Әрбір азамат – Отан қорғаушы. Ол кез келген уақытта төтеннен төнген жаудың бетін қайтаруға, елі мен жерін дұшпаннан қорғауға дайын болуға тиіс. Бұл сөзіміз елдің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ететін ІТ саласы мамандарына да тікелей қатысты десек, артық айтқандық емес.
Бүгінгі уақыт шынайы шайқастардан гөрі кибершабуылдар мен соғыстардың заманы болып тұр. Виртуалды әлемдегі шекарамызды күн сайын кірпік қақпай қорғамаса болмайды. Осы орайда киберқауіпсіздікке жауапты сала мамандарының біліктілігін үнемі көтеріп отыру маңызды. «Astana IT University» білім ордасының бесжылдығына орай ЖОО әскери кафедрасының студенттері арасында өткен «AITU Military CTF» зияткерлік сайысы да осы мақсатта ұйымдастырылды.
Бұл жарыс төрт бағыттан тұрды: Web жүйенің осал тұсын табу, OSINT зерттеу жүргізу, PWN бинарлық осалдықтарды пайдалану және «Reverse engineering» бастапқы кодын оқу және оны пайдалану. Сол сияқты кибершабуылдар орын алуы ықтимал ұйым үшін шығындар немесе жағымсыз салдарлар бойынша «іскерлік тәуекел» ойынынан өту керек болды.
Студенттерден құралған 15 команда киберполигондағы әскери инфрақұрылымды «бұғаттауда» бағын сынап, бизнес тәуекелдерін зерттеді, сонымен қатар киберқауіпсіздік бойынша түрлі мәселені шешті. «Astana IT University» әскери кафедрасы киберқауіпсіздік циклінің бастығы, запастағы полковник Талайбек Өмірзақов білім мекемелерінде мұндай жарыс бірінші рет өтіп отырғанын тілге тиек етті.
– Өткен жылы әскери кафедра базасында киберполигон құрылған болатын. Сол жерде CTF форматында киберқауіпсіздік бойынша жарыстар өтеді. Қатысушылар ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін шешу бойынша жарысады. Бүгінгі жарыстың басты мақсаты – студенттерді осы бағыттағы практикалық дағдыларға баулу, – деді ол.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар анықталды. Бірінші орынға 2800 ұпай жинаған «P3NT4GON» командасы ие болса, 2-орынға 2400 ұпаймен «12» командасы, ал 3-орынға 2400 ұпай жинап, алайда қарсыласынан уақыт бойынша ұтылып қалған «M1GU3L» командасы табан тіреді.
– «Astana Hub» ұйымдастырған жарысқа қатысу менің алғашқы тәжірибем болған. Тартысты сайысқа әскери кафедрадағы взвод балаларынан құралған команда болып қатыстық. Сайыс өте қызық болды. Болашақта киберқауіпсіздік саласында жұмыс істеуді жоспарлап отырмын, – деді «Astana IT University» әскери кафедрасының бірінші курс студенті Әнуар Асқаров.
Іс-шара «AITU Orchestra» және «AITU Music Club» клубтарының концерттік бағдарламасымен аяқталды. Зияткерлік сайыс жеңімпаздары грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.