Кейінгі уақытта Жетісуда 40 жоба іске асырылған. Олардың қатарында тоқыма, күн панельдері, құрылыс бұйымдарының өндірісі бар. Одан бөлек қазір өңірде энергия тапшылығын жою мәселісі өзекті болып отыр.
«Жасыл» энергия басымдық беру Жетісу өңірінде жүйелі жүзеге асып жатыр. Оған облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың «жасыл» энергия саласындағы ірі жобаны іске асыруға ниетті инвестор компаниялардың өкілдерімен кездесуі дәлел. Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-конференциясы аясында Жетісу облысында жел электр стансасының жобасын іске асыру туралы үкіметаралық келісім жасаған. Қуаты 1 ГВт жел электр стансасы Жоңғар қақпасында салынады деп жоспарланған. Бұл аталған саладағы жаңа мүмкіндіктерді арттырары сөзсіз.
Былтыр өңірде электр энергиясын тұтыну 218 МВт болды. Оның ішінде ЖЭК үлесі – 93,5 МВт немесе қолда бар қуаттың шамамен 43 пайызы. Кездесуде облыс басшысы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен қоса су, жел және күн энергиясы жағынан әлеуеті зор екенін айтты. Сонымен қатар инвесторлар үшін барлық жағдай қарастырылғанын жеткізді.
«Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ACWA POWER» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасымен кездесіп, келісімге, жол картасына қол қойды. Біз өз тарапымыздан Алакөл ауданы әкімдігінің қаулысымен жер учаскесін белгілеп, тиісті жұмысты атқардық. Бұл өте ауқымды әрі жауапты жоба болғандықтан, сіздің компания мамандары сол аймаққа барып, белгіленген жер учаскелерін зерттеп, зерделегені жөн болады. Жел турбиналары мен қажетті жабдықтардың қалай, қайда орнатылатынын нақты анықтап, жемісті жұмыс жүргізуге жауапкершілікпен қарауы керек. Бұл жобаға аса мұқият көңіл бөлген дұрыс», деді облыс әкімі Б.Исабаев.
«ACWA POWER» компаниясының ТМД-дағы бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Джай Пракаш ұсынысты қуана қабыл алып, алдағы жұмыс жоспарын жер таңдау мәселесінен бастайтынын айтты. Бұл жұмыстар ауа райына байланысты көктем мезгіліне жоспарланды.
Кездесуге қатысушылар өңірдің экономикасына 883 млрд теңгеден астам инвестиция салынатын осы іргелі жобаны іске асыру жұмыстарын талқылады. Облыс әкімдігі тарапынан заңды түрде қажетті қолдау көрсетілетінін айтқан аймақ басшысы үкіметтік деңгейдегі жобаны іске асыру үдерісін жеделдету қажеттігін айтып, жиынды қорытындылады.
Жетісу облысы