Дубайда өткен АТР-500 турнирінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик табысты өнер көрсетті.
Жарыс барысында ол чехиялық Томаш Махач пен Иржи Легечка және нидерландтық Таллон Грикспурды ұтып, жартылай финалда ТОП-5 теннисшінің қатарындағы ресейлік Андрей Рублевпен жолықты. Олар 2,5 сағат бойы арпаласты. Алғашқы екі сетте 7:6 есебімен екеуі алма-кезек жеңіске жетті. Үшіншісінде Бублик 6:5 есебімен алда келе жатты. Сол мезетте Рублевтің жүйкесі сыр беріп, ол төрешіні балағаттады. Сол үшін де жарыстан шеттетілді. Финалда Булик АТР тізімінде 18-орында тұрған франциялық Уго Умбермен кездесті. Бұл бәсеке қарсыласының пайдасына шешілді – 4:6, 3:6.
Ал үндістандық Анкита Райнамен жұптасып ойнаған Жібек Құламбаева аталған мемлекеттің Гургаон қаласында өткен жарыстың жеңімпазы атанды. Финалда олар Жаклин Кабай Авад (Швеция) мен Юстин Микулскитеден (Литва) басым түсті – 6:4, 6:2.