Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде қазақ, орыс, татар, әзербайжан, қырғыз, өзбек, ұйғыр этносының өкілдері тату-тәтті қызмет етіп жүр.
Елімізде көктемнің алғашқы күнінде аталып жүрген ерекше мереке қарсаңында Отан алдындағы әскери борышын атқарып жүрген сарбаздармен тілдесіп қайтқан едік.
«Қазақстан әу бастан татулық пен достықтың символына айналған бейбіт ел ғой. Соның ішінде біздің әскери бөлімде алғыс айту күні ерекше аталып өтеді. Ел қорғаны болатын қарулы жасақтың бір-біріне деген адал көңілі мен ыстық ықыласы өте маңызды. Бөлімдегі бүкіл тәлім-тәрбие жұмысының іргетасы осыдан басталады», дейді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің офицер корреспонденті, лейтенант Манарбек Бақдәулет.
Біз жауынгерлер арасында әскери борышын өтеп жүрген өзге ұлт өкілдерін көріп, олардың ой-пікірін білуге тырыстық. Алғаш жолыққан ұйғыр жігіті Камалов Юсуф Нұрланұлы 2005 жылы Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Жаскешу ауылында туған екен. Қазір 5517 әскери бөлімінің атқыштар ротасының қатардағы сарбазы. Юсуфтың ата-анасы да, өзі де қазақша еркін сөйлейді. «Достарым да қазақ. Орыс мектебінде оқысам да мемлекеттік тілді бала күннен меңгеріп алдым. Әскерге келгеніме 8 ай болды. Әбден үйреніп қалдым», дейді жас жауынгер. Оның айтуынша, осындай мерекелер, атаулы күндер адамды ойландырып, жақсылықты бағалауға, түрлі ұлт өкілдері арасында сыйластық пен татулықты арттыруға ықпал етеді.
«Осы бір ерекше мерекенің аталып өте бастағанына биыл сегіз жыл болған екен. Бұл халқымыздың ынтымық-бірлігін айғақтайтын ерекше күн. Жалпы, алғыс айту – айтқан адамның да, қабылдаған жанның да жүрегіне ерекше жылу сыйлайтын керемет құбылыс, адамгершіліктің жоғарғы көрсеткіші. Жыл сайын бұл мерекенің мазмұны жаңа оқиғалармен байи түспек. Мен де осы мерекеде өзімнің жылы лебізімді балалық шағымды бірге өткізген достарыма, сыныптастарыма айтқым келеді. Жастық шағымның жылы естелігі болған адал достарым мені әрбір қиын кезеңде жалғыз тастамай, қолдау көрсетіп, биік белестерге шығарды. Әрдайым жанымда демеу болып, өмір атты ұзын жолда серігім болып қазір де бірге жүр. Олардың бәріне алғысым шексіз!», дейді «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің қатардағы сарбазы Фарух Туғалов.
Фарух Насыржанұлы 2002 жылы Шымкент қаласы маңындағы Асық ата ауылында тәжік отбасында дүниеге келіпті. Үйдегі туыстары түгел қазақша сөйлейді. Қазақ мектебінде оқыған, күллі достары қазақ. Фарух өзі оқыған мектеп үйірмесінен домбыраны да үйреніп алыпты. Қазір кез келген отырыста қолына домбыра алса, ел-жұрт аузына қарап қалады.
Дәл осы 5517 әскери бөлімі атқыштар ротасының сарбазы қатардағы Армединов Саид Савердинұлы да ұйғыр ұлтынан екен. 2005 жылы Алматы облысына қарасты Кетпен ауылында дүниеге келген. «Біздің үйде де бәріміз қазақша еркін сөйлейміз. Ауылымызда ұйғыр тілінде білім беретін Мәжәлиев атындағы орта мектепте оқыдым. Достарымның арасында қазақ та, ұйғыр да өте көп», дейді сарбаз.
Бұрын кеңес кезінде «Тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір» деген ұран болатын. Қазіргі жас жауынгерлердің тілі де, тілегі де бір екенін көрдік. Олар бүгінде ел тыныштығының қалқаны болып жүрген Ұлттық ұлан, соның ішінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының ұжымында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүр.
Батыс Қазақстан облысы