1 наурыз – Алғыс айту күніне орай мәдени мекемелер жалпы 514 іс-шара ұйымдастырады. Қазақстан халқы бұл күні қайырымдылық концерттеріне барып, театрландырылған қойылымдар мен көрмелерді тамашалап қана қоймай, түрлі акцияларға да қатыса алады, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанада Қазақстандағы алғашқы көпұлтты «BIRLIK» ән-би ансамблінің тұсаукесері өтеді. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» жанынан құрылған шығармашылық ұжым жанды аспаптық сүйемелдеу арқылы кәсіби деңгейде әлем халықтарының билерін орындайды. Оның мақсаты өскелең ұрпақты түрлі ұлттың өнері мен мәдениетін таныстыруға, ұлттық мәдени кодты және Қазақстанның көпұлттылығы мен бірлігін нығайтуға бағытталған.
Алматыда Мемлекеттік академиялық би театры, Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі және «Қазақстан камераты» классикалық музыка ансамблі қайырымдылық концерттерін өткізеді.
Шымкентте «Алғыс керуені», «Алғыс кеші» іс-шаралары ұйымдастырылады. Сондай-ақ қала кітапханаларында тақырыптық көрмелер мен оқу сағаттары жоспарланған.
Ал Жетісу облысында «Алғысым шексіз» акциясы басталды. Іс-шара аясында барша тұрғындар мен қонақтарға мерекенің символы саналатын құрт таратылады.
Жамбыл облысында «Жамбыл – менің жәй атым, Халық – менің шын атым» республикалық ақындар айтысы, Шығыс Қазақстан облысында «Ақ босаға», «Алтай» би және фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің қатысуымен «Бәріңе алғыс – благодарность всем» мерекелік концерті өтеді.
Абай облысында да қайырымдылық акциялары, тақырыптық көрмелер, кездесулер мен мерекелік концерттер өтеді.
Маңғыстау облысындағы «Бейнеу» аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Алғыс айту күніне орай «Тегін такси» қызметі ұсынылады.
Қазақстанда Алғыс айту күні 2016 жылдан бері аталып өтеді. Ұлттар арасындағы өзара татулық пен мызғымас бірліктің берік дәстүрлерін насихаттау арқылы бұл күннің маңызы артып келеді.