблінің құрамынан табылады. Және барлығын жоғары деңгейде ұйымдастыруға тырыстық. Болашақта бұл ұжым кеңейтіліп, көркейе түседі деген ойдамыз. Елімізде түріктер, белорустар, молдовандар, украиндар да бар емес пе? Келесі дайындықтарға олар да шығады. Болашақта Астанада ғана қалып қоймай, Қазақстанның басқа да қалаларын аралауымыз мүмкін», дейді балетмейстер-хореограф Жанатай Қожабеков.
«Birlik» ансамблінің құрамында өнер көрсететін жас биші Александрина Хомицкая корей халқының биін билейтінін айтады.
«Биді әлем халықтары биінің солисі Анель Марабаева қойды. Кезінде осы биді өзі билеген екен. Ендігі кезек маған келген сияқты. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе. Орындайтыным философиялық нөмір десе болады. Ержүрек қыздың жандүниесінің тереңдігін би арқылы көрсете алуым керек. Әрине, үлкен жауапкершілікті талап ететін би. Жалпы, концерт көрерменнің көңілінен шығады деген ойдамын», деді биші.