«Жау жоқ деме, жар астында» дегендей, өндіріс орындарының жауы жауапсыздығы болып отыр. Ал мұндағы жарды тура мағынасында түсінсек те қателесе қоймаймыз. Өйткені өндірістегі жауапсыздықтың соңы апатқа ұшыратып, жар астында қалып қойған жұмысшылар қаншама? Бұған Қарағанды шахтасында жер жастанған марқұмдардың топырағы кеппей жатып, жыл басында Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде орын алған тағы бір оқыс оқиға дәлел.
Майқайың кентіндегі қайғылы оқиғаға шахта маңында кенеттен пайда болған ойық себеп болған. Осы ойыққа түсіп кеткен автобус ішіндегі төрт адам опат болды. Оның екеуінің мүрдесі табылса, қалғаны әлі іздестіріліп жатыр. Жантүршігерлік бұл жағдай бүкіл халықтың үрейін туғызды. Ал жергілікті тұрғындардың тіптен зәре-құты қашып отыр. Мысалы, сол өңірдегі тілшіміз өткен айда Майқайың алтын кенішінен 300–400 метрдей ғана қашықтықта орналасқан «Шанхай» шағын ауданы тұрғындарының жанайқайын жеткізді. Одан кейін бұл шетін мәселе Мәжіліс мінберінен де көтерілді.
Енді дәл осындай қорқынышпен күн кешкен Шығыс Қазақстан облысындағы Белоусов аулының тұрғындары да дабыл қағып отыр. Аталған ауыл, шынында да, тау-кен жұмыстары жүргізілген кеніштің үстінде орналасқан екен. «Қауіп еткеннен айтамын» дегендей, жалпы шахта маңында тұратын елді мекендер жұртының бұлайша дүрлігуі бекерден-бекер емес. Өйткені осындай оқыс жағдай 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында орын алған. Онда жер опырылып түсіп, жеке тұрғын үй жұтылып кеткен еді. Абырой болғанда бұл үйдің тұрғындары бірнеше минут бұрын үйден шығып үлгерген. Ойық Риддер – Сокольный кенішінің пайдаланылған шахтасының орнында пайда болған. Ranking.kz порталының хабарлауынша, сол кезде мемлекеттік комиссия орын алған оқиғаның бірнеше себебі ретінде кәсіпорындағы технологиялық тәртіптің төмен деңгейін, топырақтың сулануын атады. Бұдан кейін шахтаға иелік ететін компания оқиғаның барлық салдарын жойып, шұңқырдың орнын толтырған. Бірақ бұл жағдай осындай қауіпті оқиғаның алдын алу үшін барлық тау-кен кәсіпорындарын жаппай тексеруге түрткі болмапты.
Жоғарыда айтқан Белоусов аулындағы мәселеге Үкіметтің назарын бұру үшін Сенат депутаттары Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғытов Премьер-министрге сауал жолдады. Олар хатында аталған елді мекенде тыңғылықты зерттеу жүргізудің маңызы мен кенішті қауіпсіздендірудің түрлі әдісін қарастыру қажет екенін атап көрсетті.
«2023 жылы өткізілген қоғамдық тыңдауларда жергілікті тұрғындар шахталарды су басса, топырағы опырылып құлап, соңы адам өліміне соқтыруы мүмкін екенін айтып, наразылықтарын білдірді. Расымен де, бұл ауыл тау-кен жұмыстарының үстінде орналасқан. Істен шыққан шахталар қирап қана қоймай, қуыстарды толтыратын ластанған су мен ауа жер бетіне шығып, экологияны әжептәуір былғайды. Бірнеше онжылдық ішінде тұрғын үйлердің жертөлелерінде метан мен көмірқышқыл газы жиналуы мүмкін. Бұл халықтың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Өз кезегінде ластанған жерасты сулары ауыл шаруашылығына да кері әсерін тигізеді», делінген депутаттық сауалда.
Сонымен қатар сенаторлар осындай кенттердегі кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігінің болмауы, жалпы өнеркәсіптік қалалар мен басқа да елді мекендерді қолдаудың тиісті мемлекеттік бағдарламаларын уақтылы әзірлемеу осы аумақтарда тұратын халықтың құлдырауына әкелуі мүмкін екен алға тартты.
Белоусов аулы тұрғындарының жанайқайын жеткізген сауалға Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауап берді. Оның айтуынша, 2022 жылы желтоқсанда Белоусов кен орнында полиметалл кендерін өндіруге қатысты 1998 жылғы 30 қыркүйектегі №245 келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталған.
«Келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты жер қойнауын пайдаланушы («BM Mining» ЖШС) тау-кен жұмыстарын жүргізу салдарын жою жобасын әзірледі. Алайда қоғамдық тыңдаулар барысында біраз ескерту айтылып, теріс қорытынды берілді. Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қазіргі уақытта кен орнын эксплуатациялау мерзімін ұзарту мәселесін пысықтап жатыр. Сонымен қатар мемлекет «Ауыл аманаты», «Дипломмен – ауылға!», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында ауылдық елді мекендерге қолдау көрсетіп отырғанын атап өтеміз. Мәселен, Белоусов аулы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен 2021–2022 жылдары 4 жобаны іске асыруға 354 млн теңге бөлінді», деді О.Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр әрбір өңірдің географиялық, әлеуметтік-экономикалық факторлары бойынша өзіндік ерекшелігі бар екенін ескере отырып, депрессиялық аумақтарды дамытудың бірыңғай бағдарламасын әзірлеу тиімсіз деп санайтынын білдірді. Оның айтуынша, бағдарламалық шараларды біріздендіру тиісті экономикалық әсер бермейді, өйткені әр аймақ үшін арнайы қолдау шараларын әзірлеу қажет.
Біз мұнда өндірістік аймақтардағы тұрғындардың қауіпсіздігі туралы сөз қозғап отырмыз ғой. Бірақ «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дегендей, сол қаупі басым өндірістің қазанында қайнап, басын қатерге тігіп еңбек етіп жүрген жандардың жайын да ұмытпауымыз керек. Статистикаға сүйенсек, кейінгі жылдары елімізде жұмысшылардың еңбек жағдайында жазатайым оқиғаға ұшырауы шамалы болсын азайып келеді. Алайда өнеркәсіп саласындағы өндірістік жарақат әлі де жоғары деңгейде тұр. Нақтырақ айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің дерегінше, еліміздегі өндірістегі жарақаттанудың ең жоғары деңгейі өнеркәсіптік өңірлер – Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар және басқа да облыстарда байқалады. Зардап шеккен әрбір бесінші адам – тау-кен металлургия саласының жұмысшысы. Өткен жылдың қаңтар – қараша айларында өз жұмыс орнында 184 адам қаза тапты. Оның ішінде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтаның 46 кеншісі де бар. Өкініштісі сол, өндірісте зардап шеккендер мен қаза тапқандарға қатысты бұл сорақы көрсеткіш бес жылдан аса уақыт бойы өзгере қой- мапты.
Негізінде, кәсіпорындардағы еңбекті қорғау мәселелерінен басқа, жұмыс орындарының қауіпсіздігін мемлекеттік бақылауда қиындықтар бар екені байқалады. Мәселен, 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында сарапшылар әдетте жазатайым оқиғаларды тергеу нәтижелері бойынша бұзушылықты жою үшін шаралар әзірленетінін, бірақ оның қайдан пайда болатыны қаперге алына бермейтінін көрсетеді. Бұл осындай төтенше жағдайлардың алдын алуға және мәселені жүйелі шешуге мүмкіндік бермейді.
Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекторлары жергілікті атқарушы органдардың қанатының астында болуы да «жауырды жаба тоқуға» себеп болған көрінеді. Өйткені әкімдіктердің жұмысын бағалар кезде өңірлердегі өндірістік жарақат көрсеткіші де ескеріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшылары 2022 жылғы статистиканы талдағаннан кейін осындай қорытындыға келген екен. Бұлай пайымдауға сол жылы жеті өңірде жеңіл немесе орташа ауыр жарақаттармен бірде-бір жазатайым оқиға тіркелмегені жетелеген. Ал еңбек инспекторлары осы уақыттың алдында әкімдіктердің қарамағына ауысқан еді. Түптеп келгенде, көпшілік шынайы жағдайға прокурорлық тексерулердің нәтижесінде ғана көз жеткізеді.
Мысалы, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау-қадағалау қызметінің қорытындылары бойынша өткен жылдың қаңтар – қыркүйегінде мемлекеттік органдар тарапынан жүргізілген тексерулер саны 2,8 есеге азайған. Үш тоқсанда барлығы 630 ғана тексеру жүргізілген. Ал 2022 жылдың қаңтар – қыркүйегінде 1,8 мың тексеру болған екен. Бір қызығы, жоспардан тыс зерттеулер саны 7 еседен астам қысқарды. Міне, осыдан келіп еңбек жағдайындағы бұзушылықтар саны да азайғаны байқалып отыр. Дерек келтіре кетсек, былтыр тоғыз айда өндірістік орындарда небәрі 15,5 мың ереже бұзу тіркелді. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 есе аз. Сәйкесінше айыппұлдар саны әлдеқайда қысқарған.
«Адамды адам еткен – еңбек» дейміз. Бірақ адам өмірінің қымбат екенін қашанда қаперде ұстап, еңбектегі қауіпсіздікті, жалпы айналаға жанашырлықпен қарауды құнттаған жөн.