• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Қаржы 01 Наурыз, 2024

Төлем қабілетін қалпына келтіру мәселелері

133 рет
көрсетілді

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары мүдделі мемлекеттік органдар және мемлекеттік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Кездесуге қатысушылар азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық саласындағы заңнаманы іске асыру мәселелерін талқылады.

Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов кездесуде 2023 жылғы наурыздан бастап жұмыс істеп келе жатқан «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң өз қарыздары бойынша есеп айырыса алмайтын азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру­ге бағытталғанын атап өтті. Алайда рәсімдер барысында азаматтарға берілген мүмкіндіктерді пайдалануға кедергі келтіретін кемшіліктер бар.

«Заңда соттан тыс және сот арқылы банкрот болу, сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері көзделген. Бұл үш рәсімге борышкердің өзі бастап кірісуге тиіс. Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл рәсімдерде азаматтардың төлем қабілеттілігі мен банкроттығын қалпына келтіруге толық мүмкіндік бермейтін белгілі бір кемшіліктер бар. Оған несие берушілер мен коллекторлардың борышкер туралы несие бюросына берген үстірт деректері негізгі себеп болып тұр. «Кредиторлар тізімінде кейбір қаржы ұйымдарының болмауы, сондай-ақ рәсімдерді қолдану туралы өтініш туралы кредиторларды хабардар ету мерзімінің тым шолақтығы да бар», деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Жиында Қаржы министрлігінің өкілі Қайрат Миятов төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері туралы айтты. Мәселен, соттан тыс банкроттық рәсімінде 9 841 азамат 19,8 млрд теңгеден астам борыш сомасы бойынша банкрот деп танылды, сот арқылы банкрот болу рәсімін қолдану үшін сотқа 2 мыңға жуық азамат жүгінді, ал 4 азаматқа қатысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қолданылды.

Сонымен қатар іс-шараға Әділет министрлігі, Сот әкімшілігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, сондай-ақ «Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы», «Борышкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері қатысты.