Алғыс айту күні елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностың бір-біріне деген мейрімділік, ынтымақтастық, татулық пен бірліктің мерекесіне айналды. Досым, Парламент депутаты болған, қазір Ұлттық құрылтайдың мүшесі Ахмет Мұрадов бес жылдай бұрын осыдан өткен ғасырдың 40-жылдары жүк вагонына тиеліп, Қазақстанға еріксіз қоныс аударылған чешен отбасының ұрпағы Могамед Эльжуркаевпен таныстырған еді.
Могамед Хамадович қазір бүкіл әлемге белгілі «Волгоградхиммаш» заводының бас директоры болып қызмет істейді. Таныстығымыз достыққа ұласып, жақсы қарым-қатынаста болдық. Могамед досым кездескен сайын атасы Әли мен әжесі Бесиртті 1944 жылғы ақпанның қақаған аязында шиеттей бес баласымен Семей стансасынан түсіріп кеткенде оларды қазақ ағайынның қамқорлығына алып, өздері де жоқшылықтың тауқыметін көріп жүрсе де барымен бөліскенін айтып отыратын. Қазақтың қуғын-сүргінге ұшыраған талай ұлт өкілінің тірі қалып, ұрпағының құрып кетпеуіне жасаған жақсылығын тебірене әңгімелейтін еді. Чешен және ингуш халқы Жоғарғы Кеңестің шешімімен 1957 жылы ақталып, автономиялық республика құрылғанда Могамедттің әкесі Хамад пен анасы Кока 1958 жылы еліне оралады. Могамед Хамадұлы 1961 жылы Чешенстанда дүниеге келсе де, бала кезінен ата-анасының қазақтардың ақ пейілі, кең дастарқаны мен дарқан көңіліне ризашылығын естіп өскен.
Хамад ата балаларына кішкентай кезінен: «Ер жетіп, азамат болғанда қолдарыңнан келсе, Қазақстанға жақсылық жасаңдар. Өйткені біз сол халыққа қарыздармыз», деп айтып отырады екен. Могамед Хамадұлы әке аманатын орындау мақсатында Павлодар облысының аумағынан өнеркәсіп қауіпсіздігін сақтау мақсатында сараптама жүргізетін және өнеркәсіпке сериялы жабдық, стандартты емес жабдықтарды шығаратын заводты өз қаражатына салып, 2022 жылы іске қосады. Бүгінде Могамед Эльжуркаев басқаратын «Волгоградхиммаш» мекемесі – еліміздің басқа да мұнай, газ өңдеу зауытының тапсырысымен тиісті бөлшектер мен жабдықтарды дайындайтын серіктес.
Әр адамның тағдыры – мұхит сияқты терең де алуан түрлі. Үлкен дастан дерсіз. Сол сияқты досым Могамед Хамадұлының ата-әжесінің, әке-анасының басынан өткерген қилы тағдыры – жүрек тебірентетін, өз алдына бөлек, үлкен тарих.
Қиын-қыстау дәуірде, тар жол тайғақ кешкен заманда демеу болып, ұрпағы жоқ болып кетуге таяу қалған шаңыраққа қолұшын созған елді, жерді ұмытпай балаларына қазақ халқының қандай екенін құлақтарына құйып, жүректеріне жеткізіп кеткен Эльжуркаев әулетіне біздің де алғысымыз шексіз.
Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ
Қоғам қайраткері